Бағытымыз анық, жолымыз түзу
Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды толық және уақтылы орындау – стратегиялық мақсаттарға жетудің кепілі
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» – Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» туралы Қазақстан халқына Жолдауы алдағы уақыттағы еліміздің басты стратегиялық мақсаттарын анықтап берді. Бұл мақсаттарды іске асыру қалыптасқан Қазақстанның мемлекеттілігінің, ұлттық экономикасының, азаматтық қоғамының, қоғамдық келісімінің, өңірлік көшбасшылығы мен халықаралық беделінің кез келген дағдарыстың сынына төтеп беруіне мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз.
Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды толық және уақтылы орындау – стратегиялық мақсаттарға жетудің кепілі
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» – Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» туралы Қазақстан халқына Жолдауы алдағы уақыттағы еліміздің басты стратегиялық мақсаттарын анықтап берді. Бұл мақсаттарды іске асыру қалыптасқан Қазақстанның мемлекеттілігінің, ұлттық экономикасының, азаматтық қоғамының, қоғамдық келісімінің, өңірлік көшбасшылығы мен халықаралық беделінің кез келген дағдарыстың сынына төтеп беруіне мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз.
Биылғы Елбасы Жолдауының ерекшелігі сол – Қазақстан тым құбылмалы тарихи жағдайда жаңа саяси бағыт алып отыр, біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгерді, жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін жоспарлау көкжиегіміз кеңейді, кезекті дүниетанымдық серпіліс жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Әрине, бұл мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланудың және сол арқылы табысқа жетудің бірден-бір кепілі берілген тапсырмалардың толық және уақтылы орындалуы болып табылады.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін Президент Әкімшілігі нақты іс-шаралардың атаулары мен орындалу мерзімдерін белгілеп, әр жылға арналған Жалпыұлттық жоспарларды бекітуді Елбасына ұсынады. Осындай жоспарлар бойынша 2007-2013 жылдардың бекітілген 554 іс-шараларының биылғы бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша 437-сі орындалған, 117-сі орындалу үстінде, оның ішіндегі 104 іс-шарасы 2012-2013 жылдардың жоспарлары шеңберінде орындалу үстінде.
Сондай-ақ, 2012 жылдың қорытындысына қатысты ақпарат бойынша Президент Әкімшілігі Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының және Астана қаласының 2030 жылға дейінгі орнықты дамуының стратегиялық жоспарлары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының, денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары және 6 тұжырымдаманың орындалуына бақылау жасауды жүзеге асырып келеді.
Бұл аталған тапсырмалардың барлығы дерлік мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаттарының бірі – алдағы уақытта еліміздің әлемнің 30 ең дамыған мемлекетінің қатарына кіруі үшін қолда бар мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстыру. Бүгінгі таңда бұл стратегиялық мақсатты жүзеге асыруды қамтамасыз етудің арнайы тұжырымдамасының жобасы дайындалып жатыр.
Президент Әкімшілігінде Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды қамтамасыз ету оның 2010 жылғы 27 сәуірдегі №976 Жарлығымен бекітілген ережелердің талаптары бойынша жүзеге асырылады. Бұл ережелерде тапсырмалардың сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нормалар қаталдатылған. Тапсырманың орындалу мерзімі ұзартылып жатса, әсіресе, екінші рет ұзартылса, онда орындаушы мемлекеттік органның жауапты саяси лауазымды тұлғасына тәртіптік жаза қолдану мәселесі қарастырылады. Мысалы, «Ауыз су» бағдарламасына қатысты салынған объектілердің жұмыс істеуі туралы тапсырмалардың іске асырылуына қажетті бақылауды қамтамасыз етпегендері үшін Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарының аудан және қалалық атқару органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, тұрмыстық қоқыс-қалдықтарды жою, көгалдандыру технологиялары мен су қоймаларын биологиялық тазарту әдістерін енгізу және инвестициялық саясатты іске асыру мәселелеріне қатысты Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмаларын талаптарға сай орындамағандары үшін Алматы қаласы әкімдігінің, Индустрия және жаңа технологиялар және Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің жауапты басшылары мен қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, Нұра өзенін тазарту мәселесі бойынша берген Мемлекет басшысының тапсырмасын толық және уақтылы орындамағаны үшін Су ресурстары комитеті басшыларының бірі тәртіптік жауапқа тартылса, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның инвестициялық жобаларын пайдалануға енгізуді кешіктіргені үшін Атырау облысы әкімдігі аппаратының бөлім басшысына тәртіптік жаза берілді.
Объективті себептерге байланысты тапсырма толық емес немесе сапасыз орындалған жағдайда оның мерзімін ұзарту туралы мәселені Мемлекет басшысының өзі немесе Президент Әкімшілігінің Басшысы шешеді.
Тапсырманы орындауды қамтамасыз ету үшін орындаушы мемлекеттік органдар мен жоғары басқарушы органдардың өзара алдын ала келісілген арнайы «жол картасы» жасалады. «Жол картасы» орындаушылардың тапсырманы орындау барысындағы әрбір қадамын белгілеп береді.
Аталған Жарлықтың тағы бір талабына сәйкес, Президент Әкімшілігінің Басшысы Елбасына оның тапсырмаларының орындалу жай-күйі мен бақылау нәтижелері туралы жарты жыл сайын бір рет баяндайды. Баяндама бойынша Елбасы мемлекеттік органдарға өзі берген барлық тапсырмаларының ағымдағы орындалу барысы мен қарқынын көре алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосымша тапсырмалар береді. Стратегиялық мақсаттарға жетуге бағытталған тапсырмаларды осылайша Елбасы өзі қадағалап, өзі оларға қатысты дер кезінде пысықтаушы нұсқаулар беріп отырады.
Жылдағы әдетіміз бойынша 2013 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы Мемлекет басшысына баяндалды.
Биылғы жылғы Жолдаудың Жалпыұлттық жоспарын орындау аясында мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері, сондай-ақ, жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің жаңа заңдары қабылданды.
Үкімет көтерме сауданы мемлекеттік қолдаудың тетіктерін жүйелік деңгейде айқындап берді. Парламенттің қарауына жеке детективтік қызмет туралы заң жобасы енгізілді. Республика бюджет саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия, «А» корпусына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары және мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсу тетіктері туралы, сондай-ақ, мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы Мемлекет басшысының жаңа Жарлықтары қабылданды. Елбасының құқық қорғау органдарын реформалауды жалғастыру мақсатында «Құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы қабылданды.
Президент Әкімшілігіне: Қазақстанның қорғаныс қабілеттілігін одан әрі нығайту және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің түрлі тетіктеріне қатысу; мәдени-ізгілік, ғылым-білім және басқа да аралас салалардағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету; экономикалық және сауда дипломатиясын одан әрі дамыту; гендерлік теңдік саясатын одан әрі жетілдіру туралы жауапты орындаушы мемлекеттік органдардан бірқатар ұсыныстар енгізілді.
«G-GLOBAL» үндестік алаңын кеңейту жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін «G-GLOBAL» хатшылығы тұжырымдамасының және оны құру жөніндегі «жол картасының» жобалары әзірленді.
Сондай-ақ, 2015 жылдан бастап білім мен медициналық сақтандыруға қаражат салушы компаниялар мен азаматтарды салықтан босату тәжірибесін және 2020 жылдан бастап салықтық кредиттеу тәжірибесін енгізу жөніндегі ынталандыру шараларының кешені; инновациялық технологиялар паркі және «Назарбаев Университеті» білім беру акционерлік қоғамының базасында перспективалы ұлттық кластерлер құру жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін арнайы «жол карталары» әзірленді.
Алайда, 2012-2013 жылдардың Жалпыұлттық жоспарларының тапсырмалары бойынша орындау мерзімдері түрлі себептермен ұзартылған 17 тапсырма бар. Мысалы, оның ішіндегі Елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын және Қазақстан азаматтарының өмір сүру қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды алып тастау туралы тапсырмалар. Үкімет басшылығына жоғарыда аталған баяндамада көрсетілген мемлекеттік органдар жол берген кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдап, Президент Әкімшілігін жылдың қорытындысы бойынша хабардар ету тапсырылды.
Мемлекет басшысы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген тапсырмаларының да жай-күйі мен олардың орындалуын мұқият қадағалап отырады. Қажет болған жағдайда өзі өткізетін кеңестердің күн тәртібіне енгізіп, жіберілген олқылықтарға назар аударып, хаттамалық тапсырмалар беріп отырады. Осындай жедел ұйымдастыру шараларының арқасында Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мен Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қайтадан пысықталып, оларға тиімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, аталған стратегиялық мақсаты маңызды құжаттардың жоспарланған индикаторлары мен көрсеткіштерінің сандық деңгейлері оңтайландырылды. Сондай-ақ, екі рет қайта қарау жүргізілгеннен кейін «Индустрияландыру картасына» жобаланған инвестиция көлемі 11 трлн. теңге болатын 779 жоба кірді, біртұтас алғанда, 2012 жылдың қорытындылары бойынша 26 мың жұмыс орындары құрылған, 292 млрд. теңге сомасы бар 162 жоба енгізілген.
Тағы да бір басты стратегиялық мақсаттарымыздың бірі – 2050 жылғы Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет құру, білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болатын, бейбітшілік пен тыныштық салтанат құратын, азаматтары еркін және тең құқықты болатын, билігі әділ, заңдары үстемдік ететін қоғам құру. Сондықтан да, тек Елбасының жолдаулары ғана емес, сонымен қатар, оның барлық басқа да мемлекеттік органдарға күн сайын беріп жататын тапсырмаларының әрқайсысының орындалуының нәтижелері стратегиялық мақсаттарға жетуге бағытталған деп айтуға толық негіз бар.
Қорыта келгенде айтарымыз, Елбасы белгілеп берген стратегиялық мақсаттармен ілгерілеп бара жатқан түзу жолымыздан ешкім де, ештеңе де бізді тайдыра алмайды. Стратегиялық мақсаттарға жетуді қамтамасыз ету – Қазақстанның әр азаматының, әр мемлекеттік қызметшісінің парызы. Тек, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасының орындалу барысына мұқият қарау қажет. Ал олардың уақтылы орындалуына еңбексүйгіштік тәртіппен, патриоттық сезіммен әркімнің кепіл бола білуі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.
Мирболат ЖАҚЫПОВ,
Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігі
Жалпы бөлімінің меңгерушісі.
