Жарнама
 
Қазақстан
2 мин оқу 3,513

Индустрияны өркендету – кешенді міндет

<p>Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету қажеттігін, бұл кешенді міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты кеше Үкіметте баспасөз мәслихаты өтіп, онда Қазақстан өнеркәсібіне &laquo;Индустрия 4.0&raquo; элементтерін енгізу жайы сөз болды.</p>

Индустрияны өркендету – кешенді міндет

Мемлекет басшысы тапсырған жеделдетілген технологиялық жаң­ғыр­тылу жөніндегі міндеттердің орын­далу жайынан хабардар еткен Ин­вестициялар және даму бірінші ви­це-министрі Алик Айдарбаев 2015-2019 жылдарға арналған ин­дус­триялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасын іске асы­рудың ар­қа­сын­да өңдеу өнеркәсібі ай­тар­лықтай өр­кендегенін айтты. Биылғы жылдың он айындағы көрсеткіш бойынша өң­деу өнеркәсібінің өсімі 5,2 пайызды құ­ра­ған және мұндай қарқын барлық сек­торда байқалған.  Ал биылғы ал­ты айдағы жағдай бойынша еңбек өнім­ділігі 14,5 мың АҚШ долларына жетсе, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2017 жылдың 8 айында 23 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құраған.

А.Айдарбаевтың айтуынша, бү­гінде министрлік «Индустрия 4.0»-ге көшу бойынша белсенді жұмыс ат­қарып, осыған қатысты өнеркәсіп са­ласына талдау жүргізген.  600-ден астам кәсіпорын зерттелген жұмыст­ың қорытындысында олардың 20 пай­ызы  материалдық-техникалық жаб­дықталуы жағынан, кадрлық-ұйым­дас­тырушылық тұрғысынан төртінші ин­дустриялық деңгейге өтуге дайын екені анықталған. Бұл жағынан ал­ғанда кен өндірісі саласындағы көр­сет­кіш шамамен 40 пайызды құрайды.

Әлбетте, цифрлы технологиялар негізінде құрылатын индустриялық даму барысында бизнес саласына да инновациялық жобаларды көбірек тарту қажет екені белгілі. Осыған орай кә­сіпкерлік саласын жаңа бағытта дамы­ту, оған «Индустрия 4.0» техно­ло­гияларын енгізуді дәріп­теу үшін бір­қатар шаралар қол­ға алыныпты.  Айталық, бизнеске кө­мек ре­тінде модельді цифрлы фабри­ка­лар құрылады. Осы жылдың со­ңына дейін аталған модельді нұсқа қа­натқақты жоба ретінде кейбір кәсіп­орын­дарға енгізіледі. Осыдан кейін цифр­ландырудың жол карталары әзір­ленетін болады.

Баспасөз конференциясы барысын­да «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төра­ға­сы Берік Бекенов «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу қазақстандық кә­сіп­орындардың жедел дамуына ық­пал ететінін атап өтті.  Оның айтуын­ша, өнеркәсіпті цифрландыру бірінші ке­зек­те өндірістік шығындарды азай­­тып, еңбек жағдайы мен еңбек өнім­ділігін жақсартады. Ең бастысы, ин­дус­трияның жаңа кезеңіне өту отан­дық кәсіпорындардың арасында бәсе­ке­лестікті дамытады. 

Жалпы, «Индустрия 4.0» ретінде белгілі төртінші өнеркәсіптік революция бүгінде жаһандық экономикалық ма­ңызы бар тенденцияға айналды. Бұл ин­дустриялар қазірдің өзінде дамыған ел­дердің экономикалық құры­лы­мын өз­гертіп, дәстүрлі салаларға жа­ңа са­па дарытты. Ақпараттық комму­ни­ка­циялық технология кеңінен қол­да­нылатын жеделдетілген индустрия Қазақстан өнеркәсібін жаңаша сипатта дамытып, қолданыстағы жүйені жеңілдетуге ықпал етеді. Мұның бәрі ай­налып келгенде экономикамызға оң әсер етіп, еліміздің әлемдегі 30 озық ел­дің қатарына кіруіне мүмкіндік жасамақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу: