Бокс • 07 Сәуір, 2025

Төрехан Сабырхан кәсіпқой боксқа ауыса ма

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азияның 4 дүркін чемпионы, 2024 жыл әлем біріншілігінің алтын жүлдегері әрі сол дүбірлі доданың үздігі атанған қазақстандық дарынды боксшы Төрехан Сабырхан кәсіпқой рингте дебют жасады. 5 сәуір елордадағы «Барыс аренада» өткен «Battle of the brave» турнирінде Төрехан «балуанға оңы мен солы бірдей» екенін дәлелдеп, чехиялық қарсыласына қарсы техникалық нокаут тіркеді. Қазақстанда алғаш рет қос бірдей белбеу сарапқа салынған Әлімханұлы-Нгамессинге тарихи кешінде Төрехан Сабырхан кәсіби бокста өзіне тиесілі тарих парағын ашты, деп жазады Egemen.kz.

Төрехан Сабырхан кәсіпқой боксқа ауыса ма

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Жартылай орта салмақтағы жекпе-жекте отандасымыздың қарсыласы чехиялық Йиржи Хауке (4-6, 2 КО) болды. Төрехан кездесудің алғашқы минуттарынан- ақ белсенді соққы жасап, 6 раундқа жоспарланған кездесу тағдырын 3-раундта шешіп тастады. Шайқастың бұл кезеңінде отандасымыз қарсыласын 2 рет нокдаунға жіберіп, соңғысында чехиялық орнынан тұра алмай, жеңіс Төрехан Сабырханның еншісіне жазылды. Осы жарқын жеңісінен кейін Төрехан Сабырхан бізге сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

- Төрехан, кездесу алдындағы тактикаңыз қандай еді? Қарсыласыңыздың қауқарын қалай бағалайсыз?

Бастапқы жоспар бойынша 4-5- раундтарда шот ашып, 6 раундта нүктесін қоюды жоспарлағанбыз. Десе де қарсылас үшінші раундта іштен ауыр соққы өткізіп алды. Негізінде Йиржи Хауке кәсіби бокстағы жолын бастап кеткен қарсылас. Бастапқы таңдауда осы қарсыласпен жұдырықтасамын деп шешкенмін. Бастысы тартыс нәтижесі біз қалағанымыздай болды.

- Кәсіби бокстағы қадамыңызды сәтті бастадыңыз, осы жекпе-жектен кейін түбегейлі кәсіпқой боксқа ауысасыз ба? Әуесқой бокстағы жоспарларыңызбен де бөліссеңіз?

- Әуесқой бокста ересектер арасында мен бағындырмаған біршама белес бар. Оның ішінде әлем чемпионаты мен Олимпиада шыңы да бар. Сондықтан алдағы уақытта осы биіктерді еңсергім келеді. Өмірін спортпен ұштастырған әр адамның арманы Олимпиада алтынын тағыну. Мен де осы жолда тер төгіп, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында әнұранымызды әуелеткім келеді. Баршаңызға мәлім, кейінгі олимпиада ойындарында былғары қолғап шеберлері алтын еншілемеді. Осы олқылықтың орнын толтырғым келеді. Одан кейінгі бағытымыз кәсіби боксқа қарай бұрылады.

- Төрехан қазір жасыңыз 19-да. Осыны есепке ала отырып, ел тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атануды көздемейсіз бе?

- Бұл туралы нақты шешім қабылдамадық. Алдағы уақытта екжей-тегжей ойланамыз. Екінші жағынан қаншалықты ерте кәсіби боксқа ден қойсам, соншалықты шеберлігімді шыңдап, мақсаттарыма жетемін деп ойлаймын. 

«Battle of the brave» турнирінде ағаңыз Париж олимпиадасының қатысушысы Махмұд Сабырхан да бақ сынады. Ол шаршы алаңда болғанда қандай эмоциялық күйде болдыңыз? Қобалжу болды ма?

- Ағамның қарсыласы жекпе-жекке таяу қалғанда ауысып кетті. Біз оны салмақ өлшеу рәсімінде бір-ақ білдік. Бастапқыда белгіленген қарсыласы колумбиялық еді. Сол боксшымен жұдырықтасқанда қобалжуымыз мүмкін еді. Ал вьетнамдықты 1 немесе 2-раундта тізе бүктіретінін болжай білдік.

- Әңгімеңізге рақмет! 

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан командасы болжағандай вьетнамдық Данг Дак Хайнхты екінші раунтда нокаутқа жіберді.