Көрмеге екі мың кенші барады
Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесіне биыл жазда Рудныйдан екі мың кенші барады. «Дөңгеленген дүние» қазір Астанада тұр. Мұндай көрмені көру,тамашалау – барлық отандастар секілді кеншілердің де арманы. Еуразиялық топтың «Командалық жаз–2017» жобасының аясында Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кеншілердің алғашқы тобы – 500 жұмысшы Астанаға аттанды. Бұл топ өндіріс озаттарынан, жастар тәлімгерлерінен, жарыстарда алып кәсіпорынның намысын жоғары көтеріп жүрген спортшылар мен қоғамдық жұмыс белсенділерінен, кәсіподақ көшбасшылары және жастардан құралды.

Рудныйлық кеншілерді сапарға қалалықтар орталық алаңнан салтанатты түрде шығарып салды.
– Бұл сіздер үшін мәңгі есте қалатын сапар болады. Қазақстанның халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу құқына ие болуы, бүгінде оның табысты өтіп жатуы біздің еліміз дамуының бір айғағы дер едім. Ел экономикасының серпіле дамуына үлес қосып жүрген өздеріңіз. Бұл сапардың металлургтер мерекесімен тұстас келуі зор маңызға ие. Біздің елімізде бейбітшілік пен еңбек салтанат құрған,–деді «ССКӨБ» АҚ әлеуметтік мәселелер мен корпоративтік мәдениет бөлімінің басшысы Александр Макаренко.
Сапарға шыққандарға игі тілекті кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрайымы Татьяна Шерстобитова жалғастырып, олардың Астанадан, ЭКСПО-дан жақсы әсермен оралатындарына сенім білдірді. Кеншілер ЭКСПО көрмесіне жаз бойы осылай топ-топ болып баратын болады.
Сонымен қатар, Астанаға биылғы жаздың аяғына дейін Еуразиялық топ құрамындағы кен кәсіпорындарынан 6,5 мың кеншінің жолы түседі. Олар Еуразиялық топ ашқан академияда оқиды және ЭКСПО көрмесін тамашалайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ

