Қалай басталды?
Бұған мысал ретінде «Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасында таныстырылған «Black Swan» стартабын айтуға болады. Жүйенің негізін қалаған – алматылық инженер-әзірлеуші Дара Түменбаева. Команда ми сигналдары мен қол қимылы арқылы дрон басқаратын нейроқұрылғы әзірлеп жатыр. Стартаптың алғашқы сынақтары АҚШ-та өтіп, технология қанатқақты режімде қолданысқа ене бастаған.
Дара Түменбаева бұған дейін бірнеше елде білім алып, Азия мен Еуропада жұмыс істеген. Испанияда «Amazon» компаниясында еңбек етіп, өз жобаларын дамытқан. Соның бірі – дерматология және эстетика медицинасына арналған «Doro AI» стартабы. Платформа косметологиялық ем-шарадан кейін адамның сырт келбеті қалай өзгеретінін алдын ала көрсетеді екен, тіпті бірнеше елдегі клиникалармен жұмыс та жолға қойылған. Алайда аталған жоба қомақты табыс әкелсе де Дара бұл бағыттан мән таппаған. Сөйтіп, ол адамдардың назарды қалай шоғырландыратынын зерттей бастайды. Осы ізденіс оны инвазивті емес нейротехнологияға алып келеді. Яғни бұл жүйе операция жасамай-ақ, бас терісі арқылы ми сигналдарын өлшейді.
Дараның түсіндіруінше, мұндай құрылғы ойды оқымайды. Сенсорлар адамның назарын қалай шоғырландырып тұрғанын, алаңдауын немесе босаңсуын тіркейді. Жиналған деректер дұрыс талданса, ешқандай батырмасыз-ақ құрылғыны басқаруға болады. Сырт көзге «ой күшімен басқару» сияқты көрінетіні сондықтан. Осы идея кейін «Black Swan» жобасына айналған.
Қазір қай кезеңде?
«Black Swan» осы күні зертханалық деңгейден шығып, шынайы ортада жұмыс істеп жатыр.
«Адам барынша зейін қойған кезде мида жоғары жиілікті толқындар басым болады. Жүйе соны тіркейді де, дрон қозғала бастайды. Ал зейін шашырай салысымен, жүйе оны да байқайды, сол кезде дрон тоқтайды», дейді жоба жетекшісі.
Команда бұл стартапты қол қимылын оқитын білезіктермен толықтырған. Яғни жүйе бір жағынан адамның назар қоюын, екінші жағынан қолдың қарапайым әрекеттерін тіркеп, бәрін бір командалар жиынтығына айналдырады.
Қазір технологияны қанатқақты режімде сынап жатқан алғашқы қолданушылар бар. Олардың арасында іс-шара кезінде дрон арқылы түсірілім жүргізетіндер де, роботтар жекпе-жегі секілді жобаларға қолданатындар да кездеседі. Сонымен бірге команда Сан-Францискода дрон жарыстарын ұйымдастырып жүр. Бұл көпшілікке қызық формат болғанымен, стартапқа ең маңыздысы, дерек жинау. Әртүрлі адамдар қатысқан сайын жүйе көп ақпарат жинайды. Дараның сөзінше, осы уақытқа дейін мыңға жуық нейродерек жазбасы жиналған. Дегенмен жобаның негізгі бағыты көңіл көтеру емес, «DefenceTech» нарығы.
Ендігі меже қандай?
«Black Swan»-ның алдағы мақсаты – қорғаныс саласындағы тапсырыстарға шығу. Дара Түменбаеваның айтуынша, бұл бағытта ең әуелі АҚШ Қорғаныс министрлігі мен оның зерттеу агенттігі – «Darpa» назарда тұр. «Astana Hub» қолдауымен Кремний алқабындағы «Silkroad Innovation Hub» базасында өткен бағдарламаларға қатысуы да АҚШ нарығының талаптарын тереңірек түсінуге көмектескен.
«Алдағы кезеңдегі басты міндет жүйенің дәлдігін арттыру. Қазір дрон көбіне оператор ниетіне сай әрекет еткенімен, команда сигналдағы шу, кенеттен келген күйзеліс, зейіннің әлсіреуі сияқты факторларды ажыратып, қауіпсіз режімге ауыстыру тетігін жетілдіріп жатыр. Дрон жарысын тұрақты өткізу – технологияны «дала жағдайында» үйретудің бір жолы. Келесі кезеңде жарыс форматын күрделендіріп, бір уақытта бірнеше қатысушыны қосу, трассаға кедергілер енгізу жоспарда бар», дейді Дара Түменбаева.
Сонымен «Black Swan» жобасының нақты пайдасы қарапайым, яғни бұл адамға қауіпті жерде дронды тез әрі ыңғайлы басқаруға көмектеседі. Кей жағдайда оператордың қолы бос болмайды, кейде байланыс әлсірейді, кей уақытта шешім аздаған секунд ішінде қабылдануы керек. Осындай сәтте жүйе адамның зейінін «оқып», дронға команда беруді жеңілдетеді. Ең маңыздысы – қауіпсіздік. Егер адам шаршаса, алаңдаса, не кенет күйзелсе, дрон қате қимыл жасап кетуі мүмкін. Ал бұл жүйе зейіннің әлсірегенін байқаса, дронды тоқтатып немесе қауіпсіз режімге ауыстыра алады. Сондықтан мұндай технология қорғаныс пен қауіпсіздік саласында ғана емес, іздеу-құтқару жұмыстары, табиғи апат кезіндегі барлау, қиын жерлерде бақылау сияқты бағыттарда да қажет. Яғни «Black Swan» – «қызық ойыншық» емес, қауіпті жағдайларда адамды қорғап, жұмысты жылдамдататын жаңа құрал.