Қоғам
5 мин оқу 650

Қиырдағы қазақтың әлеуетін қалай көтереміз?

<p style="text-align: justify;">Әлем қауымдастығы алдында тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған этностардың басты қорғаны &ndash; мемлекеті мен оның мызғымас шекарасы десек, одан кейінгі қажеттіліктер қатарына: тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті, сонымен бірге демографиясы кірері анық. Бұрынғы бабаларымыз &laquo;көп қорқытады, терең батырады&raquo; дегенді бекер айтқан жоқ. Бұл тәмсіл бүгінгі таңда &laquo;демографиялық саясат&raquo; деген атпен өзекті болуда.</p>

Қиырдағы қазақтың әлеуетін қалай көтереміз?

Мысалы, 1967 жылы Одақ бойынша жүргізілген санақта Өзбекстан Республикасы аты­нан 10 миллион 896 мың ха­лық тізімделсе, Қазақстан тұр­­ғындары 12 миллион 400 мың­ға жеткен. Яғни, біз ала­тақиялы ағайындардан халық саны жағынан 2 миллионға ар­тық болыппыз. Арада елу жыл өткенде, Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есе көбейіпті. Ал біздер осы ара­лықта бар болғаны 0,5 есе өсіп, 18 миллионға зорға жетіппіз.

Ірге көрші ағайын туысқан жұрттың өсімі өркендеп, біздің кенжелеп қалуымызға себеп көп. Ең әуелі, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдері жаппай сыртқа қоныс аударды.

Соның нәтижесінде байырғы тұрғын халықтың атамекендегі үлесі артты.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев екі жыл бұрын ұйымдас­ты­рылған Дүниежүзі қазақ­та­рының бесінші құрылтайында жасаған баяндамасында, 1991 жылы елімізде қазақтардың үлесі 40 пайыз болса, қазір 70 пайыздан асты дей келе, әрі­ қарай халқымыздың демо­гра­фиялық жағдайын жақсарту үшін атажұртқа ат басын бұр­ған сырттағы қандастар кө­ші жалғаса беретіні туралы айт­са, Мем­лекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев жуықта жа­рия­лаған кезекті Жол­дауында «Үкімет көші-қон үде­­рісін бас­қару үшін пәр­менді шара­лар қабылдау керек» деп ел­дегі демографиялық ахуал­ға қатысты өзінің саяси ұс­таны­мын білдірді.

Қазіргі жаһандану заманында демография мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Өйткені демо­графия саясаты – халық санының артуы ғана емес, урбан­далу, босқындар проблемасы және ұлттар арасындағы қарым-қатынас тәрізді сан-салалы мәсе­лелерді қамтып отыр. Яғни, ­өсі­мі­­ зор, сапалы ха­лық қана ға­лам­дасу процесіне лайықты түрде төтеп бере алады.

Біздің қоғам үшін демо­гра­фиялық көбеюдің бір арна­сы – шеттегі қазақ диаспора­сы. Дүниежүзі қазақтары қа­уым­­дастығы Төрағасының бі­рінші орынбасары З.Тұрыс­беков мырза жақында «Мезгіл» те­лебағдарламасына берген сұхбатында, соңғы 27 жылда 1 миллион қазақ атажұртқа орал­са, бұлар қазір өсіп-өніп 2 мил­лионды құрап отыр де­ді. Сонымен бірге Зауытбек Қауыс­­бекұлы, алдағы күндері 1 миллион қазақты атамекенге қоныстандыру шарасы да қол­ға алынып жатқаны жайлы айтып өтті.

Осы істі тиянақты атқа­ру үшін Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен құ­рылған «Отандастар» қоры КЕАҚ мен Елбасы төрағалық ете­­тін Дүниежүзі қазақтары қа­­уымдастығы бірлесіп аса ауқымды шараларды қолға алып жатқан көрінеді.

Атап айтар болсақ, «Отан­дас­­тар» қоры өз жұмысын жо­­ба­­лық кеңсе форматында қан­дас­тарымыз үшін қызмет көр­сетудің бірыңғай операторы ретінде ұйымдастырып, жедел түрде диаспоралық саясат бағ­дарламасын әзірлеп, жинақ­талған мәліметтерді жүйе­лен­діріп, қосымша зерттеулер жүр­гізу арқылы жандандыруда.

«Отандастар» қоры КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сар­басов мырзаның айтуын­ша, ең әуелі диаспораны мем­лекет­тік қолдау туралы құжат да­йын­далып, соның негізінде «Қазақ картасын» енгізу көз­де­луде екен. Мұндағы мақсат – іштегі һәм сырттағы қандастар жайлы барлық ақпарды шо­ғыр­лан­дырып, елге оралған не­­месе оралушы ағайындарға ақ­­параттық, құқықтық кеңес бе­ру, қажет жағдайда көмек көр­сету мәселесін шешу ісі күн тәр­тібіне қойылмақ. Бұл жұ­мыстар «бір терезе» қағи­дасы ар­қылы – Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау және Ішкі істер министрліктерінің жұ­­­мыс­­тарын үйлестіру арқылы іс­ке ас­пақ.

