Жаңалықтар
3 мин оқу 280
Жасампаз Жоба
Елбасымыздың бағалы бастамасы баянды жалғасып жатыр
Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі саясаткер, өз елін тәуекелге толы тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен алып шығып, айналасы жиырма жылдың ішінде дүние дидарына мығым мемлекет ретінде танытқан тұлға, кемел көшбасшы ретінде көрсеткен қасиеттерінің бірі – ойшылдығы. Елбасымыздың осы жылдар ішінде дүниежүзілік қоғамдастықтың ортасына салған көптеген ұсыныстары жүзеге асқаны белгілі. Саясаттың сан түрлі себептеріне байланысты кезінде толық көлемінде орындалуы мүмкін болмаған ойларының өзі уақыт өте келе көкейкестілігін арттырып, қажеттілігін дәлелдей түсуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай ұсыныстарының бірі 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық одақ құру жөніндегі идеясы еді. Содан бергі жылдар адамның күні адаммен болса, халықтың күні халықпен, мемлекеттің күні мемлекетпен екендігін ақыры дәлелдеп шықты. Мұның нақты бір дәлелі – таяуда Владимир Путиннің біздің Елбасымыз идеясын қолдаған мақаласының жарық көруі.
Бұл тақырыпты бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі жұртшылық белсене талқылап жатыр. Ресейлік «Известия» газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына» атты мақаласы жарияланды. Ол біздің газетімізде бүгін беріліп отыр. Бұрнағы күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» атты тақырыпта халықаралық ғылыми форум өткенін айтқан болатынбыз. Біз төменде сол форумға қатысушылардың осы мақала жөніндегі пікірлерін жедел жариялап отырмыз.
* * *
ИДЕЯ ІСКЕ АСУДА
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық Одақ идеясын 1994 жылы біздің университетте алғаш рет көтергенде, шынын айтайын, ол теориялық сипатта ғана қабылданған еді. Ол кезде мұндай Одақтың іс жүзіне асарына сену қиын-ды. Орталықтанудан қашу идеясы барлық республикалардағы басым бағыттағы идея болатын. Еуразиялық одақтың сол кезде іске аспайтындығының себептерін Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында да ашып көрсетіпті. 1993 жылдың қыркүйегінде қол қойылған экономикалық одақ туралы келісімді алты мемлекет қана ратификациялаған. Олардың ішінде Ресей, Украина және Белоруссияның болмағаны тағы бар. Осындай жағдайда Еуразиялық Одақ туралы идеяны саналардың қабылдай қоюы оңай емес еді. Тек саясаттағы сұңғыла мамандар ғана оның болашағы бар екенін ұққан болуы мүмкін. Ал бүгін, міне, сол идеяның нақты іс жүзіне асып келе жатқандығының куәсі болып отырмыз. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың атқарып жатқан істері, Кеден одағының табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Кешегі форумда ол жөнінде көп айтылды. Қоғамдастық мүшелері арасындағы тауар айналымы жеті жылда төрт есе өскен екен, осының өзі – Еуразиялық Одаққа қарсыларға қарсы қолданылатын бұлтартпас аргумент. Форумда қол жеткізілген табыстар туралы айтылғанда барлық тыңдаушылар үлкен қызығушылық білдіргеніне куә болдық. Менің ойымша, интеграциядағы үлкен табыстар әлі алда. Еуразиялық Одақ, ортақ рынок қана бізді зор табыстарға жеткізе алады. Сондықтан мен Еуразиялық Одақтың болғанын хош көремін. Біз жеке-жеке ешқашан да үлкен табыстарға қол жеткізе алмаймыз. Біздің басқа түгілі ғылым мен білім беру ісіндегі ұқсастықтарымыз айрықша. Жалпақ тілмен айтқанда, біз – генетикалық тұрғыдан бір қамырдан жасалған өнімдерміз. Ұлы ойшылдар, көреген оқымыстылардың бәрі соны дәлелдеген. Олар туралы ғылыми форумда да жақсы айтылды. Өз басым Еуразиялық Одақ біздің саясаткерлеріміз белгілеген 2015 жылдан бастап күшіне енетініне сенемін. Виктор САДОВНИЧИЙ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры.Бөлісу:
