АСТАНА. 1 мамыр. Бүгін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осыған орай республикамыздың барлық аймағында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақстандықтар татулыққа бастайтын айтулы мерекені тойлайды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
1 мамыр мерекесі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы Жарлығы бойынша жыл сайын кең көлемде тойланады. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс айрандай ұйым отырғандықтан, бұл мерекенің мемлекет үшін орны ерекше.
Бүгінде көптеген ұлыстардың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі.
Айта кетейік, қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай бауырына басты. Осылайша, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Сондықтан да бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрам әр өңірде ерекше тойланады.
Талғат Райымбек.
Дерек: egemen.kz.
Фото: otyrar.kz.