Алғашқы қоғамдық кітапхана
<p style="text-align: justify;">Күн сайын қаладағы қо­қыс жәшіктеріне тасталған кітаптарды көру атыраулық тарихшы Вячеслав Афа­насьевқа ауыр тиетін. Бір күні белгілі меценат, «Бы­лина» орыс этномәдени бір­­лестігінің төрағасы Ан­д­рей Кораблевқа «Осы кітап­тардың бәрін бір жерге жинау мүмкін болса» деген ойын айтады. Идеяны кәсіпкер де қолдай кетті, соның нә­ти­жесінде Атырауда ал­ғаш рет халықтық кітап­хана ашыл­ды. </p>

Облыс орталығындағы «Колизей» ЖШС ғимаратынан орын алған кітапханаға қазірдің өзінде алты мыңнан астам кітап жиналған.
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бағытында облыста бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Қоғамдық кітапхананың ашылуын да осы бағдарламамен байланыстыруға болады. Мұнда кез келген адам келіп, кітап оқуына және сыйлауына мүмкіндік бар. Мен де кітапханаға көрімдік ретінде біраз кітаптар әкелдім, – дейді Атырау облысы бойынша ҚХА төрағасының орынбасары-Хатшылық басшысы Гүлмира Шәкірова.
Қоғамдық кітапханадан сан түрлі саладағы әдебиеттерді, көркем әдебиетті табуға болады. Тіпті мұнда сирек кездесетін кітаптар да бар. «Былина» орыс этномәдени бірлестігі алдағы уақытта кітапхана жанынан ашық пікірталас алаңын құруды жоспарлап отыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
