Жаңалықтар
3 мин оқу 133
Негізгі міндет – әлеуметтің әлеуетін әлсіретпеу
Кеше Үкіметте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова брифинг өткізіп, министрліктің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарына тоқталды.
«Біз әлеуметтік жағдай туралы сөз қозғасақ, ең бірінші халықтың жұмыспен қамтылуына баса назар аударуымыз керек. Министрлік осыны ескере отырып үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бағдарлама аясында азаматтарға 1-ші және 2-ші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі беріледі. ҰБТ тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегі, оқу орнына түсе алмаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оқу ақысына, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді әрі стипендия қарастырылады. Тұрғындарды жаппай оқытудың негізгі мақсаты – еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету, сонымен қатар, білім алып шыққан әр адамға жұмысқа орналасуына немесе өз кәсібін ашуына мүмкіндік тудыру. Бағдарлама негізінен үш бағытта жұмыс жасайды. Біз үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап бағдарламаның алғашқы кезеңдерін барлық аймақтарда іске қосуды ойластырып жатырмыз. Бағдарлама шеңберінде алыс аймақтарда тұратын азаматтар үшін мобильді курсты іске қосу жоспарлануда. Бұны мамыр айынан бастап еліміздің 5 облысында қанатқақты негізде енгізуді көздеп отырмыз. Дәлірек айтсақ, олар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары. Осының арқасында адамдар тұрғылықты орнында отырып-ақ білім алып, қалаған маман иесі болып шығады. Айта кететін тағы бір жайт, біз бұрын жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқытсақ, енді еңбек нарығында сұранысқа қажетті мамандарды даярлауға баса назар аударамыз», деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен бірге, министр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында бірқатар мәселелерге көңіл бөлінгенін жеткізді. Олар – сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағидаттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға ықпал ету мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту. Ол, бағдарламаның екінші бағытында, ауылмен қатар, қалаларда да жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалатынын тілге тиек етті.
«Өтеу мерзімі 5 жыл несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз деңгейде сақтала отырып, 3 миллион мен 18 миллион теңге мөлшерінде ұсынылады. Несиенің қолжетімділігін кеңейтуге арналған келесі бір тың шара, бизнесін енді бастағандарға 85 пайызға дейін және жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін несиені кепілдендіру тетігі енгізіледі. Қалаларда шағын несиелеу, ауылдық жерлерге арналған шарттардағыдай, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асатын болады», деді министр.
Министрге жаңғырту бағдарламасына байланысты қай мамандықтардың алып тасталатыны және қай мамандықтардың қажеттілігі артатыны жайлы сұрақтар қойылды. Тамара Дүйсенованың айтуынша, болашақта көмір өнеркәсібі саласы алып тасталуы мүмкін.
«Қазір қарап отырсақ, бізде паровоз өндірісімен ешкім айналыспайды. Мұндай сала да жоқ. Сондай-ақ, хатшы-машинист мамандығы жоқ. Бұрын олар машинкаларда құжат басумен айналысатын. Ал бүгін біздің күнделікті өмірімізде компьютердің рөлінің артқаны соншалықты, қазір бізде ондай мамандарды дайындамайды. Бүгінде бізге қай салалар керек? Біз үлкен жұмыс тобын құрдық. Көмір өнеркәсібін алып тастауымыз мүмкін. Иә, қазір Еуропада көмір өндірісімен айналысатын шахталар көп. Мен бұл мәселе бүгін немесе ертең шешіледі деп айта алмаймын. Бұл мәселе 20 жылдай қаралуы мүмкін. Сондықтан біз бүгін көмір өнеркәсібі саласындағы барлық мамандық бойынша жұмыс істеуіміз керек», деді министр.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа технологиялар жұмыс күшінің орнын басып жатыр. «Бұрын, айталық 10 адам жұмыс істеу керек болса, қазір онда тек бір адам жұмыс істеп жатыр. Себебі барлық жұмыс компьютер арқылы басқарылады. Сондай-ақ, кен игеру өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері де қарастырылуда», деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министр зейнетақыға байланысты да өз пікірімен бөлісті.
«Мемлекет өзінің зейнетақы жөніндегі төлемдерін төлеп келе жатыр. Біз бәріміз жұмыскерлер ретінде жалақымыздың 10 пайыздық жарнасын төлеп отырмыз. Енді біздің осы зейнетақы қорымызға жарна төлеуге үшінші субъект, яғни жұмыс беруші кіруі керек. Олар өз қаражатының есебінен 5 пайыз төлейтін болады. Осы үш субъектіден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесін біз 2020 жылға дейін түзеп бітуді көздеп отырмыз», деді министр.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Бөлісу:

