Жарнама
 
Медицина
2 мин оқу 1,680

Құлын неге қырылуда?

Киіктің қырылуынан жүрегі шайлығып қалған Қостанай-Торғай өңірі мал өлсе, алаңдай бастайды. Киіктен кейін Торғай өңірінде біраз ірі қара малдың шығын болғаны бар. Бірақ мал өлімінің киікке қатысы бар-жоғын ешкім дәлелдей алмады.

Құлын неге қырылуда?

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбайдың айтуынша, киік қырылған 2015 жылдан кейін облыстағы 6 аудан­ның сол маңайға жақын деген 18 елді меке­нінде малдың барлығына пастереллезге қар­сы егу шара­лары жүргізілді. Биыл көктемде Аман­гелді, Алтын­сарин, Қостанай, Меңдіғара, Әулие­көл аудан­дарында біраз жылқының іш тас­тап, құлын шығын болды. Бір Амангелді ауданының өзінде 83 бие­нің құлын тастағаны белгілі болған. Оның он бесін ветери­нарлар көзімен көріп, биоматериалдар алған.

– Биыл ауру бес ауданда байқалды. Дер уақы­тында алынған биоматериалдар жіберілген Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік зерттеу орталығы ринопневмония ауруы болуы мүмкін деген диагнозды болжап отыр. Егер орталық мамандары тарапынан осы диагноз нақты бекітілсе, біраз әбігер әкелмек. Себебі, бұл жылқы түлігінің ең қауіпті және өте тез тарай­тын ауруларының бірі, биелердің іш тастауы оның басты белгісі болып табылады. Қазір екі шаруашылық жылқыларында ауру қатты білініп отыр, одан биелердің 90 пайызына дейін іш тастайды, – дейді облыстық ветеринария басқар­масының басшысы Берікжан Қайыпбай.

Осыған орай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шара қолдануды тездету керектігін тапсырды. Жұқпалы ауру тез тарап, бүгін өңірде 104 мың басқа жетіп отырған қыл құйрықтың санын азай­туы әбден мүмкін. Сондықтан, профилак­тика­лық жұмыстардың, оның ішінде ауруға қарсы егудің келесі жылы жүргізілуін күтпей, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігінің алды­на қалыптасып отырған жағдайды жеткізу керек­тігін, ол үшін 60 миллион теңгені облыс өзі қарас­тыруы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, облыс бас­шысы жылқы өсірумен айналысатын адам­дар­дың өздері де малдың күтіміне ерекше назар аударуы керектігін ескертті. Малдың пайдасын өзі көріп, зиянын мемлекет мойнына артып қоюға болмай­­ды. Жылқыны сатып алғанда оны тексеріп, аурудан таза екенін анықтап алуы тиіс. Қайткенде де мал күтімінің жауапкершілігін иесі сезінуі тиіс.

Қазір биелердің іш тастауы байқалған аудан­дар­дағы жағдайды, жұқпалы аурудың таралуын вете­ринар мамандар ерекше бақылауға алған. Бірақ әзірге ринопневмония болуы мүмкін деген ауру­дың жылқылар арасында таралуы, биелердің құлын тастауының жалғасуы байқалған жоқ. Егер жұқ­палы дерт жаппай орын алса, онда ветери­нар­лар шектеу шараларын жедел жүзеге асыруға даяр.

Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ
Бөлісу: