
Биыл команда елімізде алғашқылардың бірі болып легионерсіз ойнайды. Қазір команда құрамындағы 25 футболшының алтауы жаңадан қосылған ойыншылар. Олардың арасында Қазақстан құрамасының ойыншысы Айбол Әбікен, ел чемионатының 8 дүркін жеңімпазы, тәжірибелі қақпашы Александр Мокин, Қазақстан жастар құрамасының футболшылары Роман Божко, Никита Губарев, Нұрдәулет Ағзамбаев, Жалғас Жақсылықов бар.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Аймақта заманауи үлгідегі спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталып келеді. Қызылорда қаласының сол жағалауында 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы аясында Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Кезекті ел біріншілігіне команда тыңғылықты дайындалып, Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізді. «Қайсар» Қазақстан чемпионатының 1 турын 2 наурызда «Жеңіспен» кездесуден бастайды.