Аймақтар
1 мин оқу 200

Құтқарушыларға ескерткіш қойылды

<p style="text-align: justify;">Өмір күнде той емес. Өмір болған соң оның қиын-қыстау, қысыл-таяң, сыни сәттері қатар келіп жатады. Бұл ретте адам өміріне қауіп төндіретін кездер де кездеседі. Осындай алмағайып шақта өздеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан ең алғашқы көмекке келетіндер құтқарушылар екені белгілі. Оларды төтенше жағдайларға қарсы батыл іс-қимыл жасай алатын бүгінгі күннің қаһармандары десе де аздық емес.</p>

Құтқарушыларға ескерткіш қойылды

Егемен елімізде құтқарушыларға құрмет көрсетіп, өздеріне жүктелген міндетті орындау кезінде қаза тапқан мамандық иелірінің рухына тағзым ету үшін Ақтөбе қаласында қоладан ескерткіш қойылды.

Құтқарушылар саябағында орнатылған ескерткіш-монументтің жалпы биіктігі 4,7 метр. Оның тұғырына «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» деген қастерлі сөздер латын тілінде жазылған. Қауіп-қатері мен жауапкершілігі мол мамандық иелеріне қойылған ескерткіш Ақтөбе облысының азаматтық қорғаныс ұйымдары мен ардагерлер кеңесінің бастамасы бойынша бой көтерген. Оның қаржылық шығының құтқарушылардың жанкешті еңбектеріне әркез құрметпен қарайтын меценант-кәсіпкерлер төлеген.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысушылар кәсіби міндеттері мен парыздарын орындау кезінде құтқарушылардың рухына бас иіп, бір минут үнсіз тұрды. Содан соң Ақтөбе қаласында №6555 әскери бөлімнің жауынгерлері бірнеше дүркін аспанға оқ жаудырып, құрмет пен тағзым белгісін көрсетті.

Бөлісу:
Құтқарушыларға ескерткіш қойылды · Egemen Qazaqstan