Жас ғалымдардың әлеуетін пайдалану керек
Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында білім саласымен қатар, ғылымның дамуына тиісті көңіл бөлу қажет екенін айтып, аталған саланың беделін көтеруге қатысты орамды ойларын білдірді. Бүгінде Қазақстанда ғылымға жұмсалатын шығыс көлемі ІЖӨ-нің 0,13%-ын құрайды. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш – 2-3%. Демек, отандық ғылымға бөлінетін қаржыны көбейту қажеттілігі туындайды.

Бұл орайда ғылымдағы оң өзгерістерді де атап өткен орынды. Мәселен, қазақстандық зерттеушілердің жаңа буыны сан алуан жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын. Атап айтсақ, 2016 жылы шетелдік оқу орындарын тәмамдаған бір топ PhD түлектері Назарбаев Университеті жанынан Жас ғалымдар қауымдастығын құрды. Аталған жобаның түпкілікті мақсаты – ғылыми ортадағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жас ғалымдарға тәжірибе алмасып, бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру.
2018 жылы Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму корпоративтік қорының қолдауымен Жас ғалымдар қауымдастығы жұмыс форматын өзгертті. Қазір бұл қауымдастық Жас ғалымдар альянсы ретінде жаңғырып, Қазақстандағы жетекші білім ордаларының зерттеушілерін біріктіріп қана қоймай, шетелдегі отандастарымызды да өздеріне тарта білді.
Бүгінгі таңда альянстың белсенділері мемлекеттік ведомстволармен және бірқатар компаниялармен байланыс орнатып келеді. Олардың қатарында «Самұрық-Энерго», «Shell» және «Chevron» сынды беделді компаниялар бар. Осылайша, жас ғалымдарға нақты өндірістік мәселелерді шешуге жол ашылып отыр. Жас энтузиастар мұнымен тоқтамай, биыл ғалымдарға арналған қосымшаны әрі ғылыми зерттеуді енді бастаған жандарға оқыту курсын дайындап шығармақ ниетте.
