• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Мезгіл әуендері

456 рет
көрсетілді

Қазақ елі Адал болса қасымда жан-серігім, Ақтармын деп ойлаймын ел сенімін, Қаһарымнан қас дұшпан қаймығатын, Мен, өйткені, Еділдің семсерімін.   Түспесін деп тілесем жатқа күнім, Сескенбесем иісінен оқ-дәрінің. Ата-баба қаны бар тамырымда, Алпамыс пен Қобыланды шоқпарымын.   Айыратын ұлысы, ұрысы кім, Берекесін сақтаған ұлысының, Қаныпезер жауының мысын басқан, Бейбарыс пен Сырымның  қылышымын.   Қырау қонып үстіне кірпігімнің, Аузын талай бітесем жыртығымның, Қарсы келген дұшпанға кезелетін Абылай мен Кененің мылтығымын.   Ақтарсам да елімнің қай ғасырын, Сырын білсем дұшпанның айласының, Қастасқанды түйрейтін қақ жүректен, Наурызбай мен Есеттің найзасымын.   Тарих қалса астында белесімнің, Не дайындап тұр екен келесі күн?! Көздегенде  мүлт  кетпей  тигізетін, Исатай мен Махамбет жебесімін.   Ашып айтсам киесін қазағымның, Бетіне айтсам бар мінін жазалының, Суарылған бірде  у, бірде балға, Мен, өйткені, ақынның қаламымын.   Қазақ елі – түлікке өріс толған, Қыдыр дарып, береке, ырыс қонған. Асқар таулар, кең жазық, шалқар көлдер Бабамызға ежелден қоныс болған.   Қиқу салып ұлдары ат шаптырған, Кесте тігіп қыздары, сырмақ сырған. Жер атауы ерлікті әйгілеп тұр: Орыскескен, Жауқашқан,  Қалмаққырған.   Кездейсоқта бөріге талансақ та, Қылыш – қында, жебелер – қорамсақта. Тұрғанда да қазағым айбынымен, Туған жерін қала алған аман сақтап.   Дұшпан келсе, сескеніп, шегінбеген, Айтысқанда ешкімнен жеңілмеген, Ұлтым менің ұйыған сүт секілді, Сабасынан асса да төгілмеген.   Шүкір қылып, жоғалтпай қанағатын, Көпшілікке білдірмей жаманатын, Өліп бара жатса да, сағы сынбай, Келешекке қалдырған аманатын.   Кейбір ұлттың бізден де бағы басым, Өткен күнді кей кезде сағынасың. Төкпей-шашпай қолға ұстап тұрсақ болды, Елім менен жерімнің қазынасын.   Ағаш  туралы толғау Өмір деген осынау – тұтасқан бір ну орман, Көшеттер көп көгерген, ағаштар бар қуарған. Үйеңкі мен мәжнүнтал, жөке менен қара ағаш Жатқан малдай қоралас өскен екен аралас. Өну, өсу, өркендеу – тіршіліктің  мақсаты, Бұтақтары көп болып, қалса болды жақсы аты. Көпті көрген, өткерген, көп жасаған еменнің Тастай қатқан тамыры, көкірегі – шемен-мұң. Жапырағы жайқалып, биік өскен қарағай Теміржолға төселер жағылған соң қара май. Өзі кербез, өр кеуде, ақ балтырлы қайың да Күзгі салқын келгенде салынады уайымға. Қысы-жазы орманда жайнап өскен шыршаны Кеседі екен кей адам болады деп үй сәні. Көктеп шықса құлпырып майысатын тал-шыбық Долы дауыл соққанда қалады екен жаншылып. Көздің жауын алатын не бір әсем гүлдің де Үзілген соң хош иісі азаяды, білдің бе?! Егер жеміс ағашы төгіп жатса жемісін, Ол сыйлығы Алланың жарататын ел үшін. Үйеңкінің түбінен ойып алған кей ағаш Қобыз болып жарытпас, домбыраға жарамас. Көргендер де бар бүгін бағы жанған қурайды, Сыбызғының сазды үнін жұрт сүйсініп тыңдайды. Бөренені ағын су кетсе төмен ағызып, Кепкен бұтақ болады ошақтарға тамызық. Құрық болар – иілсе, таяқ болар – сүйенсең, Ағаш даңқын ендеше көкке көтер, Өлең, сен! Керегесі – ағаштан, шаңырағы – ағаштан, Қазағымның ежелден Алты Алашта бағы асқан. Қымыз құйған шүпілдеп қолдағы ағаш тостаған Дос көбейтіп, халқымды жақсылыққа бастаған. Сипаттауға сөз жетпес айтсам-дағы қанша мен, Тістің өзін қазағым тазалаған аршамен. Тербетеді аналар сәбидің тал-бесігін, Шебер қашап жасайды үйдің көсік, есігін. Балалардың ең алғаш мінгені де ағаш ат, Сол ағаштан жүрміз біз көпір салып, қала сап. Оттың басын қарық қып, көркіне сай жарасқан, Кітап сөрең, төсегің, жиһазың да ағаштан. Көрген талай сынып та, көнген талай былыққа, Сол ағашқа оттың жау екендігін  ұмытпа! Өніп-өскен орманға жай түспесін деп тіле, Кесіп, құртып, жайпайтын ой түспесін деп тіле. Ғасыр бойы жайқалып өсіп тұрған орманым, Келешекке жеткізсін ата-баба арманын. *    *    *  «Бұтақтарым – биікте, тамырларым – тереңде...»  (Жұмекен Нәжімеденов) Өзен болып жылғалар, өзгереді арналар, Жермен-жексен болады күні бітсе зор қамал. Тартылады теңіздер, мұжылады тау-шыңдар, Жасасаң да қанша жас, өлмей қалған қайсың бар?! Су тартылып, тау құлап, өртенсе де ормандар, Бірақ, үміт үзілмей, жалғанады армандар. Ертегіден  шындыққа айналады жорамал, Шөлде гүлзар бақ орнап, салынады қалалар. Жалғастырмай баба ісін, ана тілін ардақтап, Жүре  алмаған жан ғана қалт-құлт етіп жан бақпақ. Бұтақтарың – биікте, тамырларың – тереңде. Болса ғана өзіңді сақтайсың  бұл әлемде. Ақылбек  ШАЯХМЕТ ҚОСТАНАЙ