Фотолар: Turizm jane sport ministrligi
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, «Жеңіс» спорт клубы, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) және дзюдодан ұлттық құрама мүшелері мен Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Ғұсман Қырғызбаев қатысты.
Дзюдо залының ашылуы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) өзара іс-қимылы және Туризм және спорт министрлігінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Judo in Schools («Мектептегі дзюдо») бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама заманауи жабдықтармен қамтылған, әдістемелік базасы бар мектеп дзюдо залдарының желісін кезең-кезеңімен құруды көздейді.
Алғашқы кезеңде №45 мектептің («Келешек мектебі») дзюдо залы заманауи спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Білім беру ұйымына оқушыларға арналған арнайы спорттық инвентарь мен дзюдо кимонолары тегін табысталды.
Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мектеп спортын дамыту бағытында тараптардың тұрақты өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруды көздейді.
Елімізде дзюдо спорты тұрақты дамып келеді. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы тарихи алтын жүлдесінен кейін бұл спорт түріне деген қызығушылық едәуір артты. Бүгінде елімізде дзюдомен шамамен 90 мың адам айналысады, ал спортшыларды даярлаумен 1300-ге жуық жаттықтырушы айналысады.