Мирас • 11 Желтоқсан, 2023

Ұлттық бұйымдарды жаңғыртқан ұстаз

898 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Темірхан Сағын­дықов – ағаш пен темірден түрлі ұлттық бұйымдар жасап жүрген нағыз шебер. Ертедегі ауыл ұсталарының кәсібін жаң­ғыртып қана қоймай, оны қазіргі заманға бейімдеп жүрген еңбекқор жан ауылдастарының үйінде сақталған ескі кебеже, сандықтарды қайта жөндеп шығады. Ол Абай мектебінде 1989 жылдан бері алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ беріп келеді. Әскери шені – запастағы аға лейтенант. Ескі дүниені жаңартуға әуесқойлықпен барғанын жасырмайды.

Ұлттық бұйымдарды жаңғыртқан ұстаз

Ұстаз бос уақытын үйі­нің аула­сындағы шағын ше­берха­­нада өткізеді. Ауыл­дас­тары әкеп берген кез келген затты кәде­ге жаратып, темір­ден де, ағаш­тан да түрлі бұ­йым­дар жасай береді. Оның қо­лынан шыққан тамаша мүсін­дер Ақкөл мектебі мен ба­ла­бақшаның кіреберісіне қойыл­ған. Темірхан балабақша аула­сын балдырғандардың ойнауы­на лайықтап безендіріп, әткен­шектерді өз қолымен жасады. Кейінгі жылдары Ақтөбедегі мей­рамхана, демалыс орындары Темірханға сәнделген сандықтар жасауға тапсырыс беріп жүр.

50-жылдарға дейін қазіргі Әйтеке би ауданы ауылдарында әйелдердің әшекей заттарын, сүйек пен ағаштан жаса­ған тұр­мыстық бұйымдар, темір­ден шаруашылыққа қажет саймандар соққан ұсталар көп бол­ды. Сол заманда әр үйде кебеже-сан­дық, ыдыс-аяқ жи­най­тын шкаф, сүйектен жаса­ған кереует болатын. Ауыл ұста­лары соғыс жылдары, одан ке­йін де шаруа­шылықтың қа­жеті үшін соқа, тырма, күректі өздері ұстаханаларда соқты.

итм

Шебер ұстаз қолөнер бұ­йым­­дарын жасаудан түрлі са­йыс­тарға қатысып, жүлделі орын алып жүр. 2009 жылы Ақ­төбе облысының ең үз­дік мұғалімі атанды, «Қазақ­стан­ның үздік ұстазы», «Озат педагог» ме­даль­­­дарымен марапат­талып, рес­­публикалық озаттар энциклопе­диясына енді, Білім және ғылым министрінің Алғыс­­хатына ие болды. Қол­өнерге бейім оқушы­ларын өз кәсібіне баулып жүр­ген Те­мір­хан ұстаз ертедегі шебер­лер­дің өнім жасау технология­сын тереңірек үйренгісі келеді. Ол үшін қолөнершілер өзара тәжірибе алмасатын орта­лық­тар көбірек қажет дейді.

 

Ақтөбе облысы