• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

«Шын жүректен»

463 рет
көрсетілді

республикалық телемарафоны басталды Кеше «Қазақстан» ұлт­тық арнасында «Шын жүректен» қайырым­ды­лық телемарафоны бас­тау алды. Мейірімділік пен ізгілікті насихаттап, тағдыр талайымен түр­лі дерт­ке ұшыраған сыр­қат жан­дарға көмек қолын созу­ды көздейтін бұл шараға ұлттық арна­ның аймақтардағы тілшілері қосылып, түн­гі 22.00-ге дейін күні бойы тікелей эфир жүргізілді. Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» телеар­на­сы бірнеше жыл қатарынан күн сайын айналасына жақсылық жасайтын адамдар туралы сыр шертетін «Шын жүректен» атты әлеуметтік-қайырымдылық тележобасын ұсынып келеді. Аталған арна ұйым­дастырып жатқан телемарафонда әу баста 4 бала­ға көмек көрсету жоспарланған-ды. Бірақ, қайы­рымдылық ісі тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Бұл орайда «Қазақстан» РТРК» АҚ қыз­меткерлері де қолындағы барын аянып қал­май, әркім шамасына қарай қаржылай көмек көр­сете білді. Ал телемарафон студиясына келген қонақ­тар болса, қалың бұқараға адам баласына жақсылық жасаудың, бір-біріне көмек берудің мән-маңызына тоқталып, ғибратты әңгімелер қозғады. Сондай-ақ, телеарна студиясына қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, БАҚ және қайы­рым­дылық ұйымдарының өкілдері, спортшылар жи­налды. Олардың барлығы да осындай игі бастамаға қолдау көрсетуді жөн санаған екен. Студияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парла­мент Мә­жі­лісінің депутаты, Балалар омбудс­мені Зағипа Балиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин сынды азамат­тар келіп, игі бастамаға ізгі ниеттерін білдірді. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасының мекен­жайына көмекке зәру жандардан өтініштер көптеп түсуде. Күйіп қалып, шетелдік мамандардың еміне зәру болған Полат Бақытжан, Түркияда екі бүй­ре­гіне де ота жасалуын күтіп жүрген Әділхан Мәді­бекұлы, шетелде омыртқасына ота жасатуға мұқтаж Жұмахан Асылов, Ресейде емделуді қажет ететін Әділхан Бейсенбайұлы және басқалар қайрымдылықтан үміт етеді. Бастысы, көмекке зәру жандар үшін ашылған есеп-шот бұқара халыққа үздіксіз таныстырылып жа­тыр. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» Қоғамдық қоры­ның есеп-шотына отандастарымыз молынан қаржы ауда­­ру­да. Қуантарлық жайт, аталған есеп-шотқа түс ауған­ша 5 миллионнан астам қаражат түсіп үлгеріпті. Бұл көрсеткіш әлі де өсе түсеріне сенім мол. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»