Жаңалықтар
2 мин оқу 210
Әлеуметтің әлеуеті – электронды жүйеде
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Ақтөбе облысындағы жұмыс сапарын халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен танысудан бастады. Министр орталық қызметкерлерімен өзара ой-пікір алмасу барысында алдымен жұмыспен қамту ісінің жай-күйіне назар аударды.
Бұл бағытта жұмыссыз жүргендерді тіркеу, оларды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау және қайта даярлау курстарынан өткізу жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Дегенмен, министрдің айтуынша, аталған орталық қызметінде әлі де болса ширатып, жетілдіре түсетін тұстар бар. Әсіресе, ақпараттық жүйені одан әрі тереңдету мен бағдарлама шеңберіндегі деректер базасын толықтыруда өзінің шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті.
Қурайлы ауылдық округінің тұрғындарды тұрақты қызметке тарту жөнінде іс бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдармен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарып жүргені оң пікірге лайықты. Бұл орайда былтырдан бері байыпты бағдарлама жұмыс жасап келеді. Оның аясы округтегі 8100 тұрғынды қамтып отыр. Қурайлылықтардың халықты жұмыспен қамту ісіндегі тәжірибелерінен үйренуге облыстың өзге 143 ауылдық округі ықылас танытуда. Бұдан екі-үш жыл бұрын өңірдегі ауыл әкімдері халықтың саны мен тұрғындардың мәртебесін, тұрғын үйлерінің жай-күйін, көлік пен мал санын анықтауды өздерінің қолындағы шаруашылық кітабының көмегімен жүргізіп келген. 2015 жылдан бері бұл тәсіл келмеске кетіп, оның орнын электронды формат алмастырды. Бұл өміршең мәліметтер базасымен жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды жүйенің биылғы жылдың 1 шілдесінде енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру ісіне үлкен септігі мен көмегін тигізе алатындығы да қуантады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кездесулерінде әлеуметтік қорғауды одан әрі жақсарту жөніндегі кеңесте және халықпен кездесулерінде жұмыспен қамтуды жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, министр аймақтағы кәсіби-техникалық мамандар әзірлейтін арнаулы оқу орындарында болып, бір оқушы-студенттің нарық сұранысына сай қос мамандық алуы қажеттілігінің кейбір қырларына тоқталды. Т.Дүйсенова оқу орындарының өндіріспен байланысының өзектілігін, тәжірибеден өткізу кезеңінің жауаптылығын, ең бастысы, студенттердің оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыссыз қалмауы керектігін жеткізді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы
Бөлісу:

