Руханият
2 мин оқу 480

Көкшені көркем әнмен көрікті етті

<p style="text-align: justify;">Қазақстан Республика&shy;сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың &laquo;Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру&raquo; бағдарламасы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының өнер маусымы Біржан салдың 185 жылдығына арналған &laquo;Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау&raquo; атты ІV өңіраралық фестивалімен ашылды.</p>

Көкшені көркем әнмен көрікті етті

Өнер кешіне Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов пен Үкілі Ыбырайдың немересі Еле­мес Есетқызы құрметті қо­нақ ретінде қатысты. Биылғы фес­тивальдің басты ерекшелігі – ән мерекесіне Алматыдағы Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­­тық консерваториясының бір топ оқытушыларының арнайы келуі болды. Алдымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Өнер ізін ін­деткен жиында халық әндеріне қатысты кейбір жаңсақтықтар туралы, ән мәтіндерінің өзгеріске ұшырауы, қайсыбір әншілердің ән тарихына бойламай, түсінбестік туындап жататын жайлар әңгіме өзегіне айналды. Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов Бір­жан сал ауданындағы баба рухына арналған іс-шара туралы да тарқатып айтып, осы мәдени шараның өтуіне ұйытқы болған аудан әкімі Ермек Нұғымановқа зор алғысын білдірді. Сондай-ақ ән өнерінің майталмандары күні бұрын фестиваль аясында Біржан бабаның туған жеріне арнайы барып, жергілікті өнерсүйер қауымға концерт қойып, өздері де рухани қуат алып келгендіктерін тілге тиек етті.

Жиында орынды көтерілген мәселе – Арқа ән өнерінің көк­жиегін көркейтіп тұрған тұл­ғалардың насихатталмауына қа­тысты болды. Мәселен, елі­мізде Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Еле­беков атындағы респуб­ликалық ән байқаулары өткізіліп тұрады. Бірақ ән өнерінің бастауында тұрған Біржан сал, Ақан сері, Үкі­лі Ыбырай атында бірде-бір ән байқауы жоқ. Алдағы уа­қыт­та Көкше жерінде осындай республикалық байқаулар ұйым­дастырылып тұрса, құба-құп болар еді десті өнер жанашырлары. Халық мұраларын зерттеуші Мұсатай Ғалым «Он саусақ» әні Үкілі Ыбырайдың әні екендігін нақты дәлелдерге сүйене отырып, өз пікірін ортаға салды. Қазақ­тың ән өнерін асқақтатып жүрген әнші Еркін Шүкіман болса, жалпы бұл сала әлі де бол­­са тиянақты зерттеуді талап ете­тіндігін баса айтты.

Баспасөз мәслихатынан соң, іле сәні мен салтанаты жарасқан концерт басталды. Концерттің шымылдығын Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Көкшетау кестелері» әнімен ашты. Біржан салдың «Сырғақты» әнін Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шү­кіман әсерлі орындап, өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар Біржан салдың «Бурыл тай» әнін рес­публикалық байқаулардың лауреаты Амангелді Күзеубай на­қышына келтіре орындап, жүрек қылын шертіп, көңілді толқытып, жүректі тебірентті. Сондай-ақ бұл кеште дәстүрлі әннің ажарын ашып, мерейін асырып жүрген асқақ әнші Қажыбай Жахин Бір­жан салдың «Айбоз» және Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әндерін жүрекке жеткізіп, құлақ­тың құ­рышын қандырып орындады.    

Гала концертте республи­ка­лық байқаулардың лауреат­тары Сәрсенбай Хасенов, Бауыр­жан Нұр­мұхан, Төлеген Аманов, Шың­ғыс Сәрсенбай ән шырқап, кеш ажарын аша түсті. Осы орай­да, фестивальді ұйым­дас­тыру жұмыстарына атсалысып, қа­зақтың ән өнерін насихат­тап жүрген Сәрсенбай Хасе­нов­тің еңбегі зор екендігін баса айт­қандығымыз жөн болар.

Бұл күн көгілдір Көкшенің көгінде Арқа әндері асқақтаған ақжарма күн болды.

Көкшетау

Бөлісу:
Көкшені көркем әнмен көрікті етті · Egemen Qazaqstan