Қазақстан Парламентіне – 15 жыл
Тамырын тереңнен тартқан, ғасырлар бойы дала демократиясы мен еркіндік сезімінің құндылық белгілерін сақтап келген, бастауын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» сияқты көне заңдардан алатын Қазақ елінің заң шығарушылық қызметінің қалыптасу жолы жеңіл болды деп ешкім айта алмайды. 1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ерекше рөл атқарғаны баршаға белгілі. Нақ осы жылы Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, Қазақ КСР Президентінің қызметі тағайындалды. Еліміздің Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ кеңестік социалистік республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдап, тұңғыш рет еліміздің халықаралық құқық субъектісі ретіндегі мәртебесін айқындап берді, азаматтық институт, сондай-ақ меншік нысандарының тең құқылығын енгізіп, аумақтың бөлінбейтіндігін және оған қол сұғылмайтындығын жария етті. КСРО күйрегеннен кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жария еткен де, Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдаған да осы он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес болды. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды. Алайда, осы реформалар республикалық билік органдарының, бірінші кезекте, өкілді органдардың оралымсыздығын ашып берді, өйткені олар жедел өзгеріп жатқан өмірге ілесе алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болып шықты. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген құрылымдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажеттігін дәлелдей түсті. Сөйтіп, он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратып тынды. Осыдан кейін сайланып, 1994-1995 жылдары депутаттары тұрақты негізде жұмыс істеген Қазақстанның тұңғыш кәсіби Парламенті деп саналатын он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес қазақстандық парламентаризмнің даму жолындағы маңызды бір кезеңі болды десек, қателеспейміз. Бұл Жоғарғы Кеңес өз қызметіне мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі кезеңінде кіріскен еді. Содан да ол Қазақстанда парламентаризмнің одан әрі дамуына алғышарттар негізін салғанмен, көп қиындықтарға кезікті. Жоғарғы Кеңестің сол кездегі Төрағасы Әбіш Кекілбаевтың: «Кәсіби Парламент бізде ешқашан болған емес және біз сынап көрулер және қателіктер әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр болдық... Жаңа мәртебе иеленген Жоғарғы Кеңес өкілеттіктерінің айқындалуы біртіндеп жүріп жатыр», деген сөздері де осыны аңғартады. Сірә, аталмыш Жоғарғы Кеңестің бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылғанының, мерзімінен бұрын таратылғанының астарын осыдан іздеу жөн сияқты. Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар қабылдап, Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы болып табылатынын бекітіп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратын Парламент өмірге келді. Бұдан біз қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу жолы күрделі болғанын, парламентаризм талабына, табиғатына сай келмейтін қоғамдық сана мен саяси практикадағы үстірт көзқарастар мен пікірлерді еңсерудің оңайға түспегенін, Қазақстан Парламенті қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға қабілетті саяси-демократиялық институтқа тек тәуелсіздік жылдары ғана айналғанын аңғарамыз. Он бес жыл тарих үшін көп уақыт емес, қас қағым сәт. Осы уақыттың ішінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан Парламенті іс үстінде қалыптасып, кемелденді, сындарлы тәжірибе жинақтады, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тілімен айтсақ, еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдайтын деңгейге көтерілді. Алғашында Мәжiлiс 67 депутаттан сайланса, кейін 1998 жылғы конституциялық өзгерістерге орай 77 болды, ал 2007 жылғы мамырда жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 парламентшіден тұратын болды. Олардың 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері болып табылады. Бірнеше партия додаға түскен соңғы сайлау «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының айқын жеңісімен аяқталды. Басқа партиялардың бірде-біреуі 7 пайыздық кедергіні еңсере алмады. Нәтижесінде нұротандықтар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Содан ба екен, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде Мәжілістің сапалық құрамына күмән келтіргендей сыңай танытып, жаңадан сайланған депутаттарды орынды-орынсыз іліп-шалып жатты. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Жаңадан сайланған Мәжіліс саяси жүйенің құрамдас бөлігі ретінде өзі де жаңаруға түсіп, бүкіл қызметін, әсіресе, негізгі функциясы – заң шығару ісін қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы күрделі, өскелең талаптарымен үйлестіре білді. Мәжілістің соңғы сайлауында 39 депутат өз мандаттарын сақтап қалса, 43 адам мемлекеттік басқару органдарынан, 8 адам бизнес құрылымдарынан, 8 депутат білім, ғылым және мәдениет саласынан келді. Ал мамандықтарына келсек, шаруашылықтың барлық салалары қамтылған деуге болады: депутаттардың арасында инженерлер де, заңгерлер де, экономистер де, дәрігерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері де бар. 11 Мәжіліс депутаты ғылым докторы болса, 10 халық қалаулысы ғылым кандидаты. Жаңару мен дамудың жаңа стратегиясын жүзеге асырып жатқан еліміздің басқару жүйесінің алдында тұрған қазіргі кезеңдегі басты мәселе – қоғамды кешенді түрде жаңарту-жаңғырту десек, бұл міндеттердің ойдағыдай шешілуін Парламенттің сан салалы қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өмір еліміздің дамуы Парламенттің заң шығару қызметіне байланысты екеніне, еліміздің демократиялық-саяси жаңару үдерісі аясындағы сан қырлы күрделі проблемаларды заңнамалық тұрғыдан реттеуде Парламенттің заң шығарушылық рөлі мен салмағы арта беретініне көз жеткізіп отыр. Өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдеп отырған Парламенттің жемісті қызметі туралы мысалдарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2010 жылғы 1 қыркүйекте Парламентте Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі сессия аралығында атқарылған істерге тоқтала келіп: «Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған», деп депутаттарға ризашылығын білдірді. Үшінші сессияның қорытындылары заң шығарушылық жұмыстың сапасы арта түскенін көрсетті. Барлығы 148 заң қабылданды. Еліміздің құқықтық базасы құқық қорғау органдарын реформалауға, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заңдармен нығайтылды. Осы кезеңде Парламент Қазақстан қол қойған 35-тен астам халықаралық құжатты ратификациялады. Өткен жылдың ерекше бір жаңалығы – Қазақстан Беларусь және Ресей мемлекеттерімен бірге Кеден одағына мүше болып кірді. Осы маңызды оқиғаға байланысты Парламент қысқа мерзім ішінде 35-тен астам келісімді заңдық тұрғыдан бекітіп, Кеден одағы аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру үшін құқықтық база жасады. Сын сағатта осылай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдаудың, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қолға алудың, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және бизнес бастамаларын қолдау, агроөнеркәсіп саласын қаржымен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырудың нәтижесінде ел экономикасы қарқынды дамып, дағдарыстан кейінгі кезеңге батыл қадам жасадық, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Міне, осылардың бәрі жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстанды одан әрі кешенді дамыту жөніндегі аса күрделі міндеттердің нәтижесі мен сапасы, сайып келгенде, мемлекеттік басқару институттары, олардың ішінде Парламенттің қызметіне тікелей байланысты екендігінің, еліміздің жоғары заң шығарушы органының уақыт алға тарқан қиыншылықтардың бәрін халқымен бірге бөлісіп келе жатқандығының айғағы. Парламент Мәжілісінің депутаттары негізгі ішкі жұмыстарымен қатар, халықаралық және парламентаралық қызметті де белсенді жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезеңінде ерекше сипатқа ие болғанын айту ләзім. Депутаттар әр сәрсенбі сайын Мәжілістің жалпы отырысының басында өздерінің сауалдарын жария етеді. Үстіміздегі сессияның алғашқы үш айында ғана олар түрлі мемлекеттік құрылымдардың басшыларына 237 сауалдар мен үндеулер жолдады. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі Мемлекет басшысының төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің ІV сессиясының ашылуында депутаттардың алдына қойған және жыл сайынғы халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді шешуге бағытталған. Парламенттің регламентіне сәйкес депутаттар тоқсан сайын аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездесіп тұрады. Ондағы басты мақсат – халықты жоғары өкілетті орган, үкімет тындырып жатқан істерден хабардар ету. Осы кездесулердің барысында халықтың талап-тілектеріне де айрықша көңіл бөлеміз. Сондай-ақ олар көтерген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді басты міндетіміз деп білеміз. Уақыт Елбасымыз ұстанған бағыттың дұрыс екенін дәлелдеп берді. Қазақстан санаулы жылдардың ішінде дүние жүзіне танымал әлеуетті елге айналды. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Азия елдері арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік еттік. Осы беделді Ұйымның Астанада өткен Саммиті де еліміздің абырой-даңқын асқақтата түскені даусыз. Дегенмен, қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Президентіміз атап көрсеткендей, «Қазақстан Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеуге тура келеді». Миллиондаған азаматтар өзінің азаматтық белсенділігін танытып, жаңа индустриялық Қазақстанды тұрғызуға қатысу үшін ұмтылуы, іспен айналысып, елдің дамуында өз орнын табуы керек. Еліміз үшін мәртебелі, сонымен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтін осындай айрықша ауқымды істерден заңнамалық қызметі арқылы ұдайы халықтың мүддесін білдіріп, қорғап келе жатқан Парламенттің де шет қалмайтынына сенім зор. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.
•
25 Қаңтар, 2011
Басты мақсат – ел мүддесіне қызмет ету
723 рет
көрсетілді