Ауыл режиссерлері шеберлігін шыңдады
Орал қаласында Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының халықтық театр және көпшілік шаралары режиссерлеріне арналған «Кеңістік. Режиссура. Қолтаңба» аймақтық шеберлік сағаты өтті.

Ауыл өнерпаздары Дина Жұмабайдың «Қазіргі театрдағы классика жанры», «Қазіргі театр режиссурасы», «Станиславскийден Мейерхольдқа дейін» тақырыбындағы дәрістерін қызыға тыңдады. Ал Самат Алтаевтың «Бұқаралық іс-шара ұйымдастырудағы режиссерлік интерпретация», «Қоғамдық маңызды ресми мерекелерді ұйымдастыру», «Ұлттық және дәстүрлі шаралар, заманауи шаралар», «Көпшілік мәдени тынығу жұмыстарындағы режиссерлік ұстаным, этика, қолтаңба», «Мемлекеттік ресми мерекелерді ұйымдастырудағы режиссерлік көзқарас» тақырыбындағы тренинг-сабақтары елді мекендерде көпшілік шараларды ұйымдастыру жөнінде таптырмас көмек болды.
– Шараға барлығы 24 режиссер қатысты. Шеберлік сағаты ауыл режиссерлері үшін шын мәнінде даму, шығармашылық тәжірибе алмасу алаңы болды. Кәсіби біліктілігін өсіріп, шеберлігін шыңдап, заман талабына сай өзін-өзі дамытуға сеп деп ойлаймын. Шақырылған тренерлер тыңдаушыларға дайын сценарий бермей, соған жету жолдарын, тақырыпты игеру әдістерін айтты. Өте пайдалы кездесу болды, – дейді осы шараны ұйымдастырушы Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, режиссер Арайлым Ихсанова.