Жаңалықтар
3 мин оқу 250
«Қазпошта» – жаңа форматта
«Қазпошта» АҚ еліміз бойынша өз филиалдарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде ШҚО, ОҚО, Қарағанды, Алматы және еліміздің өзге аймақтарында жаңартылған пошта бөлімшелері іске қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Талдықорған, Тараз және Ақтау қалаларындағы жөндеуден өткен бөлімшелер ашылды.
Алматы қаласының жаңғыртылған бөлімшесінің ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Кездесу барысында «Қазпошта» АҚ-тың басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов жаңартылған бөлімшенің жұмысымен таныстырып, компанияның қызметтерін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
«Біз барлық бөлімшелерімізді жаңартып, олардың инфрақұрылымын жаңғыртып, бизнес-процестерді қайта қарастырып жатырмыз. Кезекте тұрмай-ақ, көптеген құжаттарды толтырмай жаңа кеңселерге келіп қызметтерді алу мүмкіндігі алматылықтардың көңілінен шығады деп үміттенеміз. Шаһарда қазір 4 жаңартылған бөлімше бар, жоспар бойынша 18 бөлімше жаңартылмақ», деді «Қазпошта» басшысы.
Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, пошта бөлімшелерін жаңғырту барысында жұмыс кеңістігін оңтайландыруға ерекше көңіл бөлінген: операциялық бөлмелердің ауқымы функциялық емес кабинеттерді жою арқылы 9 мың шаршы метрден 19 мың шаршы метрге дейін өскен. Сондай-ақ, жаңартылған бөлімшелерде бір деңгейлі және кедергісіз қызмет көрсету терезелері енгізілген, жеке және корпоративтік тұтынушыларға қызмет көрсету орындары, пошта және қаржы қызметтері залдары бөлінген, операциялық терезелердің саны көбейтілген.
Жаңғыртылған бөлімше жұмысымен танысып шыққан Ө.Шөкеев: «Қазпошта» жұмысының әлеуметтік жүгі ауыр болғандықтан «Самұрық-Қазына» барынша көмектесіп отыр. Бұрын негізгі кіріс көзі хаттардан түсетін еді. Енді басқа табыс көздерін, ақша аударымдары сияқты банктік қызметтерді, транзиттік қызмет көрсететін электронды коммерцияны жетілдіру керек. Нарық заманында бәсекеге қабілетті бола білу үшін пошта жүйесін жаңғыртып үлгеруге тиіспіз», деді.
«Самұрық-Қазына» АҚ-тың құрамындағы компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 2014 жылы іске қосылған трансформациялау бағдарламасы аясында бөлген 3 млрд теңгеге байланыс жұмыстарын жаңғыртуды қолға алған «Қазпошта» жылдың аяғына дейін еліміз бойынша тағы 54 бөлімше, ал екі жылдың ішінде 298 бөлімше ашу ісін қолға алып отыр. Бағдарлама бойынша 197 елді мекенде орналасқан 400 пошта бөлімшесін жаңартуды жоспарлаған «Қазпошта» еліміздегі пошта қызметін барынша арттыруды көздейді.
«Жаңғыртылған бөлімшелердің ерекшелігі – кезексіз қызметтер көрсету ғана емес, алыс ауылдарға бір-екі күн ішінде газет-журнал, басқа да тапсырыстарды дереу жеткізіп беру. Бізге бәсекелес компаниялар көп болғанымен, олар тек қалаларда ғана жұмыс істейді. Ал шалғай жердегі ауылдарда ондай компаниялар емес, тек «Қазпошта» ғана жұмыс істейді», дей келе, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С.Сәрсенов аталған бөлімшелердің жаңғыруы тек күрделі жөндеуді ғана емес, сонымен қатар, технологиялық құрамдардың жаңаруына да ұласатынын, барлық жаңғыртылған байланыс бөлімшелері бірыңғай электронды кезек жүйесімен, бейнеқадағалау және өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
«Жаңа жұмыс форматына көшу халыққа қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге, сәлемдемелерді алу және жөнелту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қысқарды, ал супермаркеттер арқылы берілетін сәлемдемелер саны екі есеге артқан. Бұл бірегей супермаркет тек Қазақстанда ғана бар жоба. Канададан, Голландиядан келген әріптестеріміз ондай супермаркеттерді өз елдерінде де ашқысы келетінін айтқан болатын. Сол сияқты, постамат қызметі де кез келген елде бола бермейді. Біз постаматтарды үлкен бөлімшелерге қоямыз», деді С.Сәрсенов.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Бөлісу:

