Қоғам
7 мин оқу 1,390

Баянауылдың туризмі – табиғатын сақтаумен маңызды

<p style="text-align: justify;">Төтенше жағдай, індеттің таралуынан халықаралық туристік бағыттардың азаюына орай осы жазда өңіріміз туристерді қабылдауға дайындалуда. Алдын ала есептеу бойынша Баянауыл ұлттық паркінің курорттық аймағы 300 мыңға жуық туристі күтуде.</p>

Баянауылдың туризмі – табиғатын сақтаумен маңызды

Былтыр Үкіметте еліміздің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы бекі­тілді. Бағдарламаға енген 10 ең перспективалы туристік бағыт­тардың қатарында Баянауыл ку­рорт­тық туристік аймағы да бар.

Осы жақсы бастамаға орай об­лыс­тық Туризмді дамыту және спорт басқар­масы эко­логия, кө­рік­тендіру, әуежай, жол, ин­фра­құры­лымдарды жасау, инвестор тарту, маркетинг, жарнамалау сияқты бағыттармен жұмыс жасауды жос­парлапты. Бұл 10 бағыт бо­йынша республикалық бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінбек, 30-дан астам жоба да белгіленді.

Бұл қыруар қаржы демалыс айма­ғында инфрақұрылым салуға, жолдарды жөндеуге, электр желісін тартуға, күш­тік транс­форматорлар, вакуум­ды ажы­­­рат­қыштар, кабель өнім­дері, тірек­терге арналған ірге­тас­тар, темірбе­тон­дар тұр­ғызу­­ға жұмсалатын болған. Биодәрет­ханалар, орындықтар, қоқыс жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар бой көтереді деп жоспар түзілді.

Мәселенің мәнісіне келсек, Үкіметтің туризм саласын да­мы­туға арналған мем­лекеттік бағ­дар­ламасы арқылы жүзеге асырылатын Баянауылдағы демалыс аймағындағы бұл жерлер әлі «Баянауыл» ұлттық паркіне тиесілі. Жобаларды іске асыру үшін жер бөліктерін аудан әкімдігінің қарауына өткізу керек екен.

Парк аумағының аудан орта­лы­ғы тұсындағы негізгі бөлігі 50 мың 688 гек­тар жер. Табиғи парк еліміздің Ауыл шаруа­шылы­ғы министрлігіне қарасты Ор­ман шаруашылығы комитетіне қарайды.

Еліміздің заңнамаларына сәй­кес, «Ерекше қорғалатын жерлер­ді» шетелдік инвесторлар да тұ­рақ­ты пайдаланушы ретінде ала алмайды.

Әрине Ұлттық саябақтың бас­ты мақсаты – ерекше қорғалатын, әлем­де сирек кездесетін жануар­лар мен өсім­дік­терді қорғау. Аумақ­­та көптеген ар­хео­логиялық ес­керт­кіштер, қола дәуі­рінен қал­­ған қорғандар, тастағы жазу­лар мен таңбалар, үңгірлер бар. Ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тар­дағы туристік қызметті рет­тейтін негізгі нормативтік құқық­тық акті­лер «Ерекше қорғалатын та­би­ғи аумақтар» туралы заң, Жер және Орман кодекстері бар.

Мысалы, жаңа бағдарламада мем­­лекеттік табиғи қорық аума­ғында қорғау­дың қорықтық ре­жі­мі орнатылады, мемлекеттік таби­­ғи қорықтың қызметімен бай­ла­нысты емес ғимараттарды (құры­лыс­тарды), жолдарды, құ­бырларды, электр беру желі­лерін және басқа комму­никациялар мен объектілерді салуға тыйым салынады делінген.

Сондықтан парк мамандары демалыс аймағына инфрақұ­ры­лымдарды жасаған кезде жер бедерлерінің ерекшеліктері еске­рілуі қажет дейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын арнайы қаржы бөлініп, демалыс аймағына кіре беріс аумаққа автотұрақ салынды. Бірақ тағы да сол – жер мәселесі, автотұрақты парктің иелі­гіне беру шарт.

Жергілікті биолог, ғалым Қа­­нат­бек Алтаевтың айтуынша, ұл­ттық парктерге туристерге арнал­ған эко-туризм, ме­ди­­­­ци­налық,тарихи-танымдық туризм ба­ғыт­­­тарына арнайы ин­фрақұрылымдық бағ­дар­ламалар қажет. Баянауыл ай­рық­ша қор­ғалатын рекреациялық ай­мақ бол­­ғандықтан, қоршаған ортаны қорғау міндет. Табиғат қорғау ша­­ра­­­­­ла­­ры­ның жеткіліксіздігі, зама­науи инфрақұрылымдардың болмауы, ма­ңайында орналасқан ауылдарда кәріз жүйелерінің салынбауы – табиғатқа зиян.

Яғни Ұлттық парк аумағына қарас­ты демалыс аймақтарын турис­тік тұр­ғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қыз­меті елі­міздегі заңнамалар негізінде рет­телуі қажет. Заң талап­та­рын­ орындамай демалыс ай­ма­­­­­­­ғы­нан жерді жалға алып, өз кә­сі­­­­бін жасаушылар табиғатқа зиян келтіреді. Жасыбай көлі жа­ғасындағы же­ке­меншік демалыс үйлерінен, дәмханалардан шығатын қалдық су қайда барады, көлге құйылуда.

Туризм басқармасының мәлі­метінше, демалыс аймағында көл жағалай орын тепкен демалыс үйінің иелері «Ерекше қорғала­тын табиғи аумақты» мақсатты пай­даланғандары үшін мемлекетке тиісті мөлшерде салық төлей­ді. Жасыбай көлі маңындағы «Қа­зақстан алюминийі» АҚ-ның­ «Кристалл» демалыс үйі, Ақ­су ферроқорытпа зауытының, Екі­бастұздағы «Богатырь» кені­шінің демалыс үйлері халық­ара­лық та­лаптарға сай.

– Салық төлейді деген ақ­талу емес. Жалпы,туристерді Жасы­бай, Торайғыр, Сабынды жа­ға­лауына жеке-жеке бөліп, үш жерге орналастырған жөн. Су мен кәріз жүйелері инфрақұры­лым­дары жасалмай көлдердің, демалыс аумағының тазалығы сақ­талмайды, – дейді Қанатбек Алтаев.

Ал «Ақжан» туристік ақпа­рат­тық орталығының басшы­сы, туризм саласының арда­гері Жұмагелді Дүйсекеев Баян­ауыл­дың экологиялық қазіргі жағ­дайына алаңдаулы.

Айтуынша, Баянауылда Ұлт­тық табиғи парк 1985 жылы ашыл­ды, сол кездегі мәлімет бойын­ша Жасыбай көлінің түбі 4-6 метрге дейін көрінетін болған.

– Қазір су неге лай? Жалпы, табиғатты күтудің, оған түсетін салмақтың белгілі мөлшері бар. Ұлттық парктің аумағы 60 мың га болса, соның 14-ақ мың га жеріне туристерге келуге рұқсат берілген. Заңдылық бойынша жазғы демалыс 3 ай уақыт ішінде 14 мың га жерге демалуға 35-40 мыңдай турист келуі тиіс. Қазір Жасыбай аумағында 150-200 мың турист демалады. Бұл жағдай табиғатқа антропогендік әсерін тигізуде. Көлдің суының лайлануы демалушылардан келген залал, – дейді Жұмагелді ағамыз.

 Мысалы, бір ғана Жасыбай көлінің аумағында 24 қонақүй, 40-тан аса дүңгіршек, дәмханалар бар. Инфрақұрылымы жоқ демалыс аймағында демалушылар санының көбеюі, осыншама қонақүйдің орналасуынан көлге, табиғатқа зиян келуде.

– Баянауылдағы туристерге демалуға лайықты орындар Торайғыр, Сабынды көлдерінің аумағын неге іске қоспасқа? Қа­был­данған бағдарлама арқылы осы мәселені іске қосуымыз керек. Осы жоба арқылы Жасы­бай көлі аумағына түсетін ту­рис­тік әлеуеттің салмағын бө­лі­суге, азайтуға тиіспіз, – дейді Жұма­гелді Дүйсекеев.

Ал Торайғыр көлінің жаға­сын­дағы Торайғыр ауылына Англия, Франция, Қытай, Оңтүс­тік Корея, Канада, Бразилия елі­нен жыл сайын туристер келеді екен. Экзотикалық, жабайы таби­ғатымыз шетелдіктерді қат­ты қызықтырады. Шетелдік турис­терді, альпинистерді жып-жылтыр жартасты, жақпар тасты Ақбет тауы қызықтыра шақырады. Көл жағасында теңіз деңгейінен есеп­тегенде биіктігі 1026 метр­ден асатын, ені 7 шақырымдай тау батыстан шығысқа қарай 17 шақырымға созылып жатыр. Баурайында Торайғыр, Сабынды, Жасыбай көлдері жарқырайды. Бұлақтары сансыз.

Хан Абылай үш жүздің басын қосып қалмақты жеңгенін тойлаған Баянауыл, Сабынды көл басында:

Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.         

Мың жеті жүз отыз төртінші жылында еді,

Үш жүздің басын қосқан жиын еді, – деп жырға қосқан Са­бынды ­көлдің жағасы танымдық-тарихы туризмге сұранып-ақ тұр. Көл жағасында Абылайдың «көк жартасы» деген жартас қалған.

Ендігі мәселе – Үкімет қабыл­даған бағдарлама көлдері ластан­ған, шағын бизнес нысандары шашыраңқы орналасқан, заманауи инфрақұрылымы жоқ демалыс айма­ғын назарға алу. Бұл бағдарлама алдағы уақытта Баянауылдың туризмі қандай болмақ деген сұраққа жауап берер.

Парк қызметкерлері індет тараған дәл осы уақытта арнайы жұмыс тобын құрып, демалыс айма­ғындағы сауда орындарының жалгерлеріне медициналық тек­серіс­ке қойылатын талаптарды күшейту қажет. Жергілікті поли­цияның қоғамдық тәртіпті сақ­таудағы жұмысы дұрыс жолға қойылса деген өтініштерін білді­руде.

Өйткені демалушылардың көбі шатыр-күркелерін, тұрмыс­тық заттарын тиеп алып келеді. Көлік­теріне түнейді. Көл жаға­сында самаурын қойып түтін­детіп, тіптен қазанға ет асқысы келе­тіндер де бар екен.

Кейбірі «MAN», «VOLVO» се­кілді шетелдік автобустар іші­не кереуеттер орнатып, жатын­жай да жасайды. Аумақта күр­келер тігілетін арнайы орын бел­гіленгенімен, ол талаптарды ескермейді. Заңнама жүзінде туристік нормативтік-құқықтық актілер болмағандықтан, демалу ережелерін бұзу орын алуда.

Бізді әр баянауылдықтың «туризмнің дамығаны жақ­сы, бірақ табиғатты сақтап қалуы бәрінен де маңызды» деген шы­найы патриоттық сезімдері қуан­тады. Кесенелері алыстан көз тартқан аруақты ата-бабаларымыз, батырлар жатқан жерді, тау-тастарды, тарихи үңгірлерді сақтап, табиғатты қызғыштай қорғайды. Ата-бабаның қолтаң­басы қалған таудың тастарын қо­парып, тасып әкеткендер заң жүзінде жазаланса дейді.

Иә, туризм – қазіргі күні әлем­де­гі өте табысты салалардың бі­рі. Ха­лықтың өмір сапасын анық­­тай­тын әлеуметтік факторға ай­­нал­ды. Туризмнің дамуы – әр елдің мәдени салт-дәстүрлерінің сақталуына, қолөнерінің жаңғы­руына, тарихын білуге ықпал жасайды. Баянауылдағы турис­тер жиі баратын орынның бірі – Қоңырәулие үңгіріне баратын жолға баспалдақтар орнатылды.

Жалпы, Баянауылдың турис­тік әлеуеті кең, мүмкіндігі жетеді, бірақ заңдылыққа сай пайдалана алмай келеміз. Мысалы, облыс орталығынан Баянауылға жеткізетін жыл сайын көктемгі тасқын астында қалатын респуб­ликалық жолды күтіп ұстау-турис­тік әлеуеттің негізгі тамыры деуге болады.

 Кешегі күні облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Баян­ауылдағы Жасыбай, Сабынды және Торайғыр көлдерін аралап көргенін, бірақ туристер үшін қарапайым жағдай да жасал­ма­ғанын айтты. Жаңа жос­парды жа­самас бұрын алдымен қолда бар инфрақұрылымды қосып, дайындығын тексеріп алмақ.

– Қазір облыстық Туризм бас­қармасы, аудан басшылығы және осы салаға жауапты орынбасарым курорттық аймақты дамыту жоспарын дайындауда, – деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Биылғы жылы курорттық аймақта 30 шақырымға жуық жолға асфальт төселеді, 13,5 ша­­­қырым электр желісі және 52 километрге жуық су құбыры са­лынады. Жазғы маусымның ашылуына дейін Әулие бұлақ, Қоңыр әулие үңгірі аумақтарын абаттандыру жұмыстары бас­талды. Торайғыр ауылынан көл жағажайына және Қоңыр әулие үңгіріне дейін жол салынуда.

Бұл енді әдеттегідей, жыл сайын естіп жүрген жоспарлар болғандықтан, таңырқаған жоқ­пыз. Баянауылдың туризмі онсыз да толып жатқан жоба-жос­­парларға тәуелді. Облыс әкім­дері ауысқанда қыруар қаражат жұм­салған жоба-жоспарлар да өзгеретіні белгілі.

Күмәнді жобалар жайында газе­тімізде біз де жаздық. Қа­зір бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовтың қысқы туризм ай­мағын жаса­мақ­шы болған Мыр­­за­шоқы жобасы арнайы сертификаттаудан өтпеген шағын аэродром мәселесімен құқық қорғау орындары айналысуда.

Әрине біз мақала жазу бары­сында Баянауылдың туриз­мін түкке алғысыз еткіміз келіп отыр­ған жоқ. Керісінше, кемші­ліктер жақсы істермен жалғасып, жарасым тапса жөн болар еді.

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы

Бөлісу:
Баянауылдың туризмі – табиғатын сақтаумен маңызды · Egemen Qazaqstan