• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Мақсат – қаржылық бақылау сапасын арттыру

816 рет
көрсетілді

Бес институттық реформаны іске асыру бойынша Ұлт Жос­парын орындау үшін 2015 жылғы қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды, ол ұлттық ресурстардың тиімді басқарылуын арттыру жолындағы жаңа деңгейді білдіреді. Заң және оны іске асыру үшін қабылданған 30-дан аса нор­мативтік құжаттар мем­лекеттік қаржылық бақылауды (аудитті) дамытудың шетелдік тәжірибесін зерделеу және қар­жылық бақылау органдары қызметінің сапасын арттырудың тиімді құралдарын Қазақстанның құқықтық алаңына имплементациялау бойынша Үкімет пен Есеп комитетінің ауқымды бірлескен жұмысының қорытындысы болып табылады. Ұлттық ресурстарды ұтымды пайдалану, қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін оларды сақтау және көбейту мақсатында, заңда қазіргі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының материалдық және адам ресурстарын шоғыр­лан­дыруға ерекше мән берілген. Мемлекеттік аудитке көшу мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы бағытты, яғни формальды түрде айқындаудан бюджет тәртібінің төмен болуына ықпал ететін себептерді тереңінен талдауға ауыстыруды қамтамасыз етті. Мұндай көз­қарас бақылау органдарын жазалаушы құрал ретінде емес, «сырттан қарағанда, өзіндік пікірі қалыптасқан» тәуелсіз аудиторлар, яғни бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актив­терін тиімсіз және негізсіз пай­да­ланудың алдын алудағы көмек­шілер ретінде қарауға мүмкіндік береді. Заң жылдар бойы қолданылып келе жатқан қаржылық бақылау жүйесін жоя алмайды. Заң қол­даныстағы кемшіліктерді жою және жеке компаниялардың ауди­торлық қызметінің құрал­дарын мемлекеттік секторды басқару негізіне үйлесімді сәй­кестендіру жөніндегі жүйелі шараларды қамтиды. Ағымдағы жылдан бастап, мемлекеттік аудит органдары жаңа қағидалармен және тәсіл­дермен жұмыс істеуде, бұл ретте өз жұмыстарын орын алған қаржылық бұзушылықтармен күресуден олардың себептерін анықтап, алдын алуға мүмкіндік беретін ұсынымдар әзірлеуге және мұндай бұзушылықтарды түбегейлі жоюға бағыттап отыр. Мемлекеттік аудитті енгізу жағдайында орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдардың барлығында құрылып жатқан ішкі аудит қызметтерінің рөліне баса мән берілген. Бүгінгі таңда ІАҚ саны 426 қызметкерді (соның ішінде ОМО – 176, ЖАО – 250) құрайды. ІАҚ мемлекеттік аудит органдары жүйесінің негізгі күші сияқты, құрылымдық тұрғыдан алғанда, дербес және басқа бөлім­шелерге тәуелсіз. Бұл мемлекеттік органның ішінде жүргізіліп жатқан үдерістердің тиімділігін, еңбек, материалдық және қаржы ресурстарының ұтымды пайдаланылуын бақылау мен бағалауда бірінші басшыға көмекші құрал болады. Бірінші басшы ішкі аудит қызметтері жұмысының арқасында стратегиялық міндет­терінен ауыт­қымай, өзі жүргізіп жатқан саясатты түзету, оған ведомстволық бағынысты ұйым­дар мен мекеме­лердегі бұзу­шылықтардың жолын кесу жөніндегі шараларды уақытылы қабылдай алады. Заң күшіне енгеннен кейін ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, бюджет қара­жаты мен активтерді пай­да­лану­дың дұрыстығы мен тиім­ділігі мәніне оларды қамтуды бір мезгілде ұлғайта отырып, аудит объектілеріне әкімшілік жүк­темені төмендету мақсаты қойылды. Қабылданған өзара іс-қимыл шеңберінде Есеп комитеті, Қар­жы­лық бақылау комитеті және тексеру комиссиялары ағым­дағы жылға арналған аудит объек­тілерінің тізбелерін бекіту кезінде қоғамда қалыптасқан қаржылық органдар арасында аудит объектілерін формальды бөлу стереотипін бұзуға тырысты. Бірдей мәселелерді тексеруді барынша жоққа шы­ғаратын, жұмыстың функциялық бағыттарының аражігін нақты ажырататын тетік қолданылды. Бүгінгі күні аудит жағдайында біз көбінесе осы мәселе бойынша ортақ жайттарды табамыз, жүргізілген аудит нәтижелерімен және тексеру жоспарларымен алмасу жолға қойылды. Нысанға бір уақытта шыға отырып, бірлескен және қосарлас іс-шараларды жүргізу жөніндегі жұмыс күшейтілді. Осылайша, аудит органдарының бірінен соң бірі бару тәжірибесі жойылды. Заңға сәйкес сыртқы аудит те, ішкі аудит те әдіснамасы мен үйлестірілуі Есеп комитетіне бекіті­лген тәуекелдерді бас­қару жүйесін ескере отырып, жоспарлаудың бірыңғай қағи­даттары мен тәсілдеріне негіз­деледі. Тәуекелдерді басқару жүйесі (бұдан әрі – ТБЖ) халық­аралық тәжірибеде көпшілік секторда да, жеке секторда да кеңінен қолданылады және капиталды басқарудың тәуекелді үдерістеріндегі тексерулерді жүйелеуде өзін көрсете білді. Тиісті нормативтік құжаттар Әділет министрлігінде тіркеліп, барлық мемлекеттік аудит органдарының ағымдағы қызметіне енгізілді. Осындай құралы болған мемле­кеттік аудит органдары құқықтық және экономикалық көзқарас тұрғысынан негізсіз шешімдер қабылдау ықтималдығы жоғары бағыт­тарды қадағалай алады. Осы­лайша, аудит объектісінің қыз­­метіндегі жолға қойылған әрі тиім­ді үдерістерге көңіл бөл­мей, бас­қару менеджментіндегі ықтимал жа­ғым­с­ыз салдарларды азайта алады. ТБЖ аудит мәнін таңдаудың объективтілігі үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, олар­дың ведомстволық бағы­ныш­ты мекемелері және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсеткіш­терінің барынша көп мөлшерін қамтиды, бұл ретте мемлекеттік аудит органдарының ерекшелігі мен функциялық бағытын жоққа шығармайды. Бірінші тоқсан өткен соң осы кезең ішіндегі барлық аудиторлық тексерулер нақты мәселелерге шоғырландыру үшін тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жос­пар­ланғанын, олардың қайта­лануы барынша жойылғанын, аудит объек­тілеріне әкімшілік жүктеме төмен­­дегенін сеніммен айтуға болады. Біздің Үкіметпен бірлескен ортақ күш-жігеріміз мұнымен аяқталмай, жұмыс жалғасуда. Тексерулерді азайту үшін Есеп комитеті ағымдағы жылғы нау­рыз айының соңында аудит нәти­желерін тану жөніндегі ресім­дік стандарт әзірлеп, Әділет министр­лігіне тіркеуге жіберді. Ресімдік стандартта тиісті органдардың сараптамалық-талдау және аудиторлық қызметінің нәти­желерін міндетті түрде өзара тану, бір-бірінің жұмыс нәтиже­леріне құрметпен қарау тетігі көрсетілген. Шетелдердің мемлекеттік бақы­лаудың (аудиттің) жоғары органдарының объективті орын­дылығы мен тәжірибесіне сүйене отырып, ағымдағы жылдан бас­тап Есеп комитетінің қызметінде сараптамалық-талдау қызметіне және заңмен көзделген алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалауға баса назар аударылды. Дәл осы республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау институты басты жаңалық болып табылады. Оны бюджеттің шығыс бөлігіне негізсіз, дәйексіз және сабақтастығын сақтамастан Үкіметтің салған қаражат бағыт­тары мен көлемдерін азайту үшін сыртқы мемлекеттік бақылау (аудит) органдарының басым бөлігі қолданады. Есеп комитеті алдын ала баға­­лау­ды 2017 жылдан бастап н­ә­ти­­же­лері бойынша Үкімет пен Парламентке ұсынылатын қорытынды ұсыным сипатындағы, анық айқындалған өлшемшарттар негізінде шығыстардың негізгі бағыттарына қатысты жүзеге асырады деп көзделуде. Есеп комитетінің пікірінше, мұндай бағалау тек жекелеген инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде олардың бұрын анықталған бұзушылықтары мен нәтижесіздіктерін ғана ескермей, сонымен қатар мұндай жобаларды қалыптастыру сатысында олардың негізділігіне және экономикалық