Президент • 07 Қараша, 2022

Қазақ Адай жылқысы еліміздің брендіне айналады

711 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Жиын барысында Президент Үкіметке түйе шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік шараларды күшейту мәселесін пысықтауды жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ Адай жылқысы еліміздің брендіне айналады

«Маңғыстаудың табиғаты түйе өсіруге өте қолайлы екені белгілі. Қазір облыста 90 мыңға жуық түйе бар. Түйе өнімдеріне бүкіл елімізде сұраныс өте жоғары. Одан алынатын шикізатты терең өңдеу жұмысын қолға алу қажет. Бұл өнімнің түрін көбейтеді әрі оның бағасына оң ықпал етеді. Бұл салаға субсидия беру жолдарын да қарастыру керек», деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақ Адай жылқысын қазақтың тағы бір тамаша брендіне айналдыру қажет.

«Халқымыз үшін жылқының орны қашан да ерекше. Қазақ Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Жақында өткен «Ұлы дала жорығында» облыс шабандоздары жеке-дара озып келді. Қазақ Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады. Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.