• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Адамзат болашағын ойлаған Ердің үндеуі

351 рет
көрсетілді

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ.

Қазақстан мен Орталық Азияны ядролық қарусыз аймаққа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан Елбасы – әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да өзіндік ой-пікірлерін ашық жеткізіп жүрген әлемдегі санаулы қайраткерлердің бірі. Еліміздің осы бағыттағы бірқатар бастамаларының жаһандық деңгейде қолдауға ие болуы Қазақстанға деген үлкен сенімді білдіреді. Біз осы және өзге де мәселелер жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан ЕРТАЕВПЕН қысқаша сұхбат құрған едік. – Елба­сының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің нақ қазіргі кезде жолдануы немен байланысты дей аламыз? – Қай жағынан келсек те, қазіргі ең басты мәселе бейбіт өмірді сақтаумен қабысып жатыр. Адамзаттың ядролық қарудан құтылуына күш салу басты міндет саналады. Осы орайда Қазақстан өз аумағындағы ядролық сынақ алаңын бірінші болып жапты. Сол үшін де дүниежүзі елдерінің бізге деген сенімі артты. Егер тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы тамыз айында Америка Құрама Штаттары Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына плутоний бомбаларын тастады. Соның салдарынан мыңдаған адам қырылып, жапон халқы осы күнге дейін зардап шегіп келеді. Ал 1949 жылғы 29 тамызда ең алғашқы Кеңес Одағының атом бомбасы Семей түбінде жарылған болатын... Осы жарылыстардың салдарынан Қазақстанның бірнеше аймағының тұрғындары әртүрлі ауруларға шал­дығып, әлі күнге дейін зардабын тартып келеді. Алғашқы жарылыстан кейін араға 40 жыл салып нақ сол 29 тамызда (1991 жылы) Семей полигонына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен соңғы нүкте қойылды. Бұл жолы да Елбасы әлемге үндеу тастап, ядролық қарудың қаншалықты зардапты екендігін ескертіп, бұл мәселеде бірлесе әрекет етуге шақырып отыр. Қазіргі кезде әлемде лаң­кестік әрекеттер саны артып келеді. Бұл, тіпті, ядролық терроризмге алып келуі де ғажап емес. Ядролық қарудың лаңкестердің қолына өтіп кетпеуіне ешкім де кепілдік бере алмайтын заман туды. Елбасы манифесінде ядролық жарылыстардың зардабын тартқан қазақ халқының ішкі жанайқайы жатыр. Өйткені, бейбіт өмірді бұзуға онша көп уақыт та кетпейді. Алып деп жүрген Жер шарымыз, былайша қарасаң, кішкентай ғана доп сияқты. Сол өзімен өзі айналып тұрған планетамызды бір демде құртып алуымыз әбден мүмкін. – Иә, сөзіңіздің жаны бар. Дей тұр­ғанмен, сонда адамзат не істеуі керек деп ойлайсыз? – Адамзатқа ядролық қарудан гөрі қаржының көп бөлігін ғылымға жұмсаған тиімді болар еді. Адамды жоюға арналған қару-жарақтарды шығарумен біз мәселені шеш­пейміз. Әлемде орын алып жатқан қақтығыстарды неге әлі күнге дейін тоқтата алмай келе жатқан­дығымыз соның дәлелі бола алады. Егер қаржының басым бөлігін ғылымға бағыт­тап, жаңалықтарды көбірек аша бастасақ, онда мұндай сойқан соғыстар орын алмас еді. Елбасының манифесі де осы бейбіт өмірді орнатуға бағытталған және ол әлем ел­дері тарапынан оң бағаланып отыр.  – Әлемдік қоғамдастық тарапынан еліміз бастамалары үнемі қол­дауға ие екенін көріп жүрміз. Алай­да, толық бағасын ала алмай келе жат­қан сияқты ма, қалай? Сіз осыған не дей­сіз? – Иә, бұл бағытта Қазақстан тарапынан әрдайым көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитке дейін де Елбасы бастамасымен елімізде бірнеше рет ядролық тақырыптарға ар­налған халық­ара­лық ғылыми кон­ференциялар мен дөңгелек үстелд­ер болып өт­кен-ді. Ма­нифест соның барлығын қоры­тындылаған басты құжат бол­ғаны анық. Сөз орайында айта кет­ейін, «Ре­зерв сарбаздары» деген ұйым бар. Оған көптеген мемлекет мүше. Венада өткен сол ұйымның бір отырысында 28 халықтың атынан «Рыцарь мира №1» деген орден тағайындайтын болып келісілді. Соны қай президентке ұсынамыз деген үлкен тартысты пікірсайыс басталды да кетті. Содан не керек, жарыссөзге түсу үшін ырымдап түймешені жетінші болып бастым. Орнымнан тұрған бетте былай дедім: «Қай президент Н.Назарбаев сияқты әлемді күрсінткен Семей полигонындай ядролық сынақ алаңын жауып және барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, үлкен ерлік көрсетті? Бұл қазақ халқының бабаларынан келе жатқан бейбітшілікті сүю дәстүрімен астасып жатқан жоқ па?!». Бір сәт тына қалған көпшілік сөзімді аяқтамай жатып ду қол шапалақтап, мені қолдай жөнелді. Сол мезет барлық ел өкілдері өз қолдарын көтеріп, «Ры­царь мира №1» деген орденді Н.Ә.Назарбаевқа беру туралы менің ұсынысымды қолдап, қаулыға қол қойды. – Содан... – Содан мен барлығын Астанаға шақырдым. Келген мәртебелі мей­ман­дардың арасында қазір марқұм болған Малайзияның бұрынғы қор­ғаныс министрі, генерал-лейтенант Хамид Ибрагимнің «Бейжің Палас» ғимаратының тө­бесінде тұрып айтқаны әлі жадымда: «Сіздердің ел­деріңізден өзімізге таныс көптеген белгілерді көріп тұрмын. Осындай ұтымды шешімдер қабылдаған Прези­денттеріңізге бас иемін. Иә, әріптесімнің сол бір сөзімен келісемін. Елба­сының өлшеусіз үлесі әлі де толық бағаланбай келе жатыр деп білемін. Жалпы, Тәуелсіздік сарайында орденді тапсыру сәтінде 28 ел өкілдері Президентіміз туралы жақсы лебіздер білдірді. Сонымен бірге, Астананы көріп, қазақ халқының бейбітшілікті қасиет тұтатын халық екендігі туралы риясыз көңілдерін де жеткізіп жатты.  – Манифестің БҰҰ-ның ресми құжаты деңгейіне көтерілуі еліміз үшін үл­кен абырой екені даусыз. Сіз нендей пікір қосар едіңіз? – Елбасы біздің бейбіт өмірді қалап отырған жұрт екенімізді және қаһарман халық ұрпағы болып табылатынымызды бүкіл әлемге паш етіп келеді. Сондықтан, бұл манифесті әлемнің тыныштығын, адамзат болашағының жарқын болуын ойлаған Ердің үндеуі деп қабылдаған жөн. Ұлы елдің перзенті көтерген үндеуді бүкіл әлем бо­лып қолдап жатыр. Оның үстіне, жүздеген этнос өкілдерінің тату-тәтті тірлігін қамтамасыз етіп келе жатқан бейбітсүйгіш саясат ұстанатын Қазақстанды әлем танып қалды. Еліміз­дің бейбіт өмір сүруге деген арманын манифест арқылы жеткізіп отырмыз деп білемін.  Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»