[caption id="attachment_39985" align="alignnone" width="560"] Сурет: today.kz[/caption]
Қытайдың Бейжің қаласынан Астанаға екі жас арнайы некесін қидыруға келді. Екеуі де қаракөз қандастарымыз. Үйленіп жатқан жігіт Бейжің қаласындағы Ұлттар радиосының «Қазақ радиосы» бөлімінде ұзақ жылдар бойы аға диктор болып қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз Қызырбек Жанасылдың баласы екен.
Әкесі баласының некесі туған елінің астанасында қиылғанын қалапты. Неке қию кезінде барлық әдет-ғұрыптар жасалып, «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы Құзар Қызырбекұлы мен Алтынай Сәбитжанқызына батасын беріп, шаңырақтарының биік болуын тіледі. Екі жастың шаңырақ көтеруіне мешітке бес уақыт намазын оқуға, Құран оқытуға келген жүздеген адамдар куә болды.
– Біз Бейжіңнен Астанаға некемізді қидыруға арнайы келдік. Туған еліміз, атамекеніміз болған соң өмірдегі ең жауапты да қуанышты күнімізді Астанада өткізгіміз келді. Бізге мешіт керемет әсер етті. Бұл жерде мешіт имамдарының уағыздарын тыңдадық, – деді жастар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»