Тазалыққа әкім жауапты
Алматыда қала тазалығын қадағалаудың жаңаша жолы іске қосылды. Тың тәсіл көп ұзамай жемісін беруге тиіс дейді мамандар. Неге десеңіз, бұдан былай әкімдердің жұмыс рейтингі тікелей аудан аумағының тазалығына байланысты бағаланады. Енді аудан басшылары жерасты және жерүсті өткелдерінің тазалығы мен жөнсіз жарнамалар жарияланған аялдамалар үшін де жауап беретін болады.

Шаһардағы Жасыл экономика басқармасының өкілдері қолдарына фотоаппарат алып, қала көшелерін жаппай суретке түсіріп отырмақ. Олар тексеріс нәтижесінде анықталған лас жерлердің тізімін әкімдіктегілерге жібереді. Бұл жұмыстар әлеуметтік желілер арқылы да бақыланады. Яғни қай ауданның аумағы барынша таза болса, сол ауданның басшысының жұмысына бес балдық көрсеткіш бойынша жақсы деген баға қойылады. Ал таза қала үдесінен шыға алмағандарға, бұл мәселеге сергек қарауға тура келеді. Мамандардың сөзінше, тексеріс қағазында 13 тармақ бар.
«Оның ең негізгілерін атап өтер болсақ, жолдар мен жол жиектеріне, жаяу жүргіншілер жолы мен арықтардың тазалығына, қоқыс төгетін алаңдарға аса мән беріледі. Себебі қыс бойы қараусыз қалған маңға қоқыс жиналып қалды. Осы бағыт бойынша апта сайын аудандарды аралайтын боламыз. Ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары мен өзен арналарына да жіті назар аударамыз», дейді Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр Сергеев.
