Саясат
3 мин оқу 1,130

Ата Заң және қазақстандық патриотизм

<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев &laquo;Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан&raquo; атты мақаласында: &laquo;Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз&raquo;, деп атап өтті. Осы пайымдардың қазіргі жағдайда өзектілігі айрықша екені айқын. Ұлттық сананы сақтау мен жаңғырту қазақстандық патриотизм ұстанымын шынайы қалыптастыру мен оны нығайту мәселелерімен ұштасып жатқаны анық.</p>

Ата Заң және қазақстандық патриотизм

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құн­дылықтарының бірегейі. Сон­дықтан тәуелсіздігімізді күннен-күнге ны­ғайту, ұлттық мүддені күн­де­лік­ті қорғау, ана тілімізді тиесілі тұғы­рына қондыру, жетілген ұлт­тық ой-сананы қалыптастыру – аза­маттары­мыздың асыл парызы. Осы мақ­саттағы кезек күттірмес іс-шара­лардың бастысы – Отанымызда шы­найы патриотизмді қалыптастыру және оны жетілдіру. Аталған мақ­сат­тарды жүзеге асырудың негізгі де түйінді қағидаттары Қа­зақ­стан Респуб­ликасының Конститу­ция­сында толық қамтылған. Тек оларға жіті мән беріп, басшылыққа алып, талаптарын орындау керек.

Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясы тәуелсіз еліміздің құқық­тық актілерінің ішінде ең жоғар­ғы са­наттағы Негізгі Заңы болып та­бы­лады және Республика аума­ғында оның пәрменді күші тікелей қолда­­нылады. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен заңдылықтың орнығуы – еліміз­дің азаматтары мен мемлекеттік орган­дарының Ата Заңымыздың норма­ларын, талаптарын қалтқысыз орын­дауы – еліміздің одан әрі баян­ды да өрлеп жетілуінің басты шар­ты. Қазақстан қоға­мы­ның даму процесі Негізі Заңның қуатты жасампаздық әлеуетінен бастау алып жүзеге асады. Бірақ айта кетер жайт, Ата Заң нор­ма­ларының қағи­дат­тары мен талаптары әлі де болса то­лығымен жүзеге асы­рылмайды. Өйткені қоғам мүшелерінің бірқатары оларды әлі жіті зерделеп, терең ұғынып, басшылыққа алмаған. Оған дәлел ретінде өмір мы­салдары біршама кезігетіні аян.

Тәуелсіздік, патриотизм мен құ­қық­тық ұстаным егемен Қазақстанның дамуы мен нығаюының маңызды негіздері. Сондықтан қоғамымыздың әр мүшесінің бойында патриотизм сезімдерін қалыптастырып, оның деңгейін көтеру қазіргі жағ­дайда өте өзекті мәселе болып келе­ді. Елі­міздің идеологиясының бас­ты тұт­қасы – тәуелсіз даму жолы­нан таймай алға басу болып санала­ды. Сон­дық­тан Негізгі Заңның қағи­дат­тары­ның маңызын насихаттау аза­мат­тар­дың отаншылдық, патриотизм ұста­­нымдарын қалыптастыруда өте маңыз­ды. Ата Заңымыздың құқық­тық нор­­маларын терең білу, жете түсі­ну қо­ғам мүшелерінің Отанға деген сүйіс­пен­­шіліктерін, оны қорғауға бағыт­талған азаматтық борыштарын арттырады.

Бізге патриотизм ұғымының мәнін айқындау маңызды. Патриотизм – грек­тің «patris» сөзінен шыққан түсінік. Әуелгі мағынасы «отан, туған жер», қазір­гісі – отанға деген сүйіспеншілік, туаған жерге, халқыңа деген адалдық. Шы­найы патриот әрдайым елге шынайы сүйіспеншілік танытып, оның өткенін, бүгінгісін, келешегін зор мақ­таныш тұтып, жан-жақты көркейіп, гүлденіп дамуына қажымас адал еңбегін арнайды. Патриоттық талпы­ныстың басты мақсаты – елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын нығайту, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты орнықтыру, ұлттық мүддені қорғау.

Патриоттық іс-әрекеттердің қол­даныстағы заңдарда қамтылған елеулі сипаттарын атап өтсек, Ата Заңы­мыздың 36-бабында: «1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. 2. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», делінген. Сондықтан Отанды қорғау Қазақстан азаматтарының бірден-бір қасиетті борышы болып саналады.

Қазақстанның Негізгі  Заңы­ның 37-бабында «Қазақстан Респуб­ли­касының азаматтары тарихи және мә­дени мұралардың сақталуына қам­қор­лық жасауға, тарих пен мәдениет ескерт­кіштерін қорғауға міндетті», деп атап көрсетілген. Осыған орай қазақ­стандықтар үшін тарихи ескерткіш­терді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру азаматтық парыз болып саналады.

Ата Заңның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары таби­ғат­ты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті», делінген. Табиғатты қорғап, аялап, оны келешек ұрпаққа қалдыру – отансүйгіш патриот жанның тағы бір қыры.

Негізгі Заңымыздың 34-бабында азаматтардың бірден-бір патриоттық іс-әрекеттерінің жағымды сипаты ретінде, орындауға міндет мынадай маңызды талаптар қамтылған: «1. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақ­тауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. 2. Әр­кім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті».

Қазақстан Республикасының мем­лекеттiк рәміздері ретінде танылатын Туы, Елтаңбасы және Гимнi Консти­туциялық заңмен айқындалған. Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік рә­міздерін құрметтеуге ұрпақты тия­нақты түрде тәрбиелеу, сондай-ақ олар­дың мәні мен маңызын терең түсіндіру отансүйгіштікті, қазақстандық пат­рио­тизмді қалыптастыратыны сөзсіз.

Нақыпбек САДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-публицист

Бөлісу:
Ата Заң және қазақстандық патриотизм · Egemen Qazaqstan