орындылығына сараптауды жүзеге асыратын уәкілетті органдар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін бағалау негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Тек осындай кешенді тәсіл ғана мемлекет қаражатын әлеуетті маңызды бағыттардан бұрып әкетуді барынша азайта отырып, бюджетті жоспарлау деңгейіне және дайындалатын жобалар сапасына жауаптылықты арттырады. Жүргізіліп жатқан жұмыс­тың, мемлекеттік органдар мен ква­зимемлекеттік сектор субъек­­тілерінің жұмысындағы бұзу­шы­лықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде енгізілетін ұсыным­дардың тиімділігін арттыру мақсатында, Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспарының 93-қадамын іске асыру үшін мемле­кеттік аудиторларға жүктелген міндеттердің сапалы орындалуы­на жауаптылықты бір мезгілде күшейте отырып, халықаралық стандарттарға жақындату арқылы оларға қойылатын талаптарды арттыру көзделген. Есеп комитетінің базасында Мемлекеттік аудитор біліктілігін беруге үміткер кандидаттарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің, Парла­мент палаталарының, Үкіметтің, Есеп комитетінің және Қаржы министрлігінің өкілдері енгізілді. Ұлттық комиссияның бірінші отырысын ағымдағы жылғы мамыр айында өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі күнге сертификаттаудан өту бойынша негіз қалайтын нормативтік актілер бекітіліп, оқу бағдарламалары мен емтихан модульдері әзірленді. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жұмыс жасап жатқан қызметкерлері қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Болашақ мемлекеттік ауди­торлардың білімдерін тексеру үдерісін қамтамасыз етуге байланысты техникалық мәселелер шешілгеннен кейін оларды сертифи­кат­таудың белсенді кезеңі басталады. Жыл соңына дейін 2 000-ға жуық аудиторды сертификаттауымыз қажет. «Мемлекеттік аудитор» атағы мемлекеттік қызметшінің жоғары біліктілік деңгейін куәландырып, оны үнемі өзін жетілдіріп отыруға және кәсіби дамытуға ынталандыруы тиіс. Ағымдағы жылғы наурызда жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына «мемлекеттік аудит» мамандығын енгізу бо­йынша Есеп комитетінің бастамасы табысты аяқталды. Осы жылдан бастап Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында студенттердің алғашқы тобын қабылдау жүзеге асырылады. Есеп комитеті өткен жылдың желтоқсан айында Қаржы, Ұлттық экономика, Мемлекеттік қызмет істері министрліктерінің, Бас прокуратураның және тексеру комиссияларының жүйелерімен интеграцияланған ақпараттық жүйені енгізді. Есеп комитетінің ИАЖ базасында құрылатын бірыңғай ақпараттық жүйе басқа мемлекеттік органдардың ведомстволық ақпараттық жүйелерінде қамтыл­ған шағын деректерді тексеру үшін объектіге шығу тәжірибесін жоя отырып, аудит ресімдеріне жұм­салатын уақытты едәуір қыс­қартуға ықпал ететін болады. Ағымдағы жылғы қаңтар айы­нан бастап Есеп комитетінің қызметкерлері ИАЖ-да аудитті жоспарлау мен жүргізуді қамта­масыз етуде. Болашақта ИАЖ-да жинақталған тәжірибе электронды, яғни қашықтықтан жүргізілетін мемлекеттік аудитке көшу үшін алғышарт болады. Заң және оны іске асыру үшін қабылданған нормативтік құжат­тар мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау саласында орын алған барлық жүйелі және ұйымдастырушылық олқы­лық­тарды жоймайтыны сөзсіз. Заңда қойылған мақсаттарға қол жеткізу мемлекеттік аудит жә­не қаржылық бақылау органдары қ­а­былдап жатқан ұйым­дас­ты­ру­шылық және функциялық шара­ларға ғана емес, нормалардың ерекшелігін қабылдау мүмкіндігіне және оны өмірде іске асыруға да байланысты. Юлия ЭНГЕЛЬ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Заң бөлімінің меңгерушісі