Жарнама
 
Жаңалықтар
2 мин оқу 223

Алжир ЭКСПО-ға қатысатынын қуаттады

ЭКСПО-2017-нің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Алжир  Халықтық-Демократиялық Республикасына (АХДР) сапары болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Сапар шеңберінде АХДР-дің Мемлекеттік министрі – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Рамтан Ламамрамен, АХДР ЭКСПО-2017-ге Алжирдің қа­тысуы үшін жауапты Ұлттық сек­ция­сының комиссары – АХДР премьер-министрі істеріндегі сенімді өкіл Мұс­тафа Шакиб Халифпен кездесулер болды.

Алжир сыртқы саясат ведомство­сы­ның басшысымен кездесуі кезін­де Р.Жошыбаев екіжақты ынтымақ­тастық мәселелерін талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Р.Ламамра Астанадағы ЭКСПО-ның жаңа технологиялар ағы­ны мен Қазақстанның халықаралық аре­надағы имиджін жоғарылатуға оң әсер ететінін атап өтті. Алжирлік министр, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 ая­сында Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткізу ИЫҰ-ға мүше елдердің орнықты даму мен қуат тиімділігі салаларындағы ынты­мақ­тастығына серпін беретініне сенім білдірді.

Алжирлік комиссармен кездесу кезінде Р.Жошыбаев көрмені ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқ­тала келіп, Алжирдің түрлі халық­аралық көрмеге қатысудан айтар­лық­тай тәжірибе жинақтағанын, бұған 2010 жылы Шанхайда, 2015 жы­лы Миланда өткен ЭКСПО көрме­лерінде елдің тақырыпты жан-жақты ашып көрсете алғаны үшін «алтын медальдар» иеленгенін атап өтті.

Өз кезегінде М.Халиф алдағы жыл­дың 4 шілдесінде Алжир ЭКСПО-2017 аясында өздерінің ұлт­­тық күндерін өткізуді жоспарлап отыр­ғанын жеткізді. Алжирлік комиссар Қазақстан тарапы ұсынып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы жаһандық экологиялық проблемалар мен қуат жетіспеушілігін шешуге көмектесетінін, ал ЭКСПО-2017 бүкіл әлем елдері үшін, оның ішін­де Африка мемлекеттері де бар, энер­гетика саласында өздерінің жетіс­тік­тері мен жаңа технологияларын көрсетудің платформасына айналатынын атап көрсетті.

Кездесу қорытындысы бо­йын­ша, Р.Жошыбаев пен М.Халиф Ал­жир тарапының ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесіне қатысатыны туралы келісімге қол қойды.

Бөлісу:
Алжир ЭКСПО-ға қатысатынын қуаттады · Egemen Qazaqstan