Елорда
2 мин оқу 660

Дезинфекциялау шаралары жүргізілуде

<p style="text-align: justify;">Қазір оң көзге сол көз қарауыл болатын уақыт. &laquo;Сақ адам сандығын бекітеді&raquo; дегендей, індет күллі адамзатты тығырыққа қуып тыққанда көшеде бейжай, бейсауат жүрмей, үйден бастап қоғамдық орындарға дейін тазалық шараларын қатаң сақтаған ләзім. Себебі тазалық &ndash; саулық негізі. Ауру атанды да жығатынын ұмытпаған жөн.</p>

Дезинфекциялау шаралары жүргізілуде

Қауіпті індеттен қорғану мақсатында еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарында көшелерді дезинфекциялау шаралары жүргізілуде. Айталық Қарулы Күштердің биологиялық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамы Нұр-Сұлтан қалалық дезинфекция қызметімен бірге елорда көшелеріне өңдеу жүргізуді бастап кетті. Дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жиынтығымен жабдықталған әскери қызметшілер және автомобиль құю стансаларының легі жол бойымен бірдей қоз­ғалып, қаланың бірнеше ірі көшелерін өңдеді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабпен өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылған дезинфекциялау жұмыстары аясында арнайы өңдеуге арналған аумақтарды жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Жеке құрам мен әскери техниканы жұмыс барысында әскери полиция алып жүреді. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында вирус­ты жұқтыру қаупі бар 80-нен астам нысан өңделді.

Ел Президентінің Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік ко­миссияның отырысында Қарулы Күштерді көшелерді дезин­фек­циялауға тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ірі елді мекендерде де аталған жұмыстар ұйымдастырылуда. Атап айт­қанда, әскери қызметшілер тиісті жергілікті атқарушы ор­гандардың жоспары бойынша Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және басқа қалаларда нысандарды арнайы өңдеуге кірісті. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі биологиялық қорғау бөлімшелерінің санын ұлғайтпақ.

Жалпы, елордада қала көше­лері, тротуарлар, аялдамалар және басқа да қоғамдық орын­­дар күнде­лікті арнайы ері­­тінділермен дезинфекциялануда. Қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануар­лар үшін қауіпсіз. Қала аумағын ерітіндімен өңдеуге күн сайын 450 адам қатысады. Сондай-ақ әуежайда, вокзалдарда, әлеуметтік нысандарда, базарларда, сауда ойын-сауық орталықтарында және басқа да адам көп жиналатын жерлерде дезинфекциялау шаралары, санитарлық тәртіп кү­шейтілді. Жұмыс орындары мен ғимараттарда мұқият өңдеу жүргізіліп жатыр. Қызметкерлер медициналық маскалармен, антисептиктермен және басқа да медициналық қорғаныс құ­рал­дарымен қамтамасыз етілген. Жоспар бойынша 2 мыңнан астам тұрғын үй дезинфекциядан өтуі қажет. Пәтер иелері кооперативтері мен қызмет көр­сетуші компаниялар үйлердің кіреберістерін, есіктерді, лиф­тілерді, сүйеніштерді, терезе жақтауларын және т.б. де­зин­фекциялауға міндетті. Елор­дада коронавирус инфекция­сының таралуына жол бермеу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. Жедел штаб жұмыс істейді. Қала тұрғындары тәртіпті сақтап, қажетсіз үйден шықпауы, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет, деп хабарлады қала әкім­дігі.

Ал Алматы қаласында үйлер­дің кіреберісі мен қоғамдық орын­дардағы дезинфекциялаудан соң тұрғындардың қауіпсіздігі мақ­сатында пәтерден бес сағат көлемінде шықпауды өтінген хабарлама таратылды. Сондай-ақ өңдеу жұмыстары алдын ала да­уыс зорайтқышпен хабарланады, ал өңдеуден соң кіреберістерге келесі дезинфекция­лау шарасының кестесі ілінеді. Шаһарда барлығы 2868 үйдегі 8633 кіреберісті арнайы ерітіндімен өңдеу жос­парланған. Сонымен бірге қала ішіндегі өзендердің жағалаулары да өңделмек.

Бөлісу:
Дезинфекциялау шаралары жүргізілуде · Egemen Qazaqstan