Аймақтар
3 мин оқу 263

Қуатты «Кировец» тракторы енді Қостанайда шығады

<p style="text-align: justify;">&laquo;Кировец&raquo; тракторының аңызға айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап қазақ даласындағы егіс алқаптарына келе бастаған алып трактордың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аймағында баламасы жоқ болатын. Қазірде де солай.</p>

Қуатты «Кировец» тракторы  енді Қостанайда шығады

Міне, енді «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) қуаты жоғары тракторының жаңартылған, жаңғыртылған нұсқасы Қостанай трактор зауытынан шығарыла бас­тады. Жоба екі ел арасында осы жылдың сәуір айында келісілген болатын. Жаңа Қостанай трактор зауыты облыс орталығындағы Индустриялық аймаққа орналас­тырылған. Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бастамашы болған Индус­триялық-инновациялық даму мем­ле­кеттік бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту жөніндегі тап­сыр­маларының орындалуына бақылау орнату аясында өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Үкімет басшысы жобаны жоғары бағалады.

–Бұл өндіріс еліміздің ауыл шаруашылығын отандық және сенімді, сапалы техникамен қамта­масыз ететін болады. Петербург трактор зауытымен ынтымақтаса жұмыс істеу Қазақстан мен Ре­сейдің өнеркәсіптік кооперацияға қатысуын нығайтты. Біздің ресейлік әріптесімізге өнеркәсіп кооперация­сына белсенді қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ауылшаруашылық техникаларын өндіруді кеңейтуге мүдделі. Алдағы уақытта оны экс­портқа шығаруымыз, жергілік­тен­діруді кеңейтуіміз, сервис дең­гейін көтеруіміз керек. Бұл жоба отандық машина құрастыру ісінің стратегиясы екенін көрсетті, ал бұл мемлекет тарапынан әр уақыт­та қолдауға ие бола береді, – деді Асқар Мамин құттықтау сөзін­де. «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры Сергей Сереб­ряков алдағы уақытта екі жақтың ынты­мақтастығымен нарықты жоғары сапалы техникалармен қамтамасыз етуге сенімді екенін айтты.

–Бүгінде алдымен әріптестер тарапынан жоғары жауапкершілікті сезіп тұрмын. Жаңа технологиялық деңгейге жету, кадрларды даяр­лау, іс бастау оңай емес еді. Со­ның барлығы да тура айтқан уа­қытта жүзеге асып жатыр, оған Қазақстан Үкіметі, облыс әкімдігі, қос зауыттың мамандары мүмкіндік жасады. Алдағы уақытта қол қойылған келісімдер шеңберінде біздің байланысымыз арта беретін болады, – деді Сергей Серебряков.

Қостанай трактор зауытының жұмысын бастаған цех өндірістің алғашқы сатысы болып табылады, оған 2 миллиард теңге инвести­ция салынды. Екінші, үшінші саты­сы 2025 жылы аяқталады. Ол кезде жылына 700 трактор сапқа қойылатын болады, 500 қостанай­лық жұмыспен қамтылады. Ең бас­тысы, цехта трактор сапқа қойылғанға дейінгі жұмыстың 50 пайы­зы жергіліктендіріледі. Келесі жылы Қостанай зауытында «Кировец» қуаты жоғары тракто­рының пластикалық бөліктерін шығару қолға алынады. 2021 жылдан бастап жоғары қысым, балласт жүктерінің түтіктерін, 2025 жылдан бастап, кабиналар, бактар, көтергіш жақтаулар, дискілер, кардан білігі, теңдестіргіш дайын­дау және тағы басқа қажетті бөліктердің барлығы өндіріледі. Үш кезеңде іске асырылатын жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7 миллиардтан астам тең­гені құрайды. Бірте-бірте жергі­ліктендірудің таразы басы осылай салмақтана бермек. Бүгінге дейін 40 шақты трактор сапқа қойылған, оның алтауы сатылып та үлгерді.

Қостанай трактор зауытының ашылу рәсімінде Премьер-Ми­нис­тр­дің қатысуымен «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры Сергей Серебряков жә­не Қазақстан автобизнес қауым­­дастығының президенті Андрей Лаврентьев «ПТЗ» АҚ-ның Қос­­танай трактор зауытының жарғы­лық капиталына кіруі туралы келі­сімге қол қойды. Осыдан кейін Асқар Мамин мен Сергей Сереб­ряков «Кировец» қуаты жоғары тракторына мініп, сынап көрді.

Үкімет басшысы Асқар  Мамин облыс әкімі Архимед Мұхам­бе­товпен бірге Қостанай қаласындағы «Қостанай-МБИ» үй құрылысы комбинатына, қайта жаңғырған «Большевичка» өнеркәсіп коопе­ративіне барды.

ҚОСТАНАЙ

Бөлісу: