Экономика
4 мин оқу 1,410

Қаржы пирамидасынан қандай қауіп бар?

<p style="text-align: justify;">Жалпы, қаржы пирамидасының &laquo;пирамида&raquo; екенін қалай білуге болады? &laquo;Пирамидалар&raquo; аңғал азаматтарға, елдің қаржы секторына несімен қауіпті?</p>

Қаржы пирамидасынан қандай қауіп бар?

Қаржы секторына сенім әлсірейді

Тұңғыш Президент – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова атап өткендей, қаржы пирамидасы – қаржылық инвестиция саласындағы өте қауіпті әрі кең тараған қылмыс түрі. Оның азаматтарға сан соқты­рып кететінін, әлеуметтік шиеле­ніс­терді күшейтетіні, одан бө­лек басқа да қатерлі жақтары бар. Атап айтқанда, қаржы пирамидасы халықтың қаржы сек­торына, оның институттары мен құ­рал­дары­на деген сенімін күйрете­ді. Ал қар­жы секторына деген сенім төмендеген немесе күйреген елде халықтың қаржы институт­тарында ақша жинауға деген құл­шынысы, құнды қағаздарға ақша салуға деген белсенділігі төмендейді.

– Мәселе халықтың мемле­кет­ке деген кері көзқарасы қалып­та­сатынында болып отыр. Алданған салымшылар мемлекет олардың құқы мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғаған жоқ деп санайды. Нәтижесінде, экономис­тер атап өткендей, кез келген елдің экономикасында маңызды рөл ойнайтын инвестиция көлемі төмендейді, – дейді А.Жүсіпова.

Сарапшы айтқандай, қаржы пирамидасы үнемі алаяқтық сызбасы ғана бола бермейді.

– Кейде қаржы пирамидасы қатысушыларға тауарды сатып алып қайта сатқаны үшін, сол арқылы танымал еткені үшін комиссиялық төлемақы беретін, азаматтарға табыс әкелетін күр­делі маркетингтік құрылым болуы да мүмкін. Сол сияқты, кәсіп­­кердің ұзақ мерзімді жобаны жоспарлау кезінде жіберген қателерінің салдарынан да қар­жы пирамидасы пайда болуы ық­тимал. Оны анықтау үшін алдымен қаржы пирамидасына тән сипаттарды айқындап алу керек.

Қаржы пирамидасының нақ­ты бизнес жобасынан айырма­шылығы – төлем жасау көзі. Егер кірістен төленетін сома қосымша құннан асып кетсе, онда бұл жоба – нағыз «пирамида». Алаяқтық жолмен ақша табатын ұйымдарда негізгі табысы жаңадан келген инвесторлар салған ақшадан құралады. Табыстың жалғыз кіріс көзі – жаңа инвесторлар. Ал «пирамида» күйреген кезде барынан айырылып қалатын – соң­ғы лектегі инвесторлар, – дейді экономист.

Қаржы пирамидалары қан­дай жағдай­да пайда болады? Сарап­шының айтуына қарағанда, нарық­тық экономикаға көшіп, халыққа жинағын сақтау мен көбейту­дің түрлі жолдарын ұсына­тын қар­­жы институттары құрыла­тын, құнды қағаздардың еркін нары­ғы қалыптасқан елде осындай ұйым­дар көбейеді. Хал­қының қар­жы­лық сауаты ­ төмен, ашкөздік белең алған, түрлі күмәнді қаржылық құры­лым­дардың жұмысы заңдық тұрғыда реттелмейтін, оның қыз­метіне шектеу қойылмайтын қоғам­да олар жаңбырдан кейінгі саңы­рауқұлақтай қаптайды.

– Негізі, мұндай кәсіпорын­дардың жұмысындағы күмәнді белгілерді ерте бастан көруге болады. Мәселен, «Гарант 25 Лом­­бардты» алайық. Бұл ком­панияның жұмысындағы жоғары пайыздар ұсыну, салған қара­жатты аз уақыт ішінде есе­леп қайтару, пиарға ерекше мән беру, қолдан жасалған құнды қағаз­дар беру, компания туралы, атап айтқанда оның қаржылық жағдайы туралы деректердің жоқ­тығы, лицен­зия­сының жоқ­тығы әуел бастан белгілі болды, – дейді экономист.

А.Жүсіпова қаржы пирамидасы проблемасымен айналысатын экономистер, зерттеушілер халықтың қаржылық сауатын арттырудан кейінгі басты мәселе мықты заңнамалық база құру деп санайтынын айтты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, «пирамидалар» екі түрлі жағдайда пайда болады: экономикалық өсім қарқын алып, халықтың табысы артқан кезде; экономика­лық дағдарыс күшейіп, халық­тың дәстүрлі ақша құралдарын сақтайтын қаржы институттары мен формаларына деген сенімі құлдыраған кезде. Біздікі соның қайсысы екенін өзіңіз пайымдай беріңіз.

Понцидің «ізбасарлары»

Ең алғашқы қаржы пирамидасы 100 жыл бұрын, 1920 жылы АҚШ-та құрылған көрінеді. Оған дейін де алаяқтық айла-тәсілдер болғаны анық, бірақ алаяқтық әрекетті білдіретін ұғым ретінде тарихта қалғаны осы – «Понци схемасы».

Қысқаша баяндар болсақ, Бостонда тұратын Чарльз Понци есімді азамат БАҚ арқылы өзі­нің фирмасына жарнама жасап, инвесторларға салған әрбір 1000 долларын 3 айдан кейін 1500 доллар етіп қайтарып отырған. Әри­не қайтаратын қаржы да инвес­тор­лардан жиналғаны түсі­нікті. Бір­неше айдан соң алаяқтың өзі тұтқындалып, фирмасы банкрот деп табылды. Тұтқындалған кезде Понцидің фирмасының банктегі шотындағы қаржы көлемі 4 млн доллар болса, берешегі 7 млн-нан асып түсіпті.

Содан бергі аралықта «Понци схемасы» әбден жетілді деуге болады. Оның алуан түрі Қазақ­станда да аз емес. Мәселен, Ішкі істер ми­нистр­лігінің дерегі­не сенсек, 2019 жылдың 8 айында «Қаржы (инвес­тициялық) пирамидасын құру мен басқару» бойынша 14 қылмыстық іс қозғалыпты. 2017 жылы Қыл­мыстық кодекестің осы 217-бабымен 63 іс қозғалып, жұрт 6,341 млрд теңгеден астам шығынға батқан. 2018 жылы қозғалған қыл­­мыстық істер қатары 103-ке жетіп, шығын көлемі 1,863 млрд теңгені құраған. Жалпы, 2017-2019 жылдары қылмыстық істер­ден халық 8,3 млрд теңгеден ас­там ақшасынан айырылыпты. Алай­­да тергеу амалдарының нә­ти­­­жесінде бұл соманың 400 млн-ы, яғни 5 пайызы ғана ие­лері­­не қайтарылды. 

Ақпан айының соңғы аптасында қаржы пирамидалары­­­ның әрекеті елімізді дүр сілкін­дір­гені белгілі. Алдын ала деректер бойынша, «Гарант 24 Лом­бард», «Estate Лом­бард» және «Выгод­ный займ» ком­пания­лары­на ақша салған 2 мың­нан астам адам 5 млрд 411 млн теңгеден айы­рылған. Осы оқи­ғаға байланыс­ты ішкі істер органдары 22 қыл­мыс­тық іс қозғап, 13 адам­ды тұт­қындады. 9 күдіктіге халық­ара­лық іздеу жарияланды.

Қаржыгерлердің айтуынша, Понцидің бүгінгі «ізбасарлары» жеп қойған ақшаны қайтару – қиынның қиыны. «Пирамидадан» ақша алуға қарағанда оған ақша салмаған әлдеқайда оңай деген кеңес береді олар.

Бөлісу: