Таным
2 мин оқу 1,050

Ұлттық тағамдар ұмыт қалмаса екен

<p style="text-align: justify;">Шымкенттен мейман келген. Әдейілеп емес, атүсті. Әлдебір шаруамен Көкшетауға ат басын бұрыпты. Ас қамдауға қарататын емес. Орталықтағы мейрамханалардың бірінен өзек жалғасам болғаны дейді.</p>

Ұлттық тағамдар ұмыт қалмаса екен

Асқа қарауға мұршасы жоқ жолаушының етегіне жармаса­тын ежелгі әдетіміз емес пе? Жо­­марттығымды байқасын деп, шаужайына жармасып, қайта-қайта «үйге соқсаңшы, сақтаулы сыбағаң бар», деп қоямын.

– Ет піскенше не заман, кідіріп қаламын ғой, – дейді ол, – дегенмен, сырт жерде Көк­шетаудың етінің дәмін мақ­тайды. Зайыры жеген шөбі­нен, ішкен суынан шығар.

– Мүмкін ол да бар шығар. Біздің пейілімізге орай тәтті болуы да ғажап емес, – деп қоямын мен.

Облыс орталығындағы тө­бесі көк тіреген зәулім мейрам­ха­наларда түстік ас табыла бер­мейді. Олар той-думан өткізуге ғана лайықталған. Ша­ғын дәмха­налардың бірін қо­лай­лы көрдік. Қо­нағым ет жегісі келеді, демек, сыба­ғалы асы қайдан бұйырар екен?..

Әуелі өзбек дәмханасы кезік­­ті. Шымкенттің шырайлы жі­­гітіне олардың ас мәзірі таң­сық емес. Кейін корейдікі. Оған да кідірмедік. Келесісі сы­рахана. Шынын айт­қанда, таба­ныңды қанша тоз­дырсаң да, Көкшетауда ұлттық тағам әзір­лей­тін дәмхананы күндіз қолыңа шы­рақ алып іздесең де тап­пай­сың. Оны айтқан жоқпын. Ұят-тағы.

Жоқ нәрсені іздегеннен ас қамдағанымыз дұрыс еді. Кәрі жылқының шандыры уылжып пісетін уақыт өтіп кетті, біз әлі жүрміз. Іші сезді-ау деймін, әлденеше уақытта қой мына біреуіне кіре салайық деді. Кіре салдық. Жаудан мал айырғандай жусатып жатырмыз. Ішіне ел қонған соң тілге келген:

– Баяғыда жорық жылдарында бабаларымыз өзек жалғар асын қалай дайындағанын білесің бе? Қазан қайнатып отыратын уақыт жоқ. Иі қанған қой терісінен жа­салған торсық пішіндес ыдысқа жыл­қының кесек етін салып, ер тоқымының астына байлап қой­ған. Күні бойы қолтығы жыртылып, жортуылда жүрген жыл­қының еті бір қызып алған соң, қазанның астындағы оттан кем бол­маса керек. Таңертең байласа тү­­сте, түсте байласа кешке дайын болған. Ал мұнда ел аман, жұрт ты­нышта сүйсініп ас ішер, ұлттық та­ғам дайындайтын дәмхана жоқ екен.

– Бар, – дедім мен даусым сәл құмығып, – түнеукүні істеп тұрған. Жөндеуге жабылып қал­ған ғой. Жөнделеді, жөндейміз. 

Жөндейміз дегенім, сыраханасы көп болғанымен, қымызханасы жоқ елдегі кәсіпкерлерге сенгеннен айтқан уәжім ғой.

КӨКШЕТАУ

Бөлісу: