Жарнама
 
Қазақстан
4 мин оқу 1,390

Мектептегі балалар тағамына көңіл бөлініп жүр ме?

<p style="text-align: justify;">Балалардың денсаулығы мектептегі тамақтан басталатыны бірінші рет айтылып отырған жоқ. Келешегін ойлайтын елдердің қайсысы болса да бұл жайтқа жүрдім-бардым қарамайды. Мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі стратегиялық бағдарламалары бар. Осы мәселеге орай мамандар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, кезекті рет ұсыныстарын қоғам талқысына салды.</p>

Мектептегі балалар тағамына көңіл бөлініп жүр ме?

Жасыратын түгі жоқ. Әлеу­меттік тұрғыда аз қамтылған от­ба­сы­ларын айтпағанда, бала­сы­ның жағдайын жасап отыр­ған ата-ананың өзі де күні бойы жұмыста. Яки болмаса таңер­тең толық оянбаған, тәбеті ашыл­маған баласын сабаққа кеш­іге­ді деп безектеп, тиісінше тамақ­тан­дырып үлгере алмайды. Көп әке-шешенің баласының мектепте не ішіп, не жеп жүргенін бақылап оты­руға қажыры мен уақыты жетпейді.

Мамандар мек­теп­­тегі тамақтандырудың бү­гін­гі тәжірибесі диабет пен он­­ко­ло­гиялық ауруларға апа­раты­нын алға тартып отыр. Бұл мәселені тиімді шешудің төте жолы – мемлекет дұрыс тамақ­тануды ұйымдастыру  мен оны тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қара­жат бөлу тәжірибесін қай­тар­ған дұрыс деп есептейді. Бұл туралы саламатты өмір салтын қалып­тастыру және балалар бағ­дар­ламаларын жүзеге асырумен айналысатын қоғамдық ұйым­дар­дың өкілдері мәлімдеме жасады.

Баспасөз мәслихатында алдымен мектептердегі тамақтанудың қолданыстағы тәжірибесіне талдау жасалды. Мұндай қоры­тын­дылар әрине көңіл көншіт­пейді. Яғни Тамақтану академия­сы әзір­леген стандарттар мен дие­та­лық рациондарға сәй­кес емес. Мектеп асханалары база­сын­­дағы жалға алушылардың иелі­гін­­дегі тамақтандыру ата-ана­лар­дың сапа жөнінде қоятын талаптарымен үйлеспейді. Мектептердегі тамақтандыру ісін басшылық та, ата-аналар да бақыламайды. Жергілікті бюджет те сапалы өнімдерді пай­да­ла­ну­ға жеткілікті қаражат бөл­мейтін көрінеді.

Мәселе көтеріп отырған­дар­дың айтуынша, бұл жағдай­да дұрыс тамақтану әдетін қалып­тастыру қиын. Оқушылар рацио­налды тамақтанбайтындықтан, бұл түрлі ауруларға шалдығу көрсеткішін ұлғайта түседі.

Ал 2016-2019 жылдарға ар­нал­ған «Денсаулық» мемлекет­тік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын іске асыру шең­­берінде, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодекске сәйкес Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің тапсырысы бойын­ша «Мектеп оқушыларының дие­та­сына арналған бірыңғай стан­­дартт­ар» атты әдістемелік ұсы­­ны­с­тар алға тартылды және оны барлық білім беру мекеме­лерін­де жүзеге асыру 2017 жылы орындалуы тиіс болатын.

Тамақтану дағдылары ерте жастан қалыптасатыны белгілі. ДДСҰ деректері бойынша, Қазақстанда балалардың төрт­тен бірі артық салмақтан, ал олардың ішінде тең жартысы семіздіктен жапа шегеді. Бұл жеткіншектер өсе келе инфекциялық емес ауруларға ұшырауға бейім әрі жасына жетпей жер құшу қаупін арттырады. Дәрігерлердің айтуын­ша, қант диабетінің 44 пайызы, жүректің ишемиялық ауруының 23 пайызы, ісік ауруының 40 пайызы артық астан туындаған салмақ пен семіздіктен болады.

– Балалар ауруы түрлері­нің өсуі дәрумендік микроэлемент­тердің жетіспеушілігінен туындайды. Өсіп келе жатқан бала жетілу кезеңінде көп энергия жұмсайтындықтан дәрумен тез сарқылады. Яғни, көкөністер, жемістер, сүт жә­не лактоза жеткіліксіздігі бар­ балаларға айран-сүттен жа­сал­ған қоректік заттарды қа­жетті мөлшерде тұтынуы ма­ңызды, – дейді Қазақ тағамтану ака­демиясының вице-пре­зиден­ті Юрий Синявский.

Дегенмен қазіргі тәжірибе көр­сетіп отырғандай, мұндай азық-түлік стандарттары­ сақ­­­талмайды және оны жіті қа­дағалау жұмыстары жүр­гізілмейді. Жоғары сапалы­ тағам мәзірі өте қымбат, кі­ші жастағы топтар үшін 650 теңгеден басталып, егде жас­тағы азаматтар үшін  960 тең­гені құрайды. Билік тарапынан мұндай қаражатты бөлу көзделмеген. Жергілікті бюджеттердің есебінен оқу­шыларды тамақтандыруға ақша бөлінуі орынды. Сонда ғана диеталық стандарттарды орындауға болады. Кез келген мониторинг ашық жүруі қажет. Және қамқоршылық кеңесін қатыстыру арқылы, сондай-ақ қоғамдағы әлеумет­тік үдерістерге бейжай қара­майтын, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті демеушілерді де тарту керек, деп есептейді ма­мандар.

Сол сияқты еліміздің «Бала құқықтары туралы» заңында әрбір баланың денсаулығын сақтауға айрықша құқығы бар екендігі және оны ұйымдас­тыру тәртібі туралы толық тү­сін­діріледі. Баланың денсау­лы­ғын қамтамасыз ету салама­тты өмір салтын насихаттау, балалар ауруларының ал­дын алу, қолайлы орта құ­ру, баланың сау болып өсуі үшін қажетті сападағы тағам өнім­дерін өндіру мен оны сатуды бақылау негізінде жүзеге асуы тиіс.

Ал Адам құқықтары жө­нін­­дегі уәкіл жанындағы Ал­маты және Алматы облысы бойын­ша ұлттық алдын алу меха­низ­мі тобының мүшесі, «Ұлағатты отбасы» қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның ұсынысы бойынша, мемлекет дұрыс та­мақтануды ұйымдастыру мен оны тиімді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттерден қаражатты бөлу тә­жірибесін қайтарғаны дұрыс. Бұл жағдайда мемлекет тіпті үнемдей де алады. Балаларды кейін ұзақ жылдар емдегенше, бүгін дұрыс тамақтануға баулу – ұтымды шешім. Бұған қоса, ата-аналар мектептің қамқоршылар кеңесі арқылы осы мәселеде белсенділік танытуы қажет.

– Онкологиялық химиоте­рапияның бір рәсімінің құны 1 миллион теңгеге жетеді. Ерте жастан денсаулық күтіміне қар­жыны үнемдеу дұрыс емес және мүмкіндігінше барынша пайдалылығы теңдестірілген азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды. Бұл жағдайда мектепке сүт және сүт өнімдерін қайта оралту ең оңтайлы қадам болып табылады, – дейді өз кезегінде «Аман Саулық» қоғамдық қорының сарапшысы Татьяна Бажова.

– Біз билік пен мектептер­ге әртүрлі бағамен тамақтанды­рудың түрлі кешенді тәсілдерін ұсынамыз: қолжетімді, орта және толық түскі ас. Бала ден­сау­лы­ғы үшін ең ұтымдысы – үзіліс уақытында сүт, йогурт ішу. Егер муниципалитет толық түскі асқа қаражат тап­паса, онда билік өкілдері мек­теп­тің қамқоршылар кеңесі арқылы жұртшылық назарын аудара отырып, бақылауды күшейту керек. Жартылай қар­­­жыландыру мақсатында де­меушілермен әріптестікті із­дес­тіру де жағдайды дұрыс­тау­ға жетелейді. Қол қусырып қа­рап отырмау қажет, – деді Ма­рианна Гурина.

Мамандар сондай-ақ 2018 жылдың қыркүйек айынан бас­тап, Алматы қаласындағы мектептердің бірінде барлық нормалары мен ережелері сақ­тал­ған, мектеп басшылығы, қам­қорлық кеңесі және азық-түлік бөлімінің қолдауымен қанат­қақты жоба іске қо­сы­ла­тындығын атады. Ұйымдас­тырушылар бұл жобадан тек оң нәтижені күтеді. Қысқасы, оқушылардың тамақтануын дұрыстау арқылы, олардың сабаққа деген ынтасы, көңіл-күйі мен білімін жақсарту көз­деліп отыр. Бұл бастама Қазақстанның басқа мектептеріне де тәжірибе таратуға мүдделі тараптармен ынтымақтастық жолындағы үлгі болмақ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Бөлісу: