«Шахмат» пəні тағы 40 мектепке енгізіледі
Жуырда республикамыздың тағы 40 орта мектебі «Шахмат мектептерде» бағдарламасы аясында өткен конкурстың жеңімпазы болып танылды.

Қазақстан шахмат федерациясы құрастырған əдістемелік оқулықтары бойынша жаңа оқу жылы, яғни 1-қыркүйектен бастап, сол оқу орындарының барлығында арнайы сабақтар жүргізіледі.
Осы күнге дейін осы бағдарлама Алматы, Павлодар, Қызылорда жəне Шымкенттің 44 мектебінде жүзеге асырылды. Сол жерлерде 2 мыңнан аса оқушы тəлім алуда. Осы спорт түрін дұрыс меңгеру үшін 85 бапкер мен 41 психолог арнайы дайындықтан өтіп, білімдерін жетілдірді.
– «Шахмат мектепте» жобасы – біздің федерация ұстанған басым бағыттарының бірі. Жаңа оқу жылы қарсаңында осы бағдарлама Қазақстанның 34 қаласы мен ауылдардың 84 орта мектебінде өз жұмысын бастады. Ең қуаныштысы, айтулы конкурс республикамыздың барлық облысын қамтыды, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко
