Фото: Мирас Куандыков/Kazinform
Олар армян-иран шекарасындағы «Агарак» бақылау-өткізу пункті арқылы автобуспен өтіп, Ереванға жеткізілген.
«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, эвакуацияланған азаматтар 5 наурыз күні Мәскеу арқылы транзитпен Алматы қаласына ұшып келеді.
«Заркух» кәсіпорны IT-бөлімінің басшысы Андрей Сухаревтің айтуынша, Ирандағы жағдай ушыға бастағаннан кейін компания басшылығы эвакуация туралы шешімді бірден қабылдаған.
«Иранда әскери қимылдар басталғаннан кейін біздің басшылық Қазақстан азаматтарын елге қайтару туралы жедел шешім қабылдады. Тиісті тізімдер дайындалып, Армениядағы Қазақстан елшілігіне жіберілді. Елшілік жергілікті билік органдарының көмегімен Иран-Армения шекарасында «жасыл дәліз» ұйымдастырды. Жағдай тұрақталып, жұмысымызға қайта ораламыз деп үміттенеміз. Сонымен қатар елшілік қызметкерлеріне жедел көрсеткен көмегі үшін ерекше алғысымызды білдіреміз», деді Андрей Сухарев.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпан, сенбі күні таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай отыр. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бүған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.
Кеше Дубайдан Оман арқылы 467 отандасымыз елге жеткізілді. Сонымен қатар Flydubai әуе компаниясы Дубай қаласынан Астана және Алматы қалаларына екі эвакуациялық рейсті орындады. Бүгінге дейін елімізге Таяу Шығыс елдерінен 946 жолаушы қайтарылған.