Келесі бір іргелі жоба – ше­тел­­дегі қазақтар үшін «Qazaq úıi» және «Абай» мәде­ни ор­та­лықтары, «Атамекен» іс­кер­лік үйлерін ашу. Осы ар­қы­лы сырттағы қандаста­ры­мызға қа­­­зақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бойына сіңіруге жол ашылмақ.

Сондай-ақ қор бизнес жә­не инновацияларды дамыту бағытын көздейтін «Saýda» шта­бы арқылы қазақ диаспо­расы мен қазақстандық биз­нес­ өкіл­дерінің іскерлік бай­­­ла­­­ныс­тарын орнатуға ық­­пал­ етпекші. Осы ретте, «Отандастар» бизнес инкубаторы ар­қылы ұлттық нақыштағы өнім өндірушілерді қолдау, қан­дастар арасынан шыққан дарынды кәсіп­кер­лердің бизнес-идеялары мен инвестициялық жобаларына қолдау көрсету, т.б. шаралар бар. Бұл жұмыстар шетелдерде құрылатын «Атамекен» қазақ іскерлік үйі желісі негі­зінде «Самұрық-Қазына», «Қазақ туризм», «Қазақ инвест», «Ата­­мекен» палатасы сияқты қар­жы институттарының араласуымен атқарылмақ.

Осы орайда, Дүниежүзі қа­­зақтары қауымдастығы та­ра­­­­пынан да жоғарыдағы «Отандастар» қоры КЕАҚ бір­­­­­ле­­­сіп атамекенге оралушы­ қан­дас­­тар мен бұған дейін қо­ныс аударған қазақтарды қол­дау мақ­сатында қомақты жоба жасалу үстінде. Атап айтар бол­сақ, Шымкент қаласында іске асы­рылған «Асар» жоба­сы сияқ­­ты, Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан оралмандар үшін жер телімдерін мен­шіктеп, оған әлеу­меттік ин­­фрақұрылымы бар, шағын ауданның құрылы­сын салу жос­парлануда.

Одан кейінгі тағы бір мәсе­лені жасырмай айтқанда, қазіргі кезде шет елдерде, соның ішін­де Ресейде өмір сүріп жат­қан эт­ни­калық қазақтардың тілі мен ділін, ұлттық нышаны мен­ мә­дениетін жоғалту қау­пі бар еке­ні белгілі. Ол үшін жо­­­ғарыда айтқанымыздай, қа­зақ­тар шо­ғырланып қоныс­тан­­ған жерлерде мә­дени-іс­кер­лік орталықтарын құ­ру жұ­мыстарын қолға алумен қа­тар, тіл үйрететін білім орта­лық­тарын дамыту жайы күн тәртібінде тұр.

«Бұл бағыттағы жұ­мыс, әсі­­­­ресе жас буынды оқы­туға ба­­ғыт­талуы тиіс. Бұл тұр­ғы­­да қазақ диаспора­ларының ба­­ла­ларын ана тілінде оқытуға еліміздің интеллектуалды мек­тептері мен жоғары оқу орын­дарының зор мүмкіндігі бар. Осыған орай біз жазғы демалыс кезінде осы жылдан бастап шетелдерден келетін 4000 балаға арналған қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы ла­герь­лер ұйымдастыруды қол­­­ға алдық. Жыл сайын «Бал­дәу­рен» лагерінде қазақ диас­по­ра­ларының 150 баласы демалысын өткізіп жүр. Осы жерде шетелдерде қазақ тілін оқытатын мұғалімдерді даярлау, не болмаса, қазақ ті­лі мамандығына даяр­лау мүм­кіндіктерін қарас­тыру керек. Диаспора бала­лары арасына тіл мен мәде­ниет­ті үйрету үшін жаңа әдіс­темелік еңбектер қажет. Бала­лардың жасына сай қазақ тілін үйрететін интерактивті әдіс­темеліктерді жетілдіру керек. Мысалға, біз «Қастерлі қалам» жобасын ұсындық. Бұл интерактивті қызығушылық тудыратын формада әріптерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді үй­ретеді. Сонымен қатар қа­зақ тіліндегі ертегілер мен өлең­­­дерді тыңдауға мүмкіндік бе­реді», дейді «Отандастар» қоры КЕАҚ мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері.

Сондай-ақ өткен жылы 18 мамырда қабылданған «2018-2022 жылдарға арналған ше­телдердегі этностық қазақ­тар­ды қолдау шаралары туралы» Үкімет қаулысына сәй­кес, Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы мен «Отандастар» қоры КЕАҚ бірлесіп құрған «Дәстүрлі қоржын» жобасы бойынша шетелдердегі қа­зақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерін ұлттық киім, му­зыка аспаптары және ұлттық бұйымдармен қамтамасыз етуді іске асырып жатыр.

– Бұл істердің барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сырттағы қазақтар үшін қолға алынып отырған игі шаралар, – дейді атқарушылар.

Бөлісу:
Қиырдағы қазақтың әлеуетін қалай көтереміз? · Egemen Qazaqstan