Оқиға • 21 Шілде, 2022

Атырау облысында 30-дан астам жұмысшы тамақтан уланып қалды

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 30-дан астам жұмысшы тамақтан уланып қалды. Олардың кейбірі кен орнындағы медициналық клиникаға жатқызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Атырау облысында 30-дан астам жұмысшы тамақтан уланып қалды

Теңіз кен орны Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 100 шақырымнан астам қашықта орналасқан. Кен орнындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға бірнеше отандық және шетелдік компания мердігерлікке тартылған. Соның бірі – отандық ISKER ЖШС. Аталған компанияның 30-дан астам жұмысшысы вахталық кенттегі асханадан түскі ас ішкен соң уланып қалған. Тамақ ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезінген жұмысшылар дәрігерлік көмекке жүгінген. Оларға «орташа ауырлықтағы диарея» диагнозы қойылды.

Теңіз кен орнындағы медициналық клиникада тамақтан уланған жұмысшыларға алғашқы көмек көрсетілген. Содан соң олардың бір тобы клиникаға жатқызылған. Жеңіл дәрежеде зардап шеккен жұмысшылардың кейбірі жатақханаға жіберілген.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі аталған оқиғаға байланысты ақпаратты кейін беруге уәде етті.