Әлем • 21 Наурыз, 2020

Түркия халқы медициналық қызметкерлерге үш күн бойы қол шапалақтап, құрмет көрсетіп жатыр

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа қазіргідей сын шақта дәрігерлерге айтарлықтай салмақ түсіп отырғанын, тұрғындардың қолдауы оларға үлкен күш-жігер беретінін Твиттер парақшасында жариялаған еді. Сол-ақ екен, осы елдің халқы кешкісін балконға шығып, коронавируспен күресіп жатқан ақжелеңділерге ризашылығы ретінде қол шапалақтап, қошемет көрсетуде.

Түркия халқы медициналық қызметкерлерге үш күн бойы қол шапалақтап, құрмет көрсетіп жатыр

Министрдің сөзін іліп әкеткен әлеуметтік желі қолданушылары жұртты жаппай медициналық қызметкерлерді қолдауға шақырды. Ал кеше көпқабатты үйдің тұрғындары кешкі сағат тура 21.00-де балконға шығып, коронавируспен күндіз-түні күресіп жатқан ақхалаттыларға ду қол шапалақтап, қошеметін білдірді. Мұндай қошемет үш күн бойы жалғасады.

Әлеуметтік желіде арнайы құрылған топтың акциясын қарапайым халық ғана емес, Үкімет мүшелері, елге танымал азаматтар да қолдап, жан-жақтан алғыс айтты.  Ал министр Фахреттин Кожа болса, әлеуметік желі парақшасына: «Рахмет, Түркия. Сіздердің қолдауыңыз бізді жігерлендіріп, күш сыйлады» деп жазды.

Дүниежүзін дүрбелеңге салған пандемия әсіресе, ақжелеңділер жұмысына ауыр тиіп тұр. Бұл дертті медицинасы дамыған алпауыт елдердің өзі ауыздықтай алмай, дәрменсіздік танытуда. Сондықтан біз де аты жаман аурумен бетпе-бет келіп отырған медициналық қызметкерлерімізге қолдау білдірейік. Олар үшін ең басты қолдауымыз ­­– көпшілік орындарға баруды азайтып, мүмкіндігінше үйде отыру. Бір мезетте көп адам ауырса, дәрігер де, медбике де, тиісті құрал-жабдық та жетпей қалуы мүмкін. Бұл айналып келіп, халқымыздың денсаулығына қауіп төндіреді. Ешқайда бармай үйде отыру, айналаңды таза ұстау, гигиена сақтау секілді қарапайым қағиданы есте ұстасақ, індеттен де жеңіл өтетініміз анық.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