• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Жуалы – Мыңбұлақ

1731 рет
көрсетілді

....Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды. Жуалы-Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһан­герлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған. Мәселен, 846-847 жылдары Жуалыда болған араб саяхатшысы Убейдаллаһ ибн Хордабек күнделігінде өңір туралы былай жазыпты: «Испиджабтан (Сайрам) Будухкетке келдік, одан Тамтаджға (Түлкібас), одан Абарджаджға (Мұнарлы төбе) 4 фарсах жол жүріп Жувикет арқылы Таразға жеттік» десе, 1246 жылы Шыңғыс ханның шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүрген римдік Плано Карпини деген саяхатшы мынандай жазба қалдырған: «Бұл жерде біз қираған, талан-таражға түскен көп қақпалы сарайлары бар сансыз қалалар мен қаңыраған бос көптеген елді мекендерді тап­тық». Осы деректерден-ақ осы өңір­дің мәдениеті мен эконо­микасының шам­шы­рағы болған бекініс­тер мен қала-қорғандар көп орын тепкенін, халқын Шыңғыс хан аяусыз қырғанын аңғаруға болады. Тек Жуалы жерінде Жуакент, Баркубас, Абарджадж, Ақса­­рай, Шақпақата, Бақаата, тағы басқа қамалдар мен бекіністер, қалалар мен қорғандар болған. Табиғаты ғажап өңірде қала салмау, хандар жаз жайлау етпеу мүмкін емес. Алатау мен Қаратаудың Құлан, Борал­дай, Бөкей, Ақшоқы, Арқарлы, Қошқарата, Ақсу-Жабағылы, Берікқара сілемдері қоршаған көк майсалы аңғар мен шалқып жатқан Билікөл кімнің болса да көзінің құртына айналған. Жуалы жері шапқыншылық кезінде жаудан қорғанар берік қалқан болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойкелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Тілеуке, Қожық, Құттық, Онбай, Бердіқожа, Байдәулет, Есір­кеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқан, тағы да басқа батырлар мен дуалы ауыз бабалар мекен еткен, табандары тиген. Күні кеше ғана Байзақ, Батырбек датқалар, олардың ұрпақтары – Ақмолда мен Мақұлбек қазақ халқының бірлігі үшін шайқасқан, күрескен. Қолбасшы Бауыржан Момышұлының інілері, генералдар – Тәттібай Дүйсебаев, Есен Деме­сінов, Тілепалды Ибраев, Бақыт­жан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диқанбек Сатылғанов, Владимир Тегубенко, Димитрий Кавешников, Александр Тромбачев сынды азаматтар Жуалыдан ұшқан сұңқарлар. Айта берсе тағылым болар тарих, үлгі болар ел азаматы көп. Бүгінгі күні батырлар ұрпағы – қа­зақ­тың төлқұжатына айналған аталары – Тұрар Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның мәңгілік өсиеттерін ұран етіп, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы биік желбіреуі үшін еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Күйік пен Шақпақ асуларының арасында, Теріс өзенінің Шақпақ, Ақсай, Көксай, Бақаты, Боралдай саласы мен батысқа қарай ағатын Қошқарата өзендерінің жағасында, таулардың баурайында егін салып, мал өсіруде. Өзін жуалылықпын деп есептейтін Шыңғыс Айтматов 1969 жылы «Правда» газетінде туған жері туралы былай толғады: «Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Өмірдің шартарапқа сүйреген жолы мені Жуалыдан бірте-бірте алыстата берді. Одан алыстаған сайын, Ақ бидай өлкесіне деген сағынышым күшейді. Орақ науқанын сағынған кезде есіме сол өлке түседі. Алыс жерлер мен теңіздерді басып өтіп, бөтен елдерге сапар шеккенде де бүкіл Орталық Азияға әйгілі қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп, қуантады. Сол ән осы Ақ бидай өлкесі – Жуалыда туған ғой деп ойлаймын...». Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен де, батырларымен де, мың бұлағымен, сұлу табиғатымен де, тарихымен де қазақ еліне ертеден-ақ белгілі болған. Жуалының солтүстік шығыс жағында Билікөл бастаған кішігірім бірнеше көл бар. Екі Ақкөліңізге жалғасқан Жартас, Күйген, Ащыкөл, Таскөліңіз бен Қызылкөліңіз осы Билікөлден бастау алып жатқандай көрінеді. Себебі, үлкені де, суының тұщысы да осы көл. Алатау мен Қаратаудың мың бұла­ғынан нәр алып жатқан Билікөл суының емдік қасиеті туралы ертеден-ақ айтатындар көп болған. Теңіз деңгейінен 500 метрдей биіктегі көлдің айналасы суы шипалы бастауларға толы. Буырыл мен Берікқара баурайларынан атқылап жатқан бұлақ суы шынында да ерекше екенін сараптама жасаушылар жиі айтады. Билікөлдің айналасындағы бастау­лардан шипалы су өндіргендер де аз болған жоқ. Әулиебастау деп аталатын ортағасырлық қала орнының жанындағы қайнар суы республикаға белгілі. Ал көлдің жаға­сындағы Қарабастау ауылының нәрі болып отырған бастау суын көпшілік біледі. Мұнда қысы-жазы суын ішіп, шомылатындар бір үзілмейді. Бір ауылға нәр беріп отырған судың шипалық емі туралы сараптау орталықтарынан қорытынды алған кәсіпкер жігіттер шипалы су өндірмек болғанын да ауыл тұрғындары жақсы біледі. Тастай суық, таңдай тамсандыратын шипалы су бір ауылдың нәріне айналған. Осы ауылда сары ауруға ұшыруашылар ілуде біреу болатындығы – олар тұтынатын Қарабастау суының тазалығында болса керек. Кезінде ақ сазандары мен бақадай шулаған көп балығы береке басы болғанын да ел ұмыта қойған жоқ. Ертеректе Әулиекөл деп аталатын Билікөлдің айналасында тарихи орындармен бірге мемлекеттік қорғалымға ие болған сұлу, қайталанбас табиғаты бар. Мәселен Берікқарада ғана өсетін терек, алма, пісте, қызғалдақтың өзгеше түрлері, рауғаш еліміздің Қызыл кіта­бына енген. Билікөлдің солтүс­тігі­нен келіп құйылатын Асаның тоғыз тарауы, ертеректе бояу өндірген Жосалы, құпиясын бүгіп жатқан сақ қорған­дары, сұлулығы мен берекесі мол Шыбық­бел мен Ақой, жерасты жолы сияқты тарихи орындардың сыры әлі толық ашылған жоқ. Сыры ашылмаған, Билікөл атауының қайдан шыққаны туралы да тап басып айту қиын. Аңыз бойынша ертеректе тап осы Билікөлдің жағасында өңірдің билері бас қосып, түйінді мәселелерді шешеді екен. Бұл жерде шешілмей кейінге қалатын іс болмапты дегенді айтады. Тіпті, билердің басқосуында бір-біріне қарсы тұрған елдердің мәселелері де талқыланып, шешімін тауып жатады екен. Билердің дұрыс шешім қабылдауына Берікқарадан соққан самал жел мен көлдің шипалы суы әсер етіпті деген аңыз да бар. Аңыз шындыққа негізделетіндігін еске алатын болсақ көл киесі құдіретті екені анық. Сондықтан да, көлдің атауы «Биліккөл» немесе «Билеркөлі» деген сөздің өзгеруінен пайда болса керек. Жуалыны қақ бөліп шығысқа, тау-тас­ты бұзып, ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыр-адырлы, қыры мен сайы көп таулы даланы Қошқар­ата немесе Боралдай өңірі деп атайды. Тарихшылар мен жағрапияшылар бұл өлкедегі Үшаша (Үшқоспа, Үшащы), Қостұра, Боралдай, Жолбарысқамал, Ордабасы (немесе Кіші Ордаған, Үлкен Ордаған), Қызтоған, Қалмаққырған, Күреңбел, Садырқамал, Кәріқорған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Төңкөріс, Қаратас деп аталатын тарихи жер атауларының барлығы да Қош­қа­рата өңіріне жатады. Бұл жерлердің басым көпшілігі Көсегеннің көк жо­лының бо­йында жатыр. Қырғыздың Күр­кіреусуынан жететін жол Бақаатаны, яғни, Бақааты қиялап өтіп, Аралтөбе, Қошқарата арқылы Шаянға, одан әрі Бетпақдаланы басып, Ұлытауды бетке алады. Жуалы жерінде «ата» деген толық­тауышпен аяқталатын үш жер атауы бар. Олар – Шақпақата, Қошқарата, Бақаата. Рас «Бақаатаны» «Бақаты», «Бақатей» деп те атайды. Жуалы жерінен бастау алатын «аталар» Әулиеатаға, одан соң сонау Балқаш көлінің жағасындағы Бектауатаға жалғасады. Жал­пы, тіл білімінің кейбір ғалым­дары­ның айтуынша «ата» деген сөз бұл жерде жасқа немесе әулиелі жерге қосылған анықтауыш емес екенін айтады. «Ата» сөзі «биік», «асқар» деген мағынаны білдіретін сияқты. «Қошқарата» деген атаумен аталатын жер Қырғызстанда, Маңғыстауда бар. Барлығы да Қошқаратаны әулие санайды. «Қошқарата» қой атасы дейтіндер де бар. Бұл жылқы пірі Қамбарата, сиырдың пірі Зеңгібаба сияқты дегенді алға тартады. Алайда, қойдың пірін «Шопаната» деп атайтынын еске алсақ, бұл атауды малмен сабақтастырудың қажеті жоқ. Бұл жерде «Қошқарата» деген сөз батырлықтың, қасиеттіліктің үлкені, ірісі, биігі, асқары деген мағынаны білдірсе керек. Түркі, оның ішінде қазақ батырларының, қолбасыларының дулығаларында немесе ою-өрнектерінде қошқар мүйіздің болуының да осы ойымызбен сабақтасар бір сыры бар. Жуалының Шақпақата асуындағы құс жолымен қапталдаса орын тепкен Ақсу-Жабағылы қорығы табиғаттың тау­лы өңірінің бар ғажайыбын жинаған. ...Сеңгір – сеңгір тау. Жылдағыдай емес биыл қуаңшылық болған соң Алатаудың басында қар да қалмапты. Алыстан көзге түскен тау басындағы қар қабыршықтанып қарауытыпты.Тауға көтерілген сайын жер бауырлап жатып алған бұлтқа жақындай түстік. Терең құзды жағалап, бір аяқ жолмен жүріп келеміз. Төменге қарауға жүрегіміз дауаламайды. Ақсу өзені терең сайдың табанында балқып, ағып бара жатқан қорғасындай көзге түседі.Мұнда Орталық Азия тауларында кездесетін аң-құс та, өсімдік те түгелімен бар. Тау табиғатының інжу-маржаны осы жерде. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында Ақсу және Жабағылы, Жамбыл облысы өңірінде, Тобышақты, Ақсай мен Көксай өзендері қорық аумағындағы мұзаттардан басталады. Бұл өзендердің тастай әрі мөлдір суы жаныңызды рахатқа бөлесе, тәніңізге қуат беретін саф ауасының шипалық қасиеті қандай десеңізші! Тобышақты табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жуалы өңірінде осы Тобышақтыдай қалың тобылғы өсетін жерді кездестіре алмайсыз. Ертеректе жылына бір рет қолөнершілер осында келіп, сабау, қамшы сап, шоқпар дайындап, майда бұтақтарын қымыздың күбісін ыстау үшін алып кетеді екен. Біз тағы төмен қарадық. Тау мен тасты бұзған су Ақсу өзеніне ұласқан. Өзен­ге дейінгі жарқабақтарының биік­­ті­гі 500 метрден 700 метрге дейін жете­тін­дігін іштей болжап келеміз. Тік құздар­ды қақ жарып ағып жатқан өзенге бару мүмкін емес. «Балықшының аты шөл­деп өледі» демекші, біз де табиғатты қызық­тап, сарқырап ағып жатқан өзеннің жаға­сында келе жатсақ та шөлдеп барамыз. Шаңқ-шаңқ еткен дауысқа елеңдеп бәріміз көкке көз тастадық. Шыңның ұшар басында қалықтап жүрген бүркітке көзіміз түсті. Тағы да шаңқ етті. Қанатын жайып, толған айдың суретін салып, бір сызықтың бойымен екі-үш рет айналды да төмен қарай құйылды. Бейнебір найза іспеттес, қанатын жинап, тұмсығын соза түсіп, зулады. Оның одан әргі қимылын биік жартас қалқалап көрсетпеді. Мүмкін жемтігін іліп, тояттаған болар. Мұнда құстың түрлері өте көп екенінен бұрыннан хабардармыз. Қорықтың батыстан басталар тұсы Шақпақ асуына жақындағанда құс төмендеп ұшып, тауға көтерілген сайын ақ басты Алатаудың асуынан асып, жылы жаққа қанат қағатын құстың да көп екенін Жабағылы ауылындағы қорықтың музейін аралағанда қаныққанбыз. Мұн­дағы үлкен құстармен бірге суыққа төзімді қарқазысы, торғай сияқты құс аз емес. Тастан тасқа, құздан-құзға секіретін ай мүйізді арқар мен сақалы желп-желп еткен тау текесін, елеңдеген елігін, қор­ба­лаңдаған қоңыр аюын, қор­сылдаған қабанын көрсеңіз – табиғаттың тамашасы осында екеніне кү­мән­­сіз сенесіз де, әсем­дік пен табиғилыққа құлай ғашық боласыз. Табиғаты адам әре­кеті­мен бұзылмаған Ақсу-Жабағылы қорығы 1926 жылы қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған. Орман маманы Тұрар Рысқұлов табиғат­тың қасиеті мен таңға­жайып­тарын өте жақсы білген. Табиғатты аялау, оның заңдылық­тарын өмірмен байланыстыра білу, ғажайып­тарынан сабақ алу Тұрардай сұңқардың өмірлік ұста­нымы болғанын оның шығарма­ларынан байқауға болады. Сондықтан да туған жердің керім табиғаты мен аң-құсын сақтап қалу үшін сол бір қиын қыстау кезде қорықты құру аса қажет екендігін дәлелдей біліп, жеңіске жеткен. Қорықты құру мақсаты табиғаттың бастапқы қалпын сақтау және өсімдіктер мен аң-құс дүниесін зерттеу мен қорғау болған. 8000 мың гектардай тау алқабын алып жатқан қорықтың адамның аяғы көп баса бермеген өңірінде аң-құс еркін жүріп, тау шатқалдарына ұя салады, өсіп, өнеді. Мұнда жаз айларында ғана мұзарттардың еруінен пайда болатын жиырмаға жуық көл бар. Көлдердің суы өте мөлдір әрі суық. Қорық Жамбыл облысының Жуа­лы және Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудан­дарының жерін алып жатыр. Ол 1100 метр биіктіктен басталып, 4236 метр болатын Сайрам шыңына дейін созылған тау қыраттарында орын тепкен. Ауа райы құбылмалы. Қазір қорықтың ең биік шыңы Сайрамға көтерілген саяхатшы табиғаттың ғажайыптарының куәсі болатындығы сөзсіз. Бір күнде жылдың төрт мезгілін басыңыздан өткізуіңіз әбден мүмкін. Найзағайы шатырлап, құйындата, селдете жауын жауса, артынша жарқырап күн шығады. Көп уақыт өтпей жапалақтап қар жауа бастайды. Ғажап! Сонымен бірге, ыстығы мен суығы да тез алмасып отырады. Жаз айларында 38 градусқа дейін ыстық болса, қыста 41 градус аяз болады. Соған қарамастан, әлемнің және еліміздің Қызыл кітабына енген, тау шатқалдарынан пана тапқан жан-жануар, ауа райына бейімделген өсімдіктер өте көп. Еліміздің тәжіне айналған тау барысы қорықтың Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жерімен шектесер тұстарын, Тәңіртау – Алатаудың биік құздарын мекен еткен. Барыс еліміз­де Ақсу-Жабағылыны айтпағанда, бір-екі жерді ғана мекен ететінін еске алатын болсақ қорықтың құндылығы арта түседі. Жануарлардың –52, құстың 267 түрі кездеседі. Сонымен бірге, 1200-ден аса өсімдік өседі. Оның арасында дәрі-дәрмектік шөп те өте көп. Ағаштың – 25, бұталы өсімдіктің 65 түрі бар. Біз алаң­қайдағы керемет көріністерді тамаша­лап тұрып қалдық. Бояуы қанық неше түрлі гүл самал желмен мың бұралады. Ғажап! Табиғат және оның барлық байлығы адам баласына ортақ емес пе?!. Сондықтан да Ақсу-Жабағылыда ұштасар үш мемлекеттің қорық қорғаушылары табиғат байлығын бірлесе қорғайды. Ол үшін арнаулы бақылау-шекаралық тұрақтар орналасқан. Жуалының шығысында да, батысында да асу бар. Оның батысындағы Шақпақ аты қосарлана аталатын асу, жел, өзен, ауыл, станса, орта ғасыр қаласы, әулие үңгірі бар. Киелі жердің мінезі де ерекше. Көктем мен жазда арагідік болмаса салқын самал соғып тұрса, күз бен қыста бұл самалыңыз атқұлағы көрінбейтін алай-түлей боранға ұласады. Апталап соғатын боран асу бермей ышқына соға беретіні бар. Ауа райының осындай күндерінде жерұйығын іздеп жүрген Асан қайғы атамыз Шақпақтың боранына тап келіп, Түлкібасқа көтеріле алмай жатып қалса керек. Сонда атамыз; «Аспаның қайқы, жерің дөң, мінезің өр екен» десе керек. Теміржол мен тас жолдың бір-біріне жақындасар жерінде құс жолы да тоғысады. Теңіз деңгейінен бір жарым шақырым биік Шақпақата асуы­нан пойызыңыз да, машинаңыз да қинала, күшене көтерілсе, аспандағы құсы­ңыз да осы тұста жер бауырлай ұшады. ...Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс Жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды. ...Құс жолы... осы жерде орманның шетінде орын тепкен орнитологтар стансасының қызметкерлері тө­мен­деп ұшып, торға түскен қанаттыларға сақина салады. ...Сақиналы болған ақтамақ қарлығаш бірден көкке көте­рілді. Бостандық деген қан­дай ғажап! Қараңызшы, қара­ңыз­шы, қанатын талмай қағады... Әуелеген құсты өзіне табын­дырған, саясына аялдатқан, алыс сапар алдында қуат берген Жуа­лы жерінің тартылыс күші ғажап!!! Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, журналист,  Жуалы ауданының құрметті азаматы Жамбыл облысы