Таным
4 мин оқу 934

Ұлттық құндылықтар кепілі

<p style="text-align: justify;">Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап бүгінге дейін болған өміршең өзгерістердің барлығы да Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келе жатыр. Өйткені Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қарқынды дамуының негізі &ndash; биыл қабылданғанына 25 жыл толып отырған еліміздің Конституциясы. Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы мен мемлекетіміздің саяси тұрақтылығының да алтын арқауы &ndash; Ата Заңымыз. Бұл басты құжат еліміздегі орнықтылықтың, халқымыздың ырысты ынтымағының кепілі. Сондықтан Ата Заңның әрбір тарауы, әрбір бабы, әрбір тармағы біз үшін аса қадірлі де қастерлі.</p>

Ұлттық құндылықтар кепілі

Қолданыстағы Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздік алған жыл­дарынан бергі аралықта өмір­дің талап тілегіне орай, сынаптай сырғыған уақыттың сұраныс­тарын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жетілдірілді.

Ата Заң біздің ұлттық құн­ды­лық­тарымыздың, рухани кодымыздың, діліміздің берік қорғаны және негізгі кепілі.

Еліміздің Негізгі Заңы­ның алғашқы бабында «Мемлеке­тіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені айтыла отырып, мемлекет­тік биліктің бірден-бір бастауы – халық болып саналатынына баса назар аударылды. Консти­­туциямыздың ІІ-бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Онда адамға қажетті рухани игі­ліктерге айрықша мән берілген.

Ұлттық құндылықтары­мыз­дың ендігі маңызды саласы – дін. Оның белгілі бір халықтың, ұлттың өмірінде үлкен рухани-идеоло­гиялық рөл атқаратыны еш дә­лел­деуді қажет етпейтін жайт. Бұл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында реттеледі. 6 тарау, 25 бап­тан тұратын аталған заң Ата Заң­нан туындап отырғаны мәлім. Діни сенім-нанымға байланысты мәселелер Конституциямыздың бірнеше (19, 22) бабында айрық­ша аталған. Оларда – әркімнің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға хақылығы, кез келген адамның ар-ождан бостандығына құқы бар екені, оны жүзеге асыру жал­пыадамзаттық және азамат­тық құқықтар мен мемлекет ал­дындағы міндеттерге байланыс­ты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс екені ескерілген.

Рухани кодымыздың келесі бір сүбелі тармағы – ұлттық мә­де­ниетіміз. «Мәдениет ту­ра­­лы» заң 8 та­раудағы 40-бапта сараланып қарастырылған. Мұнда халқымыздың мәдени құндылықтары мен ұлттық мә­дени игіліктері, мәдени мұра­лар мен оларды сақтау, салт-дәстүр, тарихи-мәдени маңызы бар өнер жәдігерліктерін қор­ғау, қам­қорлық жасау мә­селе­лері жіліктеп берілген. Әри­не мұның да басты кепілі елі­міз­дің Ата Заңы. Өйткені Консти­ту­­цияның 37-бабында; «...Қа­зақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам­қор­лық жасауға, тарих пен мә­де­ни мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қор­ғауға міндетті», деп ерекше ес­кер­тілген болатын.

Осы аталған мәселелердің қатарында 38-баптағы Қазақ­стан азаматтарының табиғатты сақтауға және табиғат байлық­тарына ұқыпты қарауға міндетті деген қағиданы да ұлттық құн­дылықтар қатарында атап өтуді орынды деп білеміз. Себебі туған жер, оның әсем табиғаты, бүкіл – жерасты және жерүсті бай­лық­тары халықтың баға жет­пес игілігі әрі аса маңызды құн­­дылығы екенін еш уақытта ұмыт­пағанымыз жөн.

Еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны мемлекеттік және ұлт­тық құндылықтар ретінде Ата Заңның 9-бабында атап көрсе­тілген. Олардың сипатта­масы және пайдалану тәр­тібі Консти­туциялық заңмен белгіленген. Ал 34-баптағы екі тармақта әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдар құқық­тарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрмет­теуге, әркім Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Мемлекеттік рәміз­дерін құрметтеуге міндетті екен­дігі қадап айтылған. Бұл мәселеге де еліміздің әрбір азаматы ерекше мән бергені орынды.

Біздің бүгінгі егемен еліміздің негізгі құндылықтарының бірі – отбасы. Ол мемлекеттің шағын бөлшегі іспетті. «Отан – отбасынан басталады», деген аталарымыз. Сондықтан бұл жайт Қазақстан Республикасының Конституциясында арнайы баппен қорғалған. 3 тармақтан тұ­ратын 27-бапта көрсетілгендей, неке мен отбасы, ана мен әке мем­лекеттің қорғауында болатыны, балаларға қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені, кәмелетке толған, еңбекке қабі­летті балаларға еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеттелетіні тайға таңба басқандай жазылған.

Әрбір елдің, әрбір халықтың, кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі, табысты болуы білім мен ғылымға тікелей байланыс­ты екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де бұл салаларды ру­хани игіліктердің, ұлттық құнды­лық­тардың қатарында атаға­нымыз жөн. Қоғамдық өмірдің атал­ған екі саласына екі бірдей заң ар­налған. Оқу-білім саласы – «Қа­зақстан Республикасының Білім туралы» заңымен реттеледі. Ол 12 тарау, 68 баптан тұрады. Ал «Ғылым туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңы (5 тарау, 22 баптан тұрады) ғылым және ғылыми-техникалық саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Бұл екі заңның да іске асырылуына Ата Заңымыздың тиісті баптарында кепілдіктер берілген.

Осы ретте аталған екі маңыз­ды мәселеге де ел Прези­денті Жол­дауының «Әлеуметтік жаң­ғы­рудың жаңа кезеңі» атты IV та­рауында баса назар ауда­рыл­ған.

Жиыны ІХ бөлім, 98 баптан тұратын Қазақстанның Ата Заңы – «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық ке­ңес», «Соттар және сот төре­лігі», «Жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару», сон­дай-ақ қорытынды мен өт­пелі ережелерді қамтыған аса маңызды тарихи мәні бар құжат. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Ата Заңға:

«... Конституция – конституциялық құрылыстың құндылықтары, институттары мен нормалары, әлеуметтік байланыстар мен мем­лекеттік биліктің қатынастарын мемлекеттік – құқықтық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғарғы құқықтық нысан. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды бел­гісі болып табылады», деген анықтама берілген. Олай болса, еліміз­дің әрбір азаматы, әрбір тұрғыны, Ата Заңымызды және одан туындайтын басқа да салалық заңнамаларды көз­дің қарашығындай сақтап, оны қадірлеп-қастерлеуі керек. Өйт­кені, мемлекетіміздің басты Заңы – Конституциямыз бүкіл қазақ­стандықтардың өмір сүруі мен өсіп-өркендеуінің, мемлеке­ті­міздің қарқынды дамуының бе­рік негізі, республика халқы­ның жарқын болашағының біре­гей кепілі, сонымен бірге тұ­ғыр­лы тә­уелсіздігіміздің те­мір­дей ті­ре­гі. Сон­дықтан мұны әр­қай­сы­мыз жа­дымызда ұстағаны­мыз абзал.

Ақмарал СМАНОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,

заң ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:
Ұлттық құндылықтар кепілі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар