Қоғам • 24 Желтоқсан, 2025

Kundelik платформасының басты бетінде прокуратура блогы іске қосылды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бас прокурор Берік Асыловтың X әлеуметтік желісіндегі жазбасына сәйкес, жыл қорытындысына арналған алқа отырысында өңірлердегі балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Бірқатар жобаның аралық нәтижелері айтылып, алдағы міндеттер нақтыланды, деп жазады Egemen.kz.

Kundelik платформасының басты бетінде прокуратура блогы іске қосылды

Отырыста Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық қауіптерді анықтау және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз өңір» жобасын таныстырды. Жоба қауіпті учаскелерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылымды мониторингтеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар туралы деректерді талдау арқылы профилактикалық және патрульдік жұмысты күшейтуді көздейді.

Ұсынылған деректерге сәйкес, жоба аясында бірқатар тәуекелдер төмендетіліп, балалардың мектепке баратын жолдарында инфрақұрылымдық мәселелер шешілген. Сонымен қатар буллингке қатысты фактілер анықталып, тиісті шаралар қабылданған.

Аталған жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мен қауіпсіз орта қалыптастыру мемлекеттің басым бағыты екенін атап өткен ұстанымдарымен сабақтас екені айтылды.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша барлық өңір прокурорларына балалар қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды. Қауіпті аумақтарды анықтау, жарықтандыру мен патрульдеуді күшейту, жергілікті атқарушы органдармен және полициямен өзара іс-қимылды нақтылау алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер ретінде белгіленді.

Сонымен қатар Алматы облысының прокуратурасы Kundelik платформасымен меморандум жасап, қосымшаның басты бетінде прокуратура блогын іске қосқаны айтылды. Бұл блог балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Блог аясында фото, видео, мәтіндік материалдар мен вебинарлар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай дайындалып, құқықтық тақырыптар түсінікті тілде ұсынылады. Кері байланыс QR-кодтар мен мессенджерлер арқылы анонимді түрде жүзеге асады. Ресми мәліметке сәйкес, блог материалдарын 210 мыңға жуық оқушы мен ата-ана көрген.

Платформамен ынтымақтастық құқықтық ақпарат таратумен қатар, қолда бар деректерді талдауға мүмкіндік берген. Бұл мәліметтер «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы шеңберінде пайдаланылып, тәуекел тобындағы балалар мен ата-аналарды ертерек анықтауға жағдай жасаған.

Хабарламада атқарылған жұмыстар нәтижесінде 16 мыңнан астам баланың медициналық қызметтермен қамтылғаны, 4 мыңнан астам ата-анаға заңда көзделген әлеуметтік төлемдер берілгені айтылды. Сондай-ақ қамқорлықсыз қалған үш жасар балаға жедел көмек көрсетілгені келтірілген мысалдардың бірі ретінде көрсетілді.

Бас прокуратура мәліметінше, бұл атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі прокурорлар қызметін жүйелеу және ақпараттандыру тиімділігін арттыру мақсатында Kundelik платформасымен осындай интеграцияны өзге өңірлерде де енгізу жоспарланып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар