Аймақтар
2 мин оқу 405

Көлік кептелегі

<p style="text-align: justify;">Шымкенттік оқушы шаһар көшелеріндегі көлік қозғалысын реттеуге атсалысты. Осындай атаумен әлеуметтік желіде таралған видео көпшіліктің қызу талқысына түсіп, жас жеткіншектің бұл ісіне желі қолданушылары алғыс айтты.</p>

Көлік кептелегі

«Мен осы көріністі өз кө­зіммен көрдім. Кептелекте ұзақ тұрып қаламын ба деп алаңдап тұрғанымда, жылдам өткізіп жіберді. Көлік жүргізушілері «жарайсың!», деп мақтап жатты», дейді көлік жүргізушісі Асхат Тәжі­баев.

Осылайша бір сәтте-ақ шым­кенттіктердің ықы­ла­сына бөленген өскіннің есімі – Дастан Өміртаев. Ол сол күні жаттығудан үйі­не қайтып келе жатыпты. Көше қиылысында бағ­даршам өшіп, кептелек туған сәтте жақын маңда полицейлер жоқ екенін түсініп, бір­ден көмекке ұмтылыпты. Кө­лік жүргізушілерін өзінің қол қимылдары ар­қы­лы ба­ғыттап, жағ­дай­ды өз ба­қы­лауына алған. Осы­лайша кө­ше қиылысындағы көлік іркіліссіздігін қалпына кел­тірген.

«Қалада полицейлер кө­лік кептелегін қа­лай рет­­тей­тінін бірнеше рет көр­генмін. Олардың істе­генін қайталадым. Рас, таяқ­шам мен ысқырығым болмады. Сол үшін бағытты тек қолыммен көрсетіп тұрдым. Кептелектен шыққан көлік жүргізушілері маған бас бар­мақтарын көрсетіп, алғыс білдіріп жатты», дейді Шым­кент қаласындағы №114 жал­пы орта білім бе­ретін мек­теп оқушысы.

Әу баста, мектеп оқу­шы­­сының ата-анасы же­ліде таралған видеоны көргенде қатты уайымдаған. Бала­сынан келесі жо­лы мұндай әре­кетті қайталамауды сұ­рап­ты. Сынып жетекші­лері де оқушымен өзара әң­гімелескен.

«Дастанның көшедегі адамдарға көмектескені жақ­сы. Біз оған алғыс айттық. Де­генмен, қауіпсіздік мә­се­лесін назарда ұстауды тү­сіндіріп, ата-анасымен сөй­лестік. Егер де айнала­сында қандай да бір жағ­дай бола қалса, шұғыл қыз­­­меттерге ха­барласу керек­тігін жет­кіздік», дейді №114 жалпы орта мек­тептің директоры Асқар Өмір­әлиев.

Ал мұғалімдері мен сы­нып­тастары 7-сынып оқу­шысының әрдайым айналасына көмектесуге дайы­н тұратындығын айтады. Әзір­ге оқушының бұл іс-әре­кеті қоғамның жақсы ба­ғалауына ие болуда. Поли­цейлер болса, алдағы уа­қыт­та видеоны зерттеп, ба­ла­қайға өз бағаларын бермек.

ШЫМКЕНТ

 

Бөлісу:
Көлік кептелегі · Egemen Qazaqstan