Қазақстан • 11 Мамыр, 2022

Қазақстандық оқушылар Балқан олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Математикадан Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 күміс және 4 қола жеңіп алды. Осылайша елдің ұлттық құрамасы былтырғы нәтижені жақсартты, яғни 2021 жылға қарағанда ел қоржынына бір медаль артық түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық оқушылар Балқан олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды

Биыл олимпиадаға 16 елден 100-ге жуық оқушы қатысты. Олардың қатарында Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Македония, Греция, Молдова Республикасы, Черногория Республикасы, Румыния, Сербия және тағы басқасы бар. Зияткерлік жарыстар 4-9 мамыр аралығында Ларнака қаласында (Кипр) офлайн форматта өтті.

Жыл сайын сайысқа 6 адамнан құралған Қазақстан құрамасы қатысады. Биыл ел намысын Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Атырау және Ақтау қалаларының оқушылары қорғады. Сайыста балалар математикадан олимпиада тапсырмаларын өте қысқа мерзімде шешуі керек болды.

«Олимпиаданы өткізу процесі автоматтандырылды. Бұл олимпиадаларды аудандық деңгейден республикалық дейгейге дейін барынша ашық және транспарентті өткізуге мүмкіндік берді. Балқан олимпиадасы дайындықтың тиімді әдісі және оның оқушыларымызға негізгі халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындалуға көмектесетінін атап өткім келеді», деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.

Айта кетейік, былтыр қазақстандық оқушылар олимпиададан 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған еді.