Суретшілер Таразда бас қосты
Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары түркі мәдениетінің ордасы болып саналады. Бұл ретте талайғы Таразға қызығушылар қатары да аз емес. Түрлі тарихи орындар, ежелгі ескерткіштер, тастағы таңбалардың бәрі де ұлт тарихының ұстыны бола алатын құндылықтар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тараз төрінде Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалі өтті. Аталған фестивальға Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан суретшілер келді.

Мәдени шара екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Әуелгі кезеңде еліміздің төрт құбыласынан келген туындыгерлер Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, экскурсия жасады. Экскурсия барысында суретшілер шаһар туралы шығармаларына арқау болатын орындарды таңдады. «Фестивальға қатысушылар Әулиеата жеріндегі Қарахан баба, Айша бибі, Ақыртас қалашығы, Көне Тараз тарихи-мәдени орны және «Жеңіс» саябағы сияқты көрнекті орындарды таңдады. Сонымен қатар қылқалам шеберлері облыс аудандарына да сапар шегіп, өздеріне тиесілі аумақтардың келбетін кескіндеуде», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев.
Еліміздің әр қиырынан келген суретшілер Тараздың табиғаты мен тарихи-мәдени орындары бейнеленген қырық картина салды. Бұл туындыларды олар өздерінің шеберлігі мен суретшілік қиялы арқылы өрбітіп, көне шаһардың көркем әлемін жасады. Ал фестивальдің екінші кезеңі аясында Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында ашық аспан астында көрме ұйымдастырылды. Аталған көрмеге қатысушы суретшілердің шығармалары мен Әулиеата өңіріне белгілі қолөнер шеберлерінің және фотосуретшілердің де туындылары қойылды.
Жамбыл облысы
