Сондықтан да Шыңғыс хан тақырыбында көптеген көркем туындылар жазылып, фильмдер түсірілуде. Атап айтқанда, Сергей Бодров түсірген «Моңғол» фильмін осылардың қатарына жатқызуға болады. Бірақ бұл туынды тарихшылар тарапынан сынға ұшырады. Әлемдік шыңғыстанушылар бірауыздан «бұрмаланған туынды» деп бағасын берді.
Бұдан басқа да Шыңғыс хан туралы көп сериялы телефильмді Қытай киногерлері жасап 2005 жылдан кейін көрсете бастады. Фильм қазір әлемді шарлап кетті. Расын айтқанда, көрерменің көңілінен шықты. Фильмдегі көшпенділер өмірінің шынайы суреті, дала нояндарының ерлік рухы сөз жоқ қазақтың қанында бар дүние. Осы тұрғыдан қарағанда, біз ата-бабаларымыздың байырғы этнотұрмысымен қайта қауышқандай сезімді бастан кешірдік.
Қытай елінің кино мамандары тарихи телесериял жасап, шығарудан алдарына жан салмайды. Бұл туынды да сол еңбектің жемісі.
Фильм бастан-аяқ орта ғасырда жазылған «Монғолдың құпия шежіресі» атты тарихи шығарманың желісі негізінде түсірілген. Бірде-бір артық сюжет жоқ. Орта ғасырдағы көшпенділер өмірін, олардың жауынгерлік салт-дәстүрін айнытпай орындауға баса назар аударған. Осыған қарап-ақ режиссерлердің рөлдерге әртіс таңдау жұмысына өте жауапкершілікпен қарағанын аңғаруға болатын сияқты.
Осы орайда, біз аталмыш фильмнің басты рөлдерінде ойнаған қазақ азаматтары жайында таныстыруды жөн көріп отырмыз. Соның бірі –Шыңғыс ханның өкіл әкесі Меңліктің рөлін сомдаған қандасымыз Дәлелхан Қадырұлы дейтін азамат.
Меңлік деген кім?
Біз өз оқырмандарымызға Дәлелхан Қадырұлын таныстырудан бұрын ол рөлін сомдаған Меңліктің кім екенін айтып өту парыз сияқты. Шыңғыс ханның өмір дерегі туралы көне баян, 1240 жылы жазылған «Монғолдың құпия шежіресі» атты тарихи еңбектің 202-тармағында: «Барыс жылы (1206 жыл) Онон өзенінің жағасында тоғыз құйрықты ақ туын көтеріп Темүжин хан сайланды»-дейді. Осы ұлықтау рәсімі кезінде ұлыстың іргесін қалауға еңбек сіңірген 95 адам «мыңбектікке» тағайындалдады. Осылардың ішінде бірінші болып шежіреге Меңліктің аты жазылыпты.
Сол сияқты көптеген тарихи деректерде Меңлікті Темүжиннің өкіл әкесі ретінде атайды. Атақты тарихшы Рашид-ад диннің жазуына қарағанда, Есукей өліп жесір қалған Өлуін бәйбіше осы Меңліктің етегінен ұстап күн көрген. Өйткені, Есукей өлгелі жатып: «Егер мен олай-бұлай болып кетсем балаларға бас-көз бол!» - деп, Меңлікке тапсырған. (Рашид-ад дин «Жами –ат тауарих» ҰБ, 2002 жыл, 155 - бет).
Тағы бір дерек: «Монғолдың құпия шежіресі» тарихнамасының 204-тармағында: Шыңғыс хан өз аузымен айттып, хатқа түсірткен төмендегідей жолдар бар: «Меңлік әке, сіз мен туғаннан бері туымды көтердіңіз, өскеннен бері өрісімді кеңейттіңіз, өлшеусіз көмек бердіңіз. Әсіресе, әкемдей болған Тұғырыл хан мен андасқан бауырым Санкүм алдап шақырып көзімді жоймақ болғанда, мені аман алып қалдыңыз. Осы ісіңізді ұрпағымның ұрпағы ұмытпайтын болады!»-десе, академик-тарихшы Ш. Нацагдорж: «Санкүм өзінің қарындасы Сауыр бикені Темүжиннің ұлына ұзатамын деп, құдасы Темүжинді бауыздау жеуге шақырады. Ондағы ойы ұстап алып өлтіріп тастау болатын. Жолай Темүжин Меңлікке жолығып, өкіл әкесінің ақылы бойынша құдалыққа барудан бас тартады»- деп жазады. (Ш. Нацагдорж «Шыңғыс ханның тарихы», ҰБ, 1991 жыл, 51-бет).
Бұл деректерге қарағанда Меңлік орданың ықпалды билерінің биі болған. Тіпті Шыңғыс қаған дәуіріне қатысты айтылатын қазақтың ауызша тарихнамасындағы «Майқы би» деген осы адам болуы мүмкін дейді кейбір шинжандық тарихшылар. Осы Меңліктің баласы Көкеш бақсы тәңірмен тілдесіп, Темүжинге «Шыңғыс хан» деп ат қойғаны жайында көне жазбалардың бәрінде айтылады.
Міне, Дәлелхан Қадырұлы сомдаған Меңліктің рөлі осындай. Жуықта Дәкең елордаға келіп кетті. Аспанмен астасып өсіп келе жатқан көркем қаланы көрді. Телесериялдан күнде көріп жүрген бауырымызға барып сәлем бердік. Әрі аз-кем әңгіме өрбіттік:
– Дәке, сіздің өнеріңізбен «Шыңғыс хан» телесериялы арқылы жақсы таныспыз. Ал енді өмір тарихыңыз жайында біле бермейміз, өзіңіз айтып бермейсіз бе?
– Мен 1958 жылы қазан айының 10 күні Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе қаласында туыппын. 1976 жылы аймақ орталығындағы 10 жылдық орта мектепті тәмәмдап, Үрімжі кино студиясына «дыбыс әртісі» дейтін мамандық бойынша жұмысқа орналастым. Әрі аударма ісімен қоса айналыстым. Жеке өз басым 5 фильмді қазақшаладым, 200-шақты фильмге дублаж жасадым. Өйткені, Үрімжіден тарайтын қазақ тіліндегі телехабарлар кестесінде бір ауыз қытай тілі болмауы керек.
Содан 1981 жылы Бейжің қаласындағы Мемлекеттік кино университетінің актерлік факултетіне емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. 1985 жылға дейін сонда оқыдым. Оқу бітіргеннен соң Үрімжі қаласындағы «Тянь-Шань» кино студиясының телефильм бөліміне қызметке келдім. Күні бүгінге дейін осында жүріп жатырмын. Құдайға шүкір үлкенді-кішілі 45 фильмде әртүрлі рөлдерді сомдадым. Соның ішінде 15 фильмде бас кейіпкердің рөлін ойнадым.
– Олар қандай фильмдер?
– Оншақты жылдың алдында Қазақстанның кино театрларында «Көрікті мекен» атты көркем фильм көрсетілді. Теледидар арқылы да берілді. Осы фильмді алтайлық қазақ азаматты Мақсат Кәдірханұлы түсірген еді. Мен осында Құнатай қарияның рөлін сомдадам. Айтпақшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барған кезекті сапарында осы фильмді көріп, қатты ұнатқанын білемін.
Одан басқа «Таңжарық» атты деректі тарихи-көркем фильмінде Таңжарық ақынның рөлін сомдадым. «Елжау Күнби» телесериялында Елжаудың рөлін, «Жетім қызда» үш аймақ төңкерісінің офицері болып ойнадым. Бір қызығы бұл фильмде 3 адамның рөлін қатар ойнап шықтым.
– Бір фильмде 3 бірдей рөлді қалай ойнап жүрсіз?
– Ондай-ондай бола береді. Өйткені, режиссерлер сенімді адамға бірнеше рөлді қабат жүктейтіні бар.
– Дәке, сіз Шинжан өлкелік фильмдерге түсумен шектеліп қалмай күллі Қытай еліне ортақ маңызды туындыларда да, маңызды рөл сомдаған көрінесіз...
– Менімен Бейжіңде бес жыл бірге оқыған қыз-жігіттердің арасында небір мықтылар болды. Солар қазір Қытайда фильм түсіру саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Менде бұрын миллиардтар көз тігетін көркем фильмдерде ойнаймын-ау деген ой болған жоқ еді. Бір күні Бейжіңде бір курста бірге оқыған, тегі моңғол Хорша дейтін досым Үрімжіге келді. Қасында күллі Қытай еліне әйгілі ерлі-зайыпты Сайфу және Мәліс атты режиссерлер бар. Бұларда моңғол. Олардың мақсаты – Шинжан өміріне қатысты тамаша бір фильм түсіру екен. Осы фильмге досым Хорша екеуіміз қатар қатыстық. Мен Босырдың рөлін сомдадым. Осы фильм Қытайды дүр сілкіндірді. Жалғыз-ақ күні атағымыз жер жарып шыға келді.
– Ол қандай фильм?
– Қазақшалағанда «Сардарлар кешірмейді» деп аталады. 1940 жылдары гоминдан билігі тұсындағы азаттық күрескерлері жайлы фильм.
– Ал, енді көп сериялы «Шыңғыс хан» фильміне қалай түсіп жүрсіз?
– Бұл үлкен әңгіме. 1999 жылдың көктемі болатын, бір күні Ішкі монғолдың астанасы Көкхотта тұратын Хорша досым хабарласты. Дәлелхан осылайда, осылай біз көп сериялы «Шыңғыс хан» атты фильм түсіргелі жатырмыз. Сен: «бабам Шыңғыс хан туралы фильм түсірілсе екен» деп армандаушы едің ғой. Соның сәтті келген сияқты. Сен тез жет, депті.
– Шыңғыс хан сізге қалай баба болады?
– Менің зәу-затым төре тұқымынан.
–Содан салып ұрып Көкхотқа бардыңыз?
–Бардым. Хорша досым күтіп алды. Қаланың ортасындағы мейманханаға орналастырды. Кешкісін екеуіміз отырып алып жаңадан түсірілуге тиіс көпсериялы фильмнің сценариясын қарап шықтық. Хорша досым бас режиссердің орынбасары екен. Сол айтты: «Дәке, саған мына бір рөлді лайық көріп отырмыз. Өзің сияқты қарапайым, ақ көңіл адам, Шыңғыс ханнның қамқоршысы, орданың тірегі – Меңліктің рөлінде сен ойна. Өте жауапты рөл, өйткені фильмнің басынан аяғына дейін үздіксіз қатысады» деді.
– Тек сізді ғана шақырған ба, әлде басқа...
– Өте көп адам шақырған екен. Бәрі де күллі Қытай еліне танымал әртістер. Осылардың көбі рөлдерін көріп, танысты да үйлеріне қайтып кетті. Оның басты себебі, көп әртістер атқа міне алмайды. Ал, фильмге тек ат құлағында ойнайтын жігіттер қажет екен.
– Сіз ат құлағында ойнайтын ба едіңіз?
– Менің туғанда көргенім – жылқы баласы. Әкем жарықтық қойшы болатын. Жасымда Алтай тауының қырат-қырқаларын ендетіп қой бақтым. Ауыл балалары жиналып алып асау үйретіп мінетінбіз. Ат үстінде жүргенді «хан тағына мінгендей» жаным сүйетін. Менің осы әдетімді жақсы білетін Хорша досым бас режиссермен келісіп, мені әртістерді ат мінуге үйрететін «жаттықтырушы» қызметіне тағайындап тастады.
– Дәке, Қытай елінің жылқылары қандай болатынын білмеймін, бірақ «Шыңғыс хан» фильміне қарап отырып, жатаған жабы тұрпатты байырғы моңғол аттарын байқадық, оны қайдан алдыңыздар?
– Фильмге ат таңдау маған жүктелгеннен кейін, орта ғасырда Шыңғыс ханның әскерлері мінген даланың жабы жылқысын іздеу қажет болды. Ондай жылқы Алтай, Хотан, Тұрпан өңірлерінен табылмады. Ішкі Моңғолияда тағы да болмай шықты. Ұзынқұлақтан сұрастырып жатып «Қытайдың қиыр шығысында, иен далада тағыланып кеткен жабы жылқылар бар» дегенді естідім. Өзімде осы көне Манжурия өлкесін бір көрсем деп, армандап жүруші едім. Бірнеше серіктерімді алып жолға шықтым. Харвин қаласына жеткеннен кейін бір баратын өлке құс ұшпайтын құла түз екен. Кедір-бұдыр даланың қиын жолымен бір апта жүріп діттеген жерге зорға жеттік.
Ертеңінде даладағы жылқыларға барып көрсек, тағыланып кеткен маңына адам жуытпайды, шу асау. Әйтпегенде, бойы, тұрқы біз іздеген нормаға дәлме-дәл. Ал, енді ұстайық десек жылқы қамайтындай қора-қопсы жоқ. Қолдан жасаған ағаш қашамызды жалғыз ырғып бұзып өтеді. Әрі өзі аз жылқының аяқ-қолы сынып жарақаттанатын болды. Содан бір-бір мотоциклге мініп алдықта маң даланың шаңын көкке шаншылтып жылқы қудық. Әбден болдырып құлағанда жапа тармағай байлап-матап аламыз. Сөйтіп 450 жылқы жинап алдым.
– Оларды Көкхотқа айдап әкелдіңіздер ме?
– Жоқ. Айдау жүруге жер шалғай. Даланың тағы жылқысы қайдан айдауға жүреді. Көп машина әкеліп, әр біріне 20-25 жылқыдан тиедік. Сұмдық шаршадық. Асау жылқылар кузовқа шықпайды. Машиналардың дөңгелегінің астын қазып жерге отырғызып жүріп, әрең тиедік. Жылқыларды Көкхоттың маңына әкеліп, екі ай байлап ұстап, мініске үйреттік.
– Жылқыларды кім үйретті?
– Ішкі моңғолдың ауылдық жерлерінен жылқы үйрететін жігіттерді шақырдық. Одан кейін өзімнің туған жерім Алтайдан жігіттер ертіп келдім. Олар екі аптаның ішінде: құлағына қол тигізбей тұрған тарпаңдардың өкпесін соқтырып, тілерсегін дірілдетіп, алдыма алып келеді. Мен әртістерге «мынау сенің атың, осыған ие бол» деп, қолма-қол таңбалап, үлестіріп берем. Осы жігіттер фильмнің соңында ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. Егер сіз жақсылап аңғарған болсаңыз телесериялдың әрбір бөлімі аяқталғанда сары даланы дүбірлетіп жүздеген атты адамдар шауып бара жатады. Енді сұмдық көрініс. Маң дала ат буырында ойнайды. Бір қызығы осы көрініс фильмнің ешбір жерінде кездеспейді.
– Неге?
– Себебі, бұл ойламаған жерден пайда болған көрініс. Кино түсіріліп аяқталғанған кейін, барлық қатысқан адамдар жиналып алып, фильмнің құрметіне маң даланы дүбірлетіп қара жарыс салдық. Бірнеше сағат тоқтамай шаптық. Тура рөлге енгеніміз соншалық нағыз Шыңғыс ханың шерігіне ұқсап кеттік. Осы сюжетті түсірушілер тобы қызықтап түсірген екен артынан әрбір бөлім аяқталғанда көретін етіп жасапты.
– «Шыңғыс хан» фильмін қай өлкеде түсірді?
– Фильм тұтастай Ішкі моңғол өлкесінде, негізгі сюжеттер Көкхот маңында, одан кейін Шиленхот дейтін жерде фильмнің көп бөлігі түсірілді.
– Шыңғыс ханның рөлінде ойнаған азаматты танисыз ба?
– Өте жақсы танимын. Ұлты моңғол азамат. Моңғол болғанда ішкі моңғолияның моңғолы емес, кәдімгі өзіміздің Буратоланың тумасы. Қазақстан шекарасындағы Қорғас өткелегінен өте қалғанда Арасан-Сарыбұлақ дейтін ауыл бар, сонда туған. Жасында қазақтардың ортасында өскен. Өзі қазақ тілінде қандай жаттық сөйлейді. Аты-жөні – Басын. 12 жасынан бастап Бейжіңдегі әскерилер ансамблінде оқыды. Артынан Ішкі моңғолияға ауысып барып, сонда қалып қойды. Тіпті бір қызық айтайын, Басынның әкесі қолына домбыра ұстап ауыларалық айтысқа қатысқан аам екен. Басын досым әкесінің қазақтармен айтысын жатқа біледі. Бізге талай айтып бергені бар...
– Фильмнің басты-басты рөлдерін орындаған әртістердің барлығы моңғолдар ма?
– Фильм «Моңғолдың құпия шежіресінің» желісімен түсірілген. Осы тарихи құжаттағы ұлтты моңғол адамдардың рөлін тек моңғолдар өздері ойнады. Мысалы, Шыңғыс ханның анасы Өлуіннің рөлінде ойнаған Сарангуа менің бес жыл бірге оқыған курстасым.
– Осы Сарангуа Өлуіннің рөлін бастан-аяқ жалғыз өзі ғана ойнады ма?
– Сөйтті. Сарангуаның нақты келбеті фильмнің басында Есугей сардар тартып әкелетін кезіндегідей. Басқасы түрін өзгертіп гримдеу ақылы ойнаған. Жап-жас келіншектен бастап, алжыған кәрі кемпірге дейінгі рөлді бір өзі ойнап шықты.
– Сіздің жоғардағы Хорша досыңыз қандай рөлде ойнады?
– Ол Темүжиннің қас жауы Тарғытайдың рөлінде ойнады. Одан кейін тағы бір досым Қарабатыр дейтін жігіт Керей Тұғырыл ханың рөлін сомдады. Бір өкініштісі кино біткеннен кейін ауырып дүниеден өтіп кетті. Айтпақшы, Жамуқаның рөлін ойнаған жігіттің ұлты – ханзу.
– Басты рөлдерде ойнаған сізден басқа қазақ жігіттері бар ма?
– Бар. Телесериалдың әртүрлі рөлдерінде 20-дан астам қазақ жігіттері ойнады. Әсіресе соғыс көріністерін ойнағанда біздің жігіттер қосымша эпизодқа көп қатысты. Өйткені, олар ат үстіндегі соғыс өнеріне басқаларға қарағанда оқ бойы озып тұрды. Одан кейін Шыңғыс ханның орта түменін басқарған оң қолы Наяқа ноянның рөлін Ержан Мақпышұлы дейтін Іленің жігіті өте тартымды атқарды.
– Кинода үш өгіз жеккен арбаны бір қолымен тартып, тоқтатып сүйреп кететін осы Ержан емес пе?
– Соның дәл өзі. Шын мәнінде аттан өгізді сүйреп кетерлік қауқарлы жігіт. Ержан өгіздерді сүйреп бара жатқанда ұрандап отырған Меңлікті көрсетеді. Әрине, ол мына менмін.
– Кино түсіру барысында қандай қиыншылықтар туындады?
– Бізді қатты қинаған күннің ыстығы. Алтайдың ауа райы қоңыр салқын болады. Соған үйреніп қалған біздің жігіттер ыстықтап үстіне киген сауыт саймандарын ұлықсатсыз кешіп тастайды. Баяғы мен сөз естимін. Қаттырақ айтсам: «киноң құрысын, Дәке, өзің ойнай бер, біз ауылға кетеміз!» деп едіреңдеп шыға келеді. Одан кейін жатып кеп жалынамын. Тағы да олар қытайдың тамағын жемейді. Бөлек асхана орнатып бердік. Сөйтіп жүріп ойнап шықтық.
– Дәке, телефильмдегі Хорезм шахтың нөкерлерін кімдер ойнады, оларды қытай немесе моңғол әртістері ойнамайды ғой?
– Хорезм шахтың нөкерлерінің рөлін ойнайтын адамдар тауып келу тағы да маған жүктелді. Салып ұрып Алтайға келдім де қоңқақ мұрын, шикіл сары барлық ұйғырларды жинап алдым. Бірнеше автобусқа отырғызып алып бардым. Мен кеткеннен кейін біздің ауылдың жігіттері: «Құдай-ау бұрын ұйғырлар келіп, біздің қойымызды сатып алып машинаға тиеп кетуші еді, Дәлелхан ағамыз келді де ұйғырларды машинаға тірідей тиеп әкетті» -деп, қарық болып күлетін көрінеді. Осы ұйғыр ағайындар Хорезм шахтың нөкерлерінің рөлін ойнап шықты.
– Кинода Отырар, Самарханды сияқты қамал қорғаны берік қалаларға Шыңғыстың әскері шабуыл жасайтын эпизодтар бар. Осы қамал қорған қалай жасалды?
– Фильмнің суретшісі Ма-шау-сян дейтін дүнген жігіті еді. Осы кісі тағы да Шинжаннан ұйғыр шеберлерін әкеліп, аса ауыр техникалар жасайтын зауыттың ішіне алып сарай-қорған тұрғызды. Хорезм даласына жасалған барлық шабуыл осы сарай-қорғанның ішінде өтті.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