Кадрда − «күлмейтін» драматург
«Күлмесханды» күлдiрген драматург Қалтай Мұхамеджанов» (сатирик Көпен Әмірбектің сөзі) демекші, ол кісінің көзін көргендер күлмей, күлдірмей өткен күнін білер ме екен?

Тілінің тікені бар талант иесінің «Бөлтiрiк бөрiк астында», «Құдағи келiптi», «Қуырдақ дайын», «Өзiме де сол керек» сияқты комедиялары қандай еді?!
Бүгінгі олжамыз – қазақ драматургиясындағы қайталанбас тұлға Қалтай Мұхамеджановтың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған суреті.
– Бұл суретті 1970 жылы түсіріппін. Бірақ оны еш жерге жариялауға ұсынбадым. Себебі, комедиялық драматург Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың екі қолын айқастырып тұнжырап отырған суреті ешкімді қызықтырмас деп ойладым. Осы фотоға түскен кезде Қалтай ағамыз 42 жаста болатын. Ал мен 22 жаста едім. Қалтай ағаның қайталанбас сәті фотообъективке қалай ілінді? Сол 1970 жылы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовқа Лениндік сыйлық берілгенде, Мәскеуден келе жатқан жазушыны Қалтай ағамыз Қызылорда стансасынан поездан түсіріп алып, Қызылордадағы оқырмандарымен кездесу өткізді. Сол кездесуден қалған сурет осы, – дейді қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев.
Болат ағамыз 1998 жылы Қалтай Мұхамеджанов 70 жасқа толғанда осы суретті 60+40 көлеммен үлкейтіп әдемі жақтауға салып, Қызылордаға келген сапарында сыйға тартқан.
– Ой, Қалтай ағамыз бұл суретке қатты қуанды. Негізі ол кісіні талай рет суретке түсірген едім. Қай фотосына қарасам да, үнемі күлкі үстінде жүреді. Ең болмаса езуіне күлкі үйіріліп тұрады, – дейді Болат Омарәлиев.
Енді мына қызықты қараңыз, 1998 иесіне сурет тапсырылғаннан кейін, бір-екі жыл өткесін соң, драматург фототілшіге жолығып қалып: «Болат-ау, сен біздің ауылдың баласы екенсің. Өзімнің інім екенсің, осы уақытқа дейін неге айтпай жүрсің? Қайбір жылы сен берген суретті жоғалтып алдым. Қызылорда да кімнің үйінде қалғанын білмей қалдым. Мүмкіндігі болса сол суретті қайта жасап берші», дейтін көрінеді.
– Мен қуана келістім. Қалтай ағама осы суретті әне жасап берем, міне жасап берем деп жүргенде, ағамыз өмірден озды. Өкініштен ішім удай ашыды. Өкініп қалдым...
Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан»
АлматыСуретті түсірген
Болат Омарәлиев