Жарнама
 
Бизнес
2 мин оқу 271

Бизнеске бөгет жоқ

<p style="text-align: justify;">Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтің және &laquo;Даму&raquo; кәсіпкерлікті дамыту қоры&raquo; АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында бизнесті карантин кезіндегі дамыту және қолдау нәтижелері айтылды.</p>

Бизнеске бөгет жоқ

Әлемдік экономика дамуының қазіргі кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау тұрақты жұмыс орындарын құру мен экономика өсімінің негізі саналады. Бұл халықтың әл-ауқатының көтерілуіне мультипликативті әсер ететіні белгілі.

– COVID-19 пандемиясы ке­зеңінде халыққа кесел жұқты­рудың алдын алу үшін көптеген жұ­мыс істелуде. Соның ішінде Қазақстандағы ШОБ субъектілері үшін де бірқатар шектеу шаралары бекітілгені көпке аян. Бүгінде оларды қолдау мақсатында Үкі­мет дағдарысқа қарсы бірқатар ша­раларды ұсынды. ШОБ-тың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында мемлекеттік бағдар­ламалардың шарттары өзгертілді, – деді Ш.Ахметов.

Оның айтуынша, кәсібін енді бастаған тұлғаларға да арнайы жеңілдіктер қарастырылуда. Банк­тер несие күнтізбесін ұзарт­ты, енді салық бойынша да кедер­гілер болмайды.

Мәселен, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында «Даму» қоры несие сомасы 239 млрд теңге болатын 6,8 мың жобаға қол­дау көрсеткен. Қолдаудың ең қажетті құралдарының бірі – сыйақы мөлшерлемесін субсидия­лау. Бұл құрал бойынша көмекті кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ала алады. Осы кезеңде жалпы сомасы 3 трлн теңге болатын 16 мыңнан астам жоба жүзеге асқан.

Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер кәсіпкерлердің жұмысы ілгерілеу үшін барынша қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

– «Даму» қоры төтенше жағ­дай режімі кезінде және карантин енгізілген сәттен бастап қазақстандық бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуден тынбады. 16 наурыздан бастап қор жалпы сомасы 101 млрд теңге болатын 1 294 жобаға субсидия және кепілдік берді, – деді Ф.Сәрсекеев.

Мұнымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру аясында және ТЖ кезіндегі шешім қабылдау процесін оңтайландыру мақсатында «Даму» қоры ШОБ несиелерін қайта құрылымдауға қатысты өзгерістерді мақұлдау­дың оңайлатылған түріне көшіп, жоба қарау мерзімін 5-тен 1 күнге дейін қысқартқан. 16 наурыздан 25 мамыр аралығында қор жаңа жобалармен қатар, жалпы сомасы 467 млрд теңге болатын 6 091 жобаны қарап, қайта құрылымдауды ұсынып отыр.

Кәсіпкерлерді қамту аясын кеңейту үшін «Даму» қоры «Al Hilal» банкі мен «Қазақстан Ид­жара» компаниясына жалпы со­масы 10,5 млрд теңге болатын қаражат салуға келісім жасаған. Бұл қаржы кәсіпкерлерге «Мурабаха» ислам қаржыландыру қағидаттары шарты бойынша беріледі.

Бөлісу:
Бизнеске бөгет жоқ · Egemen Qazaqstan