Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, байрақты бәсекеге әлемнің 10 құрамасы қатысып, жалпы саны 200 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге. Дүбірлі дода Дүниежүзілік көкпар федерациясы есебінен қаржыландырылады деп күтіліп отыр. Жарыс бағдарламасына сәйкес, 16-20 наурыз аралығында топтық ойындар ұйымдастырылса, 21 наурыз күні шешуші ақтық кездесулер өтеді.
Қазақтың көкпары VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ресми бағдарламасына енгізілді
Түркістан төрінде өтетін әлем чемпионаты ұлттық спортты халықаралық деңгейде насихаттап, көкпардың беделін арттыруға бағытталған маңызды спорттық оқиға болмақ. Айтулы сынға елімізбен қатар шетелдік саяхатшылар мен спорт жанкүйерлері келеді деп жоспарланған.